Бұл адамдар екі айға қамалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР жүк вагоны паркінің ірі операторы саналатын «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының лауазымды тұлғаларын пара алды деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Агенттіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тұрақты түрде пара алудың белгіленген схемасына филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары қатысқан.
«Қоғамның және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, кейбір жағдайларда осындай тапшылықты жасанды түрде жасай отырып, проблемаларды шешудің орнына, осы жағдайды өздерінің пайдакүнемдік мақсатына пайдаланып, яғни жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды», - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ақша қаражаттары лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының карт-шоттарына аударылып отырған.
Ведомство өкілдері таратқан ақпаратқа сүйенсек, акционерлік қоғамның Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелеріне жұмсаған.
Қоғамның Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деген күдікке ілінгені белгілі болды.
«Бұл адамдардың барлығы ұсталып, тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алынды. Сондай-ақ ақшалай қаражатты заңсыз алуда Қызылорда филиалының басшысы мен акционерлік қоғамның орталық аппаратының бірқатар қызметкері әшкереленді», - деп мәлімдеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
Агенттік осы қылмыс бойынша басқа лауазымды тұлғалар тексеріліп жатқанын хабарлады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпарат жариялауға жатпайды.