Қазақстанда жасанды интеллект зерттеулеріне маманданған алғашқы университет жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында Қазақстанның ғылым мен жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастығы және жасанды интеллектіні дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұлттық тіл модельдері әзірленді
Президенттің айтуынша, елімізде ұлттық тіл модельдері әзірленіп, осы салаға маманданған алғашқы университет жұмысын бастады.
Зерттеуші ғалымдар KazLLM және AlemLLM деп аталатын ұлттық тіл модельдерінің негізгі элементтерін жасап шығарған.
«Биыл қазан айында Qazaq AI Research University жұмысын бастады. Бұл – еліміздегі жасанды интеллект зерттеулеріне маманданған алғашқы білім ордасы», – деді Мемлекет басшысы.
AI-Sana бағдарламасы іске қосылды
Сонымен қатар студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын қалыптастыруға, технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және DeepTech-стартаптарды қолдауға бағытталған AI-Sana бағдарламасы іске қосылды.
Президент сондай-ақ OpenAI компаниясымен серіктестік нәтижесінде еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының оқытушылары ChatGPT Edu құралын еркін пайдалана алатынын атап өтті.
«Стэнфорд университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Беркли және Карнеги Меллон университеттеріндегі сарапшылардың қолдауымен студенттеріміз 22 мыңнан астам жобаны жасап шығарды. ЖИ-мен байланысты жүздеген шешім бизнес, денсаулық сақтау, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына енгізіліп жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ынтымақтастық нәтижелері
Мемлекет басшысы Satbayev Technical University мен Гонконг қалалық университеті арасындағы ынтымақтастықтың да нәтижелі болғанын айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерді өндіріске енгізу бастамасының маңызын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Президент Әуезов университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады