Жаз - демалыс пен саяхатқа шығудың ең қызған шағы. Соңғы жылдары қазақстандықтар шетелге жиі сапарлайтын болды. Ал демалыс бағытын таңдау кезінде визасыз елдер, баға,қауіпсіздік және ұшақ рейстерінің қолжетімділігі негізгі рөл атқарады. Биылғы жазда қазақстандықтар шетелге демалу үшін жылы, жағажайы бар, визасыз және баға тұрғысынан қолайлы елдерге көбірек бет бұрып отыр. Aqshamnews.kz тілшісі ел тұрғындарының саяхат үшін қандай елдерді таңдайтынын анықтап көрді.
Туристік агенттік менеджері Жанель Серікованың мәліметінше, биыл ең танымал бағыттар мыналар:
Түркия — тұрақты фаворит
Бағыттар: Анталия, Алания, Бодрум
Не үшін таңдайды:
- Барлығы қосылған (All inclusive) жүйесі
- Тікелей чартерлік рейстер
- Қызмет көрсету сапасы жоғары
Бағасы (1 адамға): 300 000 – 600 000 ₸
Маусымы: Шілде–тамыз — ең белсенді кезең
Коллаж: ЖИ
БАӘ — люкс пен шопингті ұнататындар үшін
Бағыттар: Дубай, Шарджа, Фуджейра
Не үшін таңдайды:
- Шопинг пен заманауи инфрақұрылым
- Әуебилеттердің әртүрлілігі
Бағасы: 150 000 – 700 000 ₸
Жаз ыстық болса да, демалушылар азаймаған
Сурет: ЖИ, коллаж
Грузия — визасыз, тыныш әрі қолжетімді
Не үшін таңдайды:
- Табиғаты көркем
- 1 жылға дейін визасыз кіруге болады
- Таулы аймақтар мен тарихи орындар көп
Бағасы: 250 000 – 500 000 ₸
Сурет: experience.tripster.ru
Оңтүстік-Шығыс Азия — жаздың жаңа тренді
Бағыттар: Вьетнам, Таиланд, Малайзия
Не үшін таңдайды:
- Бұрын бұл бағыттарды ел түрғындары қысқы маусымда таңдайтын, қазір жазда да сұраныс жоғары
- Вьетнам - биыл қазақстандықтар жиі баратын елдердің бірі.
Бағалар:
- Вьетнам (Дананг, Нячанг): 350 000 – 750 000 ₸
- Таиланд: 500 000 – 800 000 ₸
Сурет: ЖИ, коллаж
Еуропа — виза мен бағаға байланысты шектеулер көп
Туризм саласының мамандарының айтуынша, ел тұрғындары көбіне Италия, Франция, Германияға баруды жөн көреді екен.
Кедергілер:
- Визалық талаптар
- Ұшақ билеттері мен өмір сүру бағасы жоғары
Барам деушілер көп болғанымен, нақты баратындар саны аздау.
Соңғы жылдары визасыз елдерге сұраныс артып отыр
Қазақстан азаматтары үшін 39 елге визасыз кіруге рұқсат бар. Оның ішінде:
- 1 жылға дейін: Грузия
- 90 күнге дейін: Түркия, Ресей, Украина, Моңғолия, Сербия
- 60 күнге дейін: Таиланд
- 30 күнге дейін: Вьетнам, Катар, Малайзия, БАӘ, Мальдив, Куба
- Жазда визасыз: Черногория
Ескерте кететіні, кейбір елдерде (мысалы, Таиланд) кіру үшін алдын ала онлайн тіркеу немесе QR-код қажет болуы мүмкін.
Турпакетке не кіреді?
Әдетте тур бағасына мыналар кіреді:
- Ұшақ билеті (чартерлік немесе тұрақты рейс)
- Қонақүй (3–5 жұлдыз)
- Тамақтану түрі (BB – таңғы ас, AI – бәрі қосылған)
- Аэропорттан қонақүйге трансфер
- Медициналық сақтандыру
Сет-джеттинг немесе кинотуризм
Шетелге шығатын кейбір туристер сет-джеттинг тренді немесе кинотуризм бойынша сапарға шыққанды жөн көреді. Сет-джеттинг дегеніміз - бұл кино немесе телехикаялар түсірілген нақты орындарға барып көру үшін жасалатын саяхат түрі. Яғни, саяхатшылар фильмдер мен сериалдардағы локацияларға арнайы барады. Туризм саласындағы жас маман Жанель Серікова бұл бағыт бойынша бірнеше мысалдарды келтірді:
1. Жаңа Зеландия «Властелин колец», «Кольца власти»
Хоббитон, Мордор, Эдорас сияқты локациялар нағыз фанаттар үшін
2. АҚШ Disney & Marvel- «Холодное сердце», «Человек-паук», «Железный человек»
Орландо мен Калифорниядағы Disney World пен Universal Studios бәрінің арманы. Әрбір фильмге арналған парк зоналары бар.
3. Оңтүстік Корея «Игра в кальмара», «Аварийная посадка любви», «Цветочки после ягодок» «Алые сердца Корё» K-драмалар арқылы Сеул мен басқа да аймақтарда қызық көп.
4. Ұлыбритания (Шотландия мен Солтүстік Ирландия) «Игра престолов», «Девочки из Дерри», «Чужестранка»
Туристер сериал түсірілген сарайлар мен табиғи жерлерге арнайы барады.
5. Малайзия «Веном», «Безумно богатые азиаты», «Громовержцы»
Бұл фильмдерден кейін елге Marvel фанаттары жиі келе бастаған.
8. Франция (Париж) «Эмили в Париже»
Парижге барғысы келетін жастар саны артқан. Әсіресе Instagram-контент үшін арнайы сапарлайтындар да бар екен.
Туристер қазір Эйфель мұнарасын көру үшін емес, енді француз асханасын, кафелерді, мишлендік мейрамханаларға барып көру және “Рататуй” фильмі үшін іздейді.
9. Жапонияға негізінен аниме туындылары үшін барады
10. Түркияға да атақты "Великолепный век" фильмінің атмосферасына ену үшін, сол Сарайды көру үшін Стамбулға барады. “Черная любовь” ,“Постучись в мою дверь”, “Чукур” сериалдары түсірілген жерлерге баратын туристер де көп.
Бір ескере кететіні, қазақстандық туристер арасында Өзбекстан астанасы - Ташкентке бару үрдісі де белең алған. Олардың көбі бұл сапарларын медицина қызметінің қолжетімділігімен, арзандығымен байланыстырады.
Шетелге шыққанда медициналық сақтандыру маңызды
Туристік агенттіктер өкілдерінің айтуынша, қазақстандықтар шетелге сапар шеккенде медициналық сақтандыруға жеткілікті мән бермей жатады. Алматыдағы туристік агенттіктің иесі Балқаш Берікұлы бұл мәселеге байыппен қарау керектігін ескертеді.
«Қазір сақтандыру негізінен стандартты түрде рәсімделеді. Ол туристің өз қауіпсіздігі үшін маңызды. Себебі Құдай сақтасын, шетелде күтпеген жағдай болса, медициналық қызмет өте қымбатқа түседі. Ал стандартты сақтандыру қонақүй аумағында ғана жарамды. Егер адам экскурсияға не теңізге шығып кетсе, бұл сақтандыру көмектеспеуі мүмкін», – дейді ол.
Берікұлының айтуынша, өз тәжірибесінде шетелде жүрген бір турист қонақүй аумағынан тыс жерде жүріп қолын сындырып алған. Нәтижесінде гипс салдыру үшін өз қалтасынан 3 000 доллар төлеуге тура келген.
Сондықтан егер демалыс барысында оқыс жағдай орын алуы мүмкін деген қауіп бар болса, кеңейтілген медициналық сақтандыру полисін алдын ала рәсімдеген жөн. Бұл күтпеген шығыннан қорғайды және демалысты алаңсыз өткізуге көмектеседі.
Айта кетейік, бүгінде шетелге шығу үшін вакцина паспортын талап ететін елдер жоқ.
Ішкі туризм де сұранысқа ие
Ел ішінде де жыл өткен сайын туризм саласы жақсы дамып келеді. Шетелге шықпай-ақ демалғысы келетіндер үшін Қазақстанның табиғаты да тамсандырмай қоймайды. Әсіресе, Алакөл мен Көлсай секілді табиғи аймақтар жазғы демалыс үшін ерекше сұранысқа ие бағыттар.
- Алакөл — отбасылық демалысқа қолайлы
- Көлсай көлдері — жаяу маршрут пен табиғат сүйер қауым үшін
- Балқаш — суға шомылу маусымында сұраныс жоғары болады
- Бурабай — қысқа сапарға тиімді бағыт
Қазір халық арасында 3 күндік турлар жақсы танылып келеді. Мәселен, Алматыдан тікелей Көлсайға апаратын туристік турлардың түрлері көп. Бір күндік саяхаттың құны 13000 теңгеден басталса, жатын орны, ішетін тамағы қарастырылған екі күндік турлар 27000 теңгеден басталады. Бұл бағаға екі күн ішінде Көлсай көлдерін, Қайыңды және Алматы облысындағы Шарын шатқалын көріп, аралап, естен кетпес демалыс ұйымдастыра аласыз.

Алакөл - Қазақстанның жазғы туризміндегі ең танымал аймақтың бірі. Емдік қасиетімен танылған бұл көлге жазда демалушылар ағылып келеді. Әсіресе, көлдің Жетісу облысындағы жағалауы — Ақши мен Көктұма ауылдары демалыс үшін сұранысқа ие. 2025 жылы бұл бағыттағы демалыс орындарындағы қонақүйлері бір түнеп шығу бағасы 16000 теңгеден басталады. Отбасымен баратындар үшін тиімді бағадағы пансионаттар да бар. Олардың құны 11000-14000 теңгеден басталады.
Қазақстандағы танымал демалыс бағыттарының бірі – Бурабай. Бұл да табиғаты көркем, қызмет көрсету деңгейі жылдан-жылға жақсарып келе жатқан аймақтың бірі. Бағалар да әркімнің мүмкіндігіне қарай әртүрлі.

Сурет: Әспет Дулатбекова
Қолжетімді нұсқа:
Қонақүй бағасы (3 рет түнеу) – 42 000 ₸ екі адамға
Жайлылыққа мән беретін туристер үшін комфорт нұсқа:
Жоғары санатты қонақүйде бір тәулік (екі адамға): 250 000 ₸ / тәулік
Бұл бағаға: тұру, бассейн, фитнес, пилинг, СПА және 3 мезгіл тамақ кіреді.
Басқа 4 жұлдызды қонақүйлерде –150 000 – 200 000 ₸ аралығында демалуға болады.