AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Экономика / Қазақстанда ЖИ-ді дамыту жағдайында кадр даярлау ж...

Қазақстанда ЖИ-ді дамыту жағдайында кадр даярлау жүйесінің жаңа моделі қалыптасуда

Экономика Бүгін 14:45 50
Қазақстанда ЖИ-ді дамыту жағдайында кадр даярлау жүйесінің жаңа моделі қалыптасуда
Primeminister.kz

18 жастан асқан азаматтарға бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша тегін мектеп Tomorrow School жұмыс істейді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) жаппай меңгеру жүйесі қалыптасып келеді. Ол әртүрлі жастағы және кәсіби топтарды – мектеп оқушылары мен студенттерден бастап мемлекеттік қызметшілерге, мамандарға және технологиялармен енді ғана танысып келе жатқан азаматтарға дейін қамтиды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жолдауларында берген тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде ЖИ-мен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгеруге, оны оқу процесінде және кәсіби қызметте қолдануға, сондай-ақ өз технологиялық шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік беретін білім беру бағдарламалары, орталықтар мен цифрлық платформалар құрылуда. Сонымен қатар ЖИ саласында мамандандырылған даярлау жүйесі қалыптасып келеді. Ол студенттерді тереңдетіп оқытудан бастап ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға дейінгі бағыттарды қамтиды.

ЖИ-дің қарқынды дамуын ескере отырып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі кадр даярлау жүйесін қайта құруда. Елімізде базалық ЖИ-сауаттылық пен технологияларды практикалық қолданудан бастап технологиялық кәсіпкерлікке, мамандандырылған даярлауға және ғылыми зерттеулерге дейінгі өзара сабақтас жүйе қалыптастырылуда.

Бұл тәсіл еңбек нарығындағы өзгерістермен тығыз байланысты. Халықаралық Quacquarelli Symonds аналитикалық агенттігімен бірлесіп жүргізілген зерттеуге сәйкес, мамандықтардың шамамен 70%-ы ЖИ-дің ықпалына ұшырайды, ал автоматтандыру әлеуеті 53% деп бағаланады. Осыған байланысты білім беру бағдарламалары жаңартылып, педагогтер мен студенттердің ЖИ құзыреттері дамытылуда, қайта даярлаудың икемді траекториялары енгізіліп, білім беру жүйесінің бизнес қажеттіліктерімен байланысы күшейтілуде.

Баршаға арналған тегін бағдарламалау және ЖИ мектептері өңірлерде кеңейтілуде

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енді меңгере бастаған азаматтар үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қолжетімді білім беру форматтарын іске қосуда. 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған тегін TUMO Astana орталығы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында жұмыс істейді. Оқыту 11 бағыт бойынша жүргізіледі. Оның ішінде бағдарламалау, робототехника, ойындар әзірлеу, веб-әзірлеу, 3D-модельдеу, анимация және генеративті ЖИ бар. Білім беру моделі өз бетінше оқуды, практикалық воркшоптар мен зертханалық сабақтарды қамтиды. Бүгінде орталыққа 4,4 мыңнан астам өтінім түскен, 2 376 оқушы білім алып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін қамтуды 5 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр.

18 жастан асқан азаматтарға бағдарламалау және жасанды интеллект бойынша тегін мектеп Tomorrow School жұмыс істейді. Мектепке бағдарламалау саласында алдын ала тәжірибесі жоқ азаматтар да қабылданады. Оқыту peer-to-peer қағидаты негізінде ұйымдастырылып, тәжірибелік жобаларға бағытталған. Негізгі оқу бағдарламасы 18 айға есептелген және 50-ден астам жобаны, мамандандыруды және үш айлық тағылымдаманы қамтиды. Іске қосылғаннан бері 24,3 мыңнан астам өтінім келіп түсті, іріктеу кезеңдеріне 2,1 мың адам қатысты. Қазіргі таңда 493 студент білім алуда, 57 студент IT саласына жұмысқа орналасты. 2026 жылы Tomorrow School желісін өңірлерге кеңейту жұмыстары басталды. Желі 14 өңірде ресми түрде іске қосылды. Оны одан әрі кеңейту жұмыстары бүкіл ел бойынша жалғасуда.

Осылайша, базалық оқыту деңгейі түрлі жас топтарын қамтиды: жасөспірімдер цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді тегін меңгеру мүмкіндігіне ие болса, ересектер, оның ішінде алдын ала даярлығы жоқ азаматтар, бағдарламалау және ЖИ-мен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік дағдыларды игере алады.

100 мыңнан астам студент AI-Sana-да тереңдетілген оқытудан өтті, 515 ЖИ-шешім бүгінде сынақтап өтіп, енгізілуде

Бұл жұмыстың негізгі құралдарының бірі – жасанды интеллект әсерінен қалыптасатын экономиканың, қоғамның және еңбек нарығының жаңа талаптарына жоғары білім беру мен кадрларды даярлау жүйесінің сәйкестігін қамтамасыз етуге арналған AI-Sana бағдарламасы.

Бүгінгі таңда бағдарламаның төрт кезеңінің екеуі аяқталды. Үшінші кезең 2026 жылдың қазан айында, төртінші кезең 2027 жылы басталады деп жоспарланған. Соңғы кезеңде 1,5 мың студенттік команданы MVP, яғни, минималды өміршең технологиялық өнімдерді әзірлеу деңгейіне шығару көзделіп отыр.

Жұмыс үш бағыт бойынша құрылған: студенттерге ЖИ-мен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгерту, салалық міндеттерге арналған нақты шешімдерді әзірлеу арқылы оқыту және ЖОО-лардың жұмысына AI-First қағидаттарын біртіндеп енгізе отырып, ЖИ-кәсіпкерлікті дамыту.

Бірінші кезең жаппай оқытуға бағытталды. Әртүрлі мамандықтар бойынша мыңдаған студентке Coursera, Huawei ICT Academy, Nvidia DLI, Astana Hub сияқты жетекші халықаралық платформалардағы білім беру бағдарламаларына қолжетімділік берілді. Сертификатталған оқу қорытындысы бойынша студенттер 703 мыңнан астам сертификат алды. Оқытушылар үшін OpenAI компаниясымен бірлесіп ChatGPT Edu енгізілуде. Оның көмегімен оқу материалдары әзірленіп, дербес білім беру үдерісі қалыптасып, күнделікті қайталанатын жұмыс жүктемесі азайтылады.

Екінші кезең алынған дағдыларды практикада қолдануға бағытталған. Осы мақсатта Стэнфорд университетінде тәжірибе жинақтаған мамандар әзірлеген білім беру платформасы пайдаланылды. Ал студенттермен жұмыс істеуге 63 халықаралық сарапшы, оның ішінде 20-ға жуық венчурлық қорлардың өкілдері тартылды.

Үшінші кезең аясында AI-Sana білім беру жобасының шеңберінен шығып, жоғары оқу орындарында жасанды интеллект пен технологиялық кәсіпкерлікті практикалық қолдану мәдениетін қалыптастырды. Студенттер жасанды интеллектіні кәсіби шеберлік ретінде ғана емес, сонымен қатар жеке шешімдерді, стартаптар мен компанияларды әзірлеу құралы ретінде пайдаланады. Еліміздің жоғары оқу орындарында хакатондар, форумдар, байқаулар мен кейс-чемпионаттар өткізіліп, ЖИ саласында зертханалар, кафедралар мен орталықтар ашылуда.

Мұндай тәсіл мамандарды даярлау қағидатын өзгертуде: жасанды интеллект инженерия, медицина, қаржы, энергетика, мемлекеттік басқару және басқа да салалардағы кәсіби міндеттерді шешудің құралына айналуда. Сонымен қатар AI-Sana стартап-экожүйесінде студенттердің ЖИ жобаларын дамытуға жағдай жасап, командаларға сараптамалық қолдау көрсетеді және халықаралық венчурлік қорларды қоса алғанда, әлеуетті инвесторларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

AI-Sana-ның келесі кезеңі – перспективалы студенттік әзірлемелерді Astana Hub және Alem.AI арқылы технологиялық стартаптар деңгейіне дейін дамыту. Бұл бағыттың операторы ретінде QazInnovations белгіленді.

ЖИ саласындағы жаңа университетте AI Research Hub үш зерттеу бағытын біріктіреді

Егер AI-Sana студенттер арасында жаппай ЖИ-құзыреттілік қалыптастырып, оларды қолданбалы мәселелерді шешу үшін қолдануға көмектесетін болса, онда келесі деңгей – мамандарды кәсіби деңгейде даярлау және жасанды интеллект саласында зерттеулер жүргізу. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Qazaq AI Research University құрылды, ол – ЖИ, Машиналық оқыту, цифрлық технологиялар, деректерді талдау және технологиялық кәсіпкерлік саласындағы мамандарды даярлауға, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді дамытуға бағытталған мамандандырылған оқу орны.

QAIRU білім беру моделі AI+X қағидаты бойынша ұйымдастырылған: жасанды интеллект инженерия, медицина, қаржы, энергетика, мемлекеттік басқару және басқа да бағыттар бойынша мамандарды даярлау үдерісінің бір бөлігіне айналады. Университет сонымен қатар білім беруді ғылыми зерттеулермен және халықаралық академиялық әрі технологиялық серіктестермен жұмысты ұштастырады.

Сонымен қатар QAIRU-да жасанды интеллектіні оқу процесінде, ғылыми зерттеулерде және университетті басқаруда кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Тиімді шешімдер алдағы уақытта еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында енгізіледі.

Университет ЖИ саласындағы даярлықты экономиканың нақты бағыттарымен ұштастыратын AI+X моделін сынақтан өткізу алаңына айналды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап университетте Artificial Intelligence and Machine Learning және Physical AI бакалавриат бағдарламалары, сондай-ақ қаржы, энергетика, медицина, мемлекеттік басқару және индустриялық жүйелер салаларындағы AI+X магистратура бағдарламалары іске қосылды.

Бүгінде университетте 525 адам білім алуда, оның ішінде:

- 388 бакалавриат студенті;

- 32 магистрант;

- ұлттық компаниялардың 105 қызметкері MBA AI+X бағдарламасы бойынша білім алуда.

Бакалавриат студенттерінің басым бөлігі – 294 адам – мемлекеттік грант негізінде білім алуда. Алдағы уақытта докторантура мен жаңа білім беру бағыттарын іске қосу жоспарланып отыр.

Huawei, Lenovo, Samsung, Google, Yalong Education және Unitree Robotics компанияларымен, сондай-ақ ұлттық компаниялармен серіктестік дамып келеді. Бұл ынтымақтастық салалардың нақты міндеттерін білім беру бағдарламаларына енгізуге бағытталған. Бизнес өкілдерімен бірлесіп салалық кейстер, корпоративтік бағдарламалар және ЖИ шешімдерді енгізуге арналған жобалар әзірленуде. Мұндай тәсіл салалардың нақты технологиялық міндеттеріне арнайы мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Тағы бір бағыт – жасанды интеллект саласындағы ғылыми-зерттеу базасын дамыту. Зерттеулер AI Research Hub алаңында шоғырландырылып, фундаменталды ЖИ модельдері мен алгоритмдерін әзірлеу, робототехника және автономды жүйелер, сондай-ақ Smart City, GovTech және FinTech бағыттарындағы қолданбалы шешімдер қамтылады.

Сонымен қатар халықаралық академиялық серіктестік желісі қалыптасып келеді. Бірқатар шетелдік университеттермен және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен, соның ішінде бірлескен магистратура бағдарламаларын іске асыру, шетелдік оқытушыларды тарту, академиялық ұтқырлық және ғылыми жетекшілік бағыттары бойынша келісімдерге қол жеткізілді:

  • білім беру және ғылыми-зерттеу серіктестіктері – Shanghai Innovation Institute, University of Helsinki HY+, UNESCO IIE, Tsinghua Shenzhen International Graduate School, Shanghai Jiao Tong University және Korea University;

  • шетелдік оқытушыларды тарту – – Hong Kong University of Science and Technology, Stanford University және Northeastern University;

  • бірлескен бағдарламалар – Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence университетімен магистратура бағдарламасы, академиялық ұтқырлық және бірлескен ғылыми жетекшілік бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

Сараптамалық сүйемелдеу үшін халықаралық мамандардың, технологиялық компаниялар мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен International Advisory Board құрылды. Оның міндеті – университеттің білім беру және зерттеу бағыттарын дамытуға атсалысу.

QAIRU Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы AI-Enabled University ретінде жасанды интеллектіні білім беру, ғылыми зерттеулер және университетті басқару жүйесіне кіріктіретін жоғары оқу орны ретінде қалыптасып келеді. Цифрлық ортаның негізі QAIRU OS платформасы болады. Ол студенттердің цифрлық профильдерін, дербес ЖИ көмекшілерді, білім алудың жеке траекторияларын, академиялық сараптама мен әкімшілік процестерді автоматтандыруды бір жүйеге біріктіреді. Платформа кампус инфрақұрылымымен де интеграцияланады. Университет ұлттық ЖИ ресурстарына – суперкомпьютерлік қуаттарға, alem.cloud, AlemLLM және Alem.ai кластеріне қол жеткізе алады.

Өңірлік ЖОО тәжірибесі: Auezov AI First университеттің ЖИ жобаларын біріктіреді

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білім беру, ғылыми зерттеулер және университетті басқару процестеріне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған Auezov AI First бастамасы жүзеге асырылуда. Экожүйе аясында студенттер мен талапкерлерге арналған ЖИ-боттар, құжат айналымын автоматтандыру, әлеуметтік желілерді басқару және сабаққа қатысуды есепке алу сервистері жұмыс істеп тұр.

Жеке бағыттардың бірі – студенттердің ЖИ құзыреттерін дамыту. AI Sana бағдарламасы аясында базалық курсты 21 194 білім алушы аяқтады, оның 8 685-і екінші кезеңге өтті. Жобалық трек бойынша 7 792 адам тестілеуден өтті, олардың 3 791-і бағдарламаның іріктелген 100 мың қатысушысының қатарына кірді. Бұдан бөлек, 1 200 студент Coursera платформасында тіркеліп, 2 031 сертификат алды.

Auezov AI First-ті одан әрі дамыту университеттің жаңа интеллектуалды сервистерін іске қосуды және білім беру, ғылыми-зерттеу және әкімшілік процестерде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуді көздейді.

55 мың мемлекеттік қызметші AI Qyzmet бағдарламасы бойынша оқудан өтті 

Мемлекеттік аппараттың ЖИ-құзыреттерін дамыту жеке бағыт ретінде қарастырылып отыр. Ол үшін жасанды интеллект негіздерін игеруге және оны мемлекеттік органдардың күнделікті қызметінде қолдануға бағытталған AI Qyzmet бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Аталған курс мемлекеттік қызметшілердің ЖИ қолданудағы практикалық сценарийлерін қамтиды, олар – жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар дайындау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу. Тренинг қысқа бес минуттық бейне дәрістер форматында өтеді және жалпы ұзақтығы шамамен 3,5 академиялық сағатты құрайтын алты модуль мен 32 дәрістен тұрады. Бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді және Astana Hub платформасында орналастырылған.

AI Qyzmet бағдарламасы бойынша 55 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқудан өтті. Негізгі міндет – деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру және ЖИ-ді мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмыс құралына айналдыру.

Осылайша, Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін жасанды интеллектіні жаппай игеру бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. ЖИ әр түрлі жастағы және кәсіби топтарға қол жетімді болмақ, осылайша кәсіби AI кадрларын даярлау және зерттеулерді дамыту үшін мамандандырылған орта қалыптасады және ол біртіндеп кәсіби машыққа ғана емес, сонымен қатар азаматтардың күнделікті оқуы мен жұмысының бір бөлігіне айналады.

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Қала күніне орай халықаралық D Billions балалар шоуы Алматыда алғаш рет өнер көрсетеді

Бүгін 14:59

Қазақстан World Cleanup Day акциясына қосылады

Бүгін 14:36

Қазақстанда бағалардың маусымдық төмендеуі жалғасуда

Бүгін 14:31

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Бүгін 14:31

Алматыда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері Арман Қошқаров марапатталды

Бүгін 14:27
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);