Бірінші. Осы кезге дейін елімізде бірнеше идеологиялық саясат жасақтау әрекеттері болғаны белгілі. Олардың барлығын тізбектеудің қажеті жоқ. Бірақ олардың шынайы өмірдің өзегіне айнала алмауына бірнеше себеп бар: посткеңестік инерция, қоғамның этнодемографиялық құрылымы, Қазақстан қоғамы мен оның аймақтарының әркелкілігі, идеологиялық нарративтердің ала-құлалығы, идеология мен шынайы өмір, сөз бен іс арасындағы алшақтық, тағысын тағы.
Мысалы, ұзақ жылдар бойы байлықты, бай атаулыны жамандықтың синонимі деп түсінген қоғам ішінде нарық туралы кереғар пікірлер қалыптасты. Бұның сарқыншақтарын әлі күнге дейін көріп келеміз. Тағы бір мысал: кеңес заманын таза, пәк кезең деген жалған нарратив кең тараған. Ал шындығында біздегі қылмыс, жемқорлық, парақорлық – барлығы кеңестік кезеңнен басталып, жалғасып, үдей түскен құбылыстар.
Тағы бір өзекті мәселе – қазақ әдебиеті мен мәдениетінде кеңес кезеңінде қолдан жасалған «ауыл» мен «қала» арасындағы қақтығыс. Бұл – үлкен идеологиялық қателік. Ауыл мен қаланы бір-біріне қарсы қою орнына, олардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету маңызды.
Екінші. Кейінгі жылдары зиялы ортада, ел ішінде, баспасөз бетінде, әлеуметтік желілерде «Қазақстанға жаңа мемлекеттік идеология қажет» деген пікірлер жиі айтыла бастады. Бұл – ел тарихының жаңа бір сапалы кезеңге, тарихи дәуірге аяқ басқанының белгісі. Идеологияға деген сұраныс, жаңа идеологияны талап ету белгілі бір тарихи кезеңнің аяқталғанын білдіреді.
Осы себепті көпшіліктің талабын ескере отырып, Президент кейінгі үш жылда айқындаған, қоғамдық талқыдан өткен идеологемалар мен құндылықтарды топтастырып, кемі 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Ішкі саясат доктринасы немесе тұжырымдамасы қабылдануы қажет.
Үшінші. Идеология – саясат пен мәдениетті жалғайтын өмірлік өзек. Мемлекет басшысының бастауымен біраз жұмыс жасалды. Соның бірі – елімізде жүзеге асқан архивтік революция. Президент құрған мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен 700 мыңнан аса НКВД-КГБ органдарының құжаттары мен істері құпиясыздандырылды. Бұл – тәуелсіз тарихымызды қайта зерделеуге жасалған маңызды қадам. Сонымен қатар, Қазақстан тарихының көптомдық академиялық зерттеулері жазылып жатыр, ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрмек.
Осы бағытта «Қазақстанның саяси ой тарихы», «Қазақстанның құқықтық тарихы», «Қазақстандағы экономикалық ой тарихы», «Қазақстан философиясы» сияқты кешенді еңбектер дайындалуы тиіс. Мұндай жұмыстар қазақтың жаңа заман идеологиясын қалыптастыруға септігін тигізеді.
Төртінші. Еліміздің жаңа идеологиясы өмір шындығынан, ұлттың тарихи тәжірибесінен, саяси мұраты мен экономикалық мүддесінен, әлеуметтік құндылықтарынан туындауы қажет. Басты мақсат – қазақ ұлты мен мемлекетінің тәуелсіздігін сақтау.
Заң мен тәртіптің баршаға ортақ қағидатқа айналуы. Қазақстанның барлық салада өзін қорғауға, жері мен руханиятын сақтауға дайындығы. Ел азаматтарының шынайы отаншылдығы, ел мен жерге деген жанашырлығы. Қоғамды ұйытатын құндылықтар салтанат құруы тиіс. Саясаттың басты міндеті – осы алғышарттарды жүзеге асыру.
Бесінші. Жаңа идеологиялық үштаған. Конституционализм. Институционализм. Конвенциализм.
Конституция және қоғам. Президенттік реформалар аясында конституциялық референдум өтіп, қоғам тарапынан қолдау тапты. Конституциялық сот жұмысы қайта жанданды. Қазақ құқығы мен құқықтық жүйесі ұлттық мүдде мен тарихи тәжірибеге сай болуы тиіс.
Институттық жүйе. Жаңа идеология ең алдымен мемлекеттік конституциялық институттардың белсенді жұмысына негізделуі керек. Мәселен, жергілікті мәслихаттардың рөлін күшейту, мемлекеттік органдардың нақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды.
Конвенциализм. Қоғамда қайшылықтар әрдайым болады, бірақ оларды тиімді шешу мәдениеті қалыптасуы тиіс. Идеологиялық дуализмнен арылу қажет. Мемлекетті жау санау, мемлекеттік саясатты қазаққа қарсы деп қарау, тарихи пессимизм, нигилизм сияқты ұстанымдардан арылып, мемлекетке сенім артуымыз қажет.
Жаңа кезеңдегі қазақ мемлекетінің идеологиясы қазақ руханияты мен тарихынан бастау алып, ұлттық және мемлекеттік құндылықтарға негізделуі тиіс. Қоғамдық және саяси күштер осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек.
Қазақстанға жаңа идеологиялық тұғырнама қажет. Бұл тұғырнама ұлттық бірегейлікті нығайтып, мемлекеттілікті күшейтуге бағытталуы тиіс. Жаңа идеология тек билік үшін емес, қоғамның барлық саласы үшін өмірлік өзекке айналуы керек. Әділетті мемлекет, тұрақты экономика, мықты ұлттық сана, саяси тұрақтылық – осының барлығы жаңа идеологиялық жүйенің негізіне айналуы шарт. Мемлекет пен қоғамның өзара сенімі, диалог мәдениеті, заң үстемдігі – Қазақстанның болашағы үшін маңызды бағыттар. Бұл идеологиялық бағдар ұлттық руханият пен заманауи талаптарға сай дамып, жаңа ұрпақтың санасында берік орнығуы тиіс.