Осы мақсатта арнайы жоба пилоттық режимде іске қосылды.
Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласындағы сапа мен ашықтықты бақылауды күшейту бойынша жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Бүгінгі таңда «Е-Qyrylys» бірыңғай құрылыс порталы енгізілген. Аталған жүйе өзекті мәліметтерді жедел жинау және бақылауды автоматтандыру арқылы ғимараттар, құрылыстар мен автомобиль жолдары құрылысының сапасын жоғарылатуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құрылыс саласы субъектілерімен өзара іс-қимылының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді»,- делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Құрылыс порталы ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтіп, өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Жүйе пилоттық режимде 83 автомобиль жолдары жобасы мен 80 тұрғын үй жобасында жүзеге асырылды. Бұған дейін порталдың мемлекеттік функцияларды жүргізу бойынша модульдері іске қосылды. Атап айтқанда, құрылыс тізілімдері жүктелді, тізілімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу рәсімі автоматтандырылды, техникалық қадағалау есептілігі электрондық форматқа ауыстырылды және сарапшыларды тестілеу автоматтандырылды.
Жалпы, портал барлық кезеңдердегі құрылыс процестерін онлайн-режимде бақылауға мүмкіндік береді.
«Е-Шаңырақ» жүйесі туралы айтар болсақ, жобаны іске асыру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша бюджеттік қаржыландырусыз жеке бастама бойынша жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 3 IT-компаниямен интеграция бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көзделген негізгі мақсат — үйді басқару жөніндегі нарықтық қосымшалардан, мемлекеттік деректер базаларынан және табиғи монополиялар субъектілерінің ақпараттық жүйелерінен алынған үлкен деректерді талдау есебінен басқарушылық шешімдер қабылдаудың тиімділігін арттыру.
Айта кетерлігі, портал тұрғын үй-коммуналдық секторында шашыраңқы жүйелерден ақпараттың орталықтандырылған шоғырлануын қамтамасыз етеді.