Пайдаланушылар медициналық ұйымдар, көмекке жүгіну тәртібі және заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары туралы ақпарат алады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарға есірткіге қарсы ақпарат пен консультациялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа Antinarko.kz цифрлық сервисін таныстырды.
Жаңа ресурстың таныстырылымы өңірдің басты сахнасы – Ertis Promenade алаңында өтті.
Antinarko.kz – консультациялық қызметі жасанды интеллект технологиялары арқылы жүзеге асырылатын Қазақстандағы алғашқы жобалардың бірі.
- Жобаны құру идеясы 11 жылдық практикалық жұмыс тәжірибемнен және қиын жағдайға тап болған адамға ең алдымен жылдам әрі түсінікті ақпарат қажет екенін түсінуден туындады. Адамға қайда жүгіну керектігін, қай жерден көмек алуға болатынын және заңнамада қандай жауапкершілік қарастырылғанын білу маңызды. Сондықтан кез келген уақытта қолжетімді әрі қажетті ақпаратты онлайн алуға мүмкіндік беретін құрал жасағым келді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Ирина Тимиргалиева.
Antinarko.kz сервисінде пайдаланушылар медициналық ұйымдар, көмекке жүгіну тәртібі және заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар пайдаланушыларға жасанды интеллект негізіндегі консультациялық сервисті пайдалану мүмкіндігі ұсынылған.
Цифрлық ресурстың іске қосылуы Павлодар облысы полиция департаментінің профилактикалық жұмысты цифрландыру бағытындағы бастамаларының бірі болды.
Жаңа сервис есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға, халықтың құқықтық сауаттылығы мен ақпараттандырылуын арттыруға, сондай-ақ консультациялық көмектің цифрлық форматтағы қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.