Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңгерлері Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған жаңа оқу құралын әзірлеп, таныстырды.
Кітаптың тұсаукесері Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында өтіп, ол 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумға орайластырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Авторлар жаңа Конституция әр азаматтың құқығы мен бостандығына, сондай-ақ өмір сүру сапасына тікелей қатысты екенін атап өтті. Сондықтан оның ережелерін мамандар ғана емес, бүкіл қоғам білуі керек дейді.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, жаңа оқу құралы қалың жұртшылыққа арналған.
«Бұған дейінгілері көбіне судьялар, заңгерлер мен ғылыми қауымдастық сияқты кәсіби ортаға бағытталатын. Қазіргі құралдың мақсаты – қолданыстағы нормаларды, жаңа ережелер мен олардың құқықтық салдарын қарапайым әрі түсінікті тілде халыққа жеткізу. Жаңа нормалар ерекше белгіленіп, олардың негіздемелері қатар берілген», – деді профессор.
Көлемі 200 беттен тұратын оқу құралында қолданыстағы Конституцияның 80 пайыздан астамы жаңартылатынын барынша түсінікті етіп жеткізген. 80 пайыздан асса - жаңа конституция деуге де болады. Бұл құжат азаматтарға референдумға белсене қатысып, өзгерістің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Алматыда жаңа конституция жобасын түсіндіретін оқу құралының электронды нұсқасы шығады
Өңірлік коммуникациялар қызметінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңгерлері жаңа конституцияның жобасын түсіндіруге арналған оқу құралының электронды нұсқасы дайындалып жатқанын айтты.
ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Уәлихан Ахатовтың айтуынша, оны цифрлық форматты шығару жаңа конституцияның жобасын азаматтарға түсіндіруге көмектеспекші.
«Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз, сондықтан оқу құралын электронды форматта да шығарамыз. Оны университеттің ресми сайтына орналастырып, ақпарат құралдары арқылы таратамыз», – дейді спикер.
Оның сөзінше, электронды нұсқа аудиторияны едәуір кеңейтіп, Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелеріне қатысты түсіндірулердің қолжетімділігін арттырады. Атап айтқанда, нормалардың логикасы, оларды қабылдау себептері мен жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыратын институционалдық өзгерістердің ерекшеліктері қамтылады.
Университет өкілдері сондай-ақ ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен жағдайда оқу құралының электронды нұсқасы толықтырылып, жаңартылып отыратынын, ал Жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Еске салайық, ҚазҰУ заңгерлері университет ғалымдары әзірлеген, азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқу құралын бұған дейін Өңірлік коммуникациялар қызметінде таныстырған.