Тест-жүйелер жасалды
Қазақстандық ғалымдар ағаштарға зиян келтіретін қауіпті бактерияны анықтаудың жаңа жүйесін ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әңгіме ағаштардың ДНҚ-сында Erwinia amylovora бактериясын жоғары дәлдікпен анықтайтын тест-жүйелер туралы болып отыр. Бұл ретте отандық жүйе шетелдік аналогтардан бірнеше есе арзан және қазақстандық бағбандар үшін қолжетімді. Айта кетейік, Erwinia amylovora - жеміс ағаштарында бактериялық күйдіргіні тудыратын ерекше қауіпті қоздырғыш. Бактерия әсіресе алма мен алмұрт ағаштары үшін қауіпті және бар болғаны 2 маусымның ішінде бақшаның жаппай бүлінуіне әкелуі мүмкін. Бүгінгі күні бактериялық күйіктің таралып кеткен түрлеріне тиімді ем жоқ, тек ерте диагностикалау арқылы ғана оның алдын алуға болады. Ал енді әзірленген LAMP диагностикалық жүйесі жеміс ағаштарын сақтауға көмектеседі.
«Біз әзірлеген LAMP негізіндегі бактерияларды анықтаудың жаңа жүйесі қазіргі кезде қолданылатын классикалық ПТР-мен салыстырғанда 100-1000 есе сезімтал. Сезімталдықтан басқа, ПТР-дан айырмашылығы - LAMP технологиясы қолдануға ыңғайлы, дала жағдайларына оңай бейімделеді, сонымен қатар қымбат реагенттер мен жабдықтарды қажет етпейді. Салыстырмалы түрде бактериялық күйікті анықтауға арналған біздің тест-жүйеміздің бір сынама құны 6 000 теңге, ағылшын зертханасында 31 000 теңге, швейцариялық зертханада 57 000 теңге тұрады. Осы арзан тест-жүйелердің көмегімен әр бағбан ерте диагностикаға қол жеткізе алады. Егер үй бақшалары өздігінен қалып қойса, онда олар жабайы алма ағаштарын жұқтыру қауіпі бар. Ал біздің елімізде жабайы алма ағаштарының арасында дүниежүзілік мұра – Сиверс алма ағашы өседі, оны сақтау керек», - дейді ҚР БҒМ М.А. Айтхожин атындағы Молекулалық биология және биохимия институтының биологы Нұрбол Ғалиақпаров.
Қазіргі уақытта М.А. Айтхожин Молекулалық биология және биохимия институтының ғалымдары жабайы алма ағаштарында Erwinia amylovora бактериясын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп, бактериялық күйіктің т таралуын болдырмау, оның ішінде жаңа тест-жүйелерді пайдалану үшін практикалық ұсыныстар әзірлеп жатыр.