10%-дық өтемақыны алу үшін жыл соңына дейін өтініш беру қажет.
Қазақстанда 5 миллионнан астам салымшы теңгедегі депозиттер бойынша 10 пайыздық өтемақы ала алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Қазақстандық банктер жеке тұлғалардың 2022 жылғы 23 ақпанды қоса алғанда ашылған теңгедегі депозиттері бойынша 10% өтемақы (сыйлықақы) төлеуге өтінім қабылдауды жалғастырып жатыр.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ақпаратынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 5 миллионнан астам салымшының депозитіне өтемақы беріледі. Оның ішінде салымшылардың 97%-інде депозит мөлшері –5 млн теңгеге дейін, басым бөлігі (86%) 1 млн теңгеге дейінгі депозитті құрайды.
«Біз салымшыларды өтемақы алу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Егер сізде 2022 жылдың 23 ақпанына дейін депозит ашылған болса, сіздің бұл сыйлықақыны алуға құқығыңыз бар. Өтемақы алу үшін депозиттің шекті сомасы 20 млн теңге болғанымен, статистика көрсеткендей, өтемақыға, негізінен, 1 млн теңгеге дейінгі депозиттер ілігіп жатыр», - деді ҚДКБҚ төрағасы Әділ Өтембаев.
Өтемақы алу үшін салымшы 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін өтініш беру арқылы келісімін растауы керек. Кейбір банктерде төлемге онлайн өтініш беру мүмкіндігі бар.
Банктер өтемақының өзін 2023 жылдың 23 ақпанынан кейін аудара бастайды.
Айта кетері, өтемақы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ білім беру жинақтау салымдары мен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі депозиттерге беріледі.