Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «Londian Wason New Energy Tech Inc.» компаниясының бас директоры Чжоу Гуанлиньмен және «NAIKAN Ltd.» компаниясының басшысы Александр Нигаймен кездесу өткізді.
Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, озық шетелдік технологияларды тарту және қосылған құны жоғары өндірістерді құру мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар қазақстандық катодты мысты негізге ала отырып, мыс фольгасын өндіретін зауыт салу жобасын қарастырды. Мыс өнімдері аккумуляторлар, энергия жинақтау жүйелері мен заманауи микроэлектрондық жабдықтар өндірісінде жоғары сұранысқа ие. Отандық өндірістегі мыс фольгасын Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасы аясында пайдалануға болады.
Келіссөз барысында отандық катодты мысты пайдалану, қазақстандық техникалық кадрларды даярлау, өндірілетін өнімді халықаралық нарықтарға шығару мәселелеріне ерекше мән берілді.
Вице-премьер Қазақстан Үкіметі шикізаттық модельден терең өңделген өнім өндіруге көшу бағытын қолдайтынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша «NAIKAN Ltd.» және «Londian Wason» компанияларының басшылары Қазақстанда зауыт салу жобасын әріптестік негізде бірлесіп жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды.



