Қазіргі уақытта Қазақстанның су шаруашылығы объектілеріндегі жағдай тұрақты. Барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жайық-Каспий және Тобыл-Торғай су шаруашылығы бассейндерінде (Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары) көктемгі тасқын кезеңі аяқталды.

9 сәуірден бастап Ертіс өзенінің экожүйесін сақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасынан экологиялық мақсаттағы су жіберу жұмыстары басталды. Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймаларына су жинау жалғастырылып, суару кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.

«Елді мекендерді су басудың жекелеген жағдайлары негізінен гидротехникалық құрылыстардың жұмысына емес, бедердің жергілікті ерекшеліктеріне және егістіктерден судың келуіне байланысты болды. Жалпы, министрлік қабылдаған шаралар тәуекелдерді азайтуға және су шаруашылығы объектілері арқылы тасқын судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биылғы су тасқынының ерекшелігі – топырақтың қату тереңдігінің төмен болуы. Соның арқасында еріген қар суы жерге жақсы сіңіп, жерүсті ағынының көлемін азайтып, су тасқыны қаупін төмендетті. Ал былтыр керісінше, топырақ терең қатқандықтан, еріген су жерге сіңбей, үстіңгі ағын көлемі көп болған», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында.