Қазақстанда сирек кездесетін жануарлардың саны артып, жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып жатыр

  • 11:02, 05 қараша 2025
Қазақстанда сирек кездесетін жануарлардың саны артып, жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылып жатыр ӨКҚ

Кейінгі 20 жылда Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтауда айтарлықтай жетістіктерге жетті: сирек жануарлардың саны көбейді, шамамен бір миллион гектар жаңа табиғи аумақтар құрылды, құлан, Пржевальский жылқысы және жолбарыс түрлерін қайта жерсіндіру (реинтродукция) жұмыстары басталды. Бұл бағыттағы маңызды үлесті Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) қосып отыр. Ұйым 200-ден астам табиғат қорғау және ғылыми жобаларды жүзеге асырып, мемлекет пен халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың негізгі серіктестерінің біріне айналды. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚБСҚ-ның ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко баяндады.

Соңғы екі онжылдықта Қазақстан сирек түрлерді сақтау және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бойынша аймақтық көшбасшылардың біріне айналды. Бүгінде киіктер саны соңғы елу жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, шамамен 4 миллион басқа дейін көбейді. Құлан (4,5 мыңға жуық дарақ), арқар, бұқар бұғысы, жейран, қар барысы және Тянь-Шань қоңыр аюының популяциялары қалпына келуде. Бұл жетістіктерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісінің кеңеюі де зор ықпал етті: 2018 жылдан бері «Бөкейорда» және «Іле-Балқаш» қорықтары, сондай-ақ «Ұлытау» және «Тарбағатай» ұлттық парктері құрылды. Жаңа табиғи аумақтардың жалпы көлемі 1 миллион гектардан асты, «Барсакелмес» қорығының аумағы ұлғайтылды, жаңа қорғалатын аймақтардың жобалау жұмыстары жалғасуда.

Табиғатты қорғау ісіне мемлекеттік органдармен қатар 30-дан астам үкіметтік емес ұйым белсенді қатысуда. Солардың ішінде Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) ерекше орын алады. Қауымдастық құрылғаннан бері 200-ден астам жобаны жүзеге асырған. Ол Қостанай облысындағы жалпы аумағы 423 мың гектар болатын екі аңшы шаруашылығын басқарады. Мұнда тек ғылыми зерттеулер мен табиғат қорғау шаралары жүргізіледі: аң аулауға тыйым салынған. Олардың негізінде «Алтысай» экопаркі құрылған.

ҚБСҚ «Алтын Дала» резерваты аумағында тұяқтыларды – құлан мен Пржевальский жылқысын – қайта жерсіндіруге арналған орталық жұмыс істейді. Орталықтың жалпы аумағы 150 гектарға жуық төрт қора-жайдан тұрады. Бұл Алматы зообағының аумағынан бес есе үлкен. 2018 жылдан бастап құландар әуелі әуе көлігімен, ал 2024 жылдан бастап жер үсті көлігімен тасымалдануда, бұл бір жолы 20-дан астам жануарды жеткізуге мүмкіндік берді. 2025 жылы кезекті топ табиғатқа жіберілді, тағы бір топ босатылмақ. Алғашқы Пржевальский жылқылары 2024 жылы әкелініп, 2025 жылы табиғи ортаға жіберілді», – деді Сергей Скляренко.

ҚБСҚ – әлемнің 127 ұйымын біріктіретін Birdlife International халықаралық құс қорғау альянсының мүшесі. Қауымдастық Қазақстандағы 127 маңызды орнитологиялық аумақтың түгендеуін жүргізіп, «Алтын дала», «Ырғыз-Торғай» резерваттары, «Ұлытау» ұлттық паркі және бірқатар қорықтар мен экологиялық дәліздерді («Ырғыз-Торғай-Жыланшық», «Қапшағай-Балқаш») құрудың негіздемесін дайындады. Әлемде алғаш рет киіктерді жерсеріктік таратқыштармен таңбалау әдістемесі әзірленіп, олардың жыл бойғы қоныс аудару қозғалысы бақыланып отыр. Ұқсас зерттеу сирек құстарға, соның ішінде тарғақтарға да жүргізіліп, олардың көші-қон жолдары алғаш рет анықталды.

ҚБСҚ сонымен қатар Қазақстанда көктемгі аңшылықты тоқтату бойынша ғылыми негіздеме әзірлеуге қатысып, оның нәтижесінде аңшылық төрт жылға тоқтатылды. 2021 жылы Пржевальский жылқысы мен қабылан сирек кездесетін және қорғауға алынған түрлер тізіміне енгізілді. Қауымдастық қазіргі таңда халықаралық құстардың ұшу жолдары бойындағы түрлерді сақтау, инфрақұрылымның жабайы табиғатқа әсерін азайту, киіктерге арналған экологиялық өткелдер салу және қалалық табиғатты, соның ішінде Астанадағы Талдыкөл көлін қорғау жобаларын жүзеге асыруда.

2008 жылдан бері ҚБСҚ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен, Франкфурт зоологиялық қоғамымен, Fauna & Flora International және Ұлыбританияның Құстарды қорғау корольдік қоғамымен бірлесіп, «Алтын дала» табиғат қорғау бастамасын жүзеге асырып келеді. Оның мақсаты – Қазақстанның бірегей дала экожүйелерін сақтау және киік, құлан мен Пржевальский жылқысын қалпына келтіру.

Алайда жетістіктерге қарамастан, кейбір түрлердің жойылып кету қаупі сақталып отыр. Сүтқоректілер арасында Қызылқұм арқары мен еуропалық құндыз азайып барады. Құстардың ішінде сүйір тұмсықты шалшықшы жойылып кетуі мүмкін, ал балобан сұңқарының саны заңсыз аулау мен шетелге шығарылу салдарынан 1980-жылдармен салыстырғанда 10 есеге азайған. Амфибиялар арасында жетісу бақатісінің жойылу қаупі бар.

«Соған қарамастан, қалпына келтіру жобалары қуантарлық нәтиже беріп отыр : ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен құлан қайтадан Қазақстан даласына оралды, оның саны 4,5 мыңнан асты. Пржевальский жылқысын және жолбарысты қайта жерсіндіру басталды. Іле өзенінің төменгі ағысында экожүйені қалпына келтіру үшін жағдай жасалып, алғашқы жолбарыстар мен олардың қорек болатын жануарлары әкелінді», – деп атап өтті Сергей Скляренко.

Мемлекет, бизнес және ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастық осы бастамалардың табысты болуына шешуші рөл атқаруда. Мұның айқын мысалы – ҚБСҚ-ның Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен, «ПО Охотзоопром» кәсіпорнымен, халықаралық ұйымдармен және жеке серіктестермен жүргізіп жатқан жұмысы.

Алдағы жылдары басты басымдық жол құрылысы кезінде жабайы жануарлардың көшу жолдарын сақтау, энергетика нысандарында құстар мен аңдардың қырылуын болдырмау, табиғи аумақтар желісін дамыту және заңнамаға берілмек Бұл бағыттар «Қазақстан Республикасында биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану тұжырымдамасы (2025–2035 жж )» жобасында көрсетілген. Құжат еліміздің табиғатты қорғау саласындағы одан арғы жұмысының негізін қалайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:56

12:35

12:19

12:06

12:04

11:56

11:43

11:38

11:26

11:14

11:02

10:59

10:48

10:37

10:33

10:25

10:11

09:58

09:55

09:54

09:47

09:40

09:36

09:22

09:03