Қазақстанда риелторлардың бірыңғай реестрін құрмақ, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстандағы риелторлық қызмет нарығы әлі күнге дейін реттелмеген күйде қалып отыр, ресми түрде риелтор болып саналмайтын осындай адамдардың алаяқтыққа барғаны туралы көп шағым түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан риелторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко осылай деді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық риелторды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға міндетті түрде мүшелікке енгізуді көздейтін заң жобасы талқыланып жатыр, сондай-ақ мамандардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру да жоспарланып отыр.
Сарапшының айтуынша, «риелтор» деген мамандық іс жүзінде жоқ. Риелторлық қызметтің ұлттық стандарты болғанына қарамастан, бірыңғай біліктілік талаптары мен міндетті тіркеу жүйесі әлі де енгізілмепті.
«Риелторлар бар болғанымен, мұндай мамандық жоқ. Мамандықтардың бірыңғай анықтамалығында «риелтор» ұғымы жоқ, міндетті біліктілік талаптары мен емтихан да қарастырылмаған. Соның салдарынан кез келген адам хабарландыру беріп, өзін риелтормын дей береді, бірақ іс жүзінде оның кәсіби нарыққа қатысы болмауы мүмкін», — дейді Нина Лукьяненко.
Қазақстан риелторлар қауымдастығы 2009 жылдан бері мемлекетке бұл саланы реттеуді ұсынып келеді екен. 2021 жылы риелторлық қызметтің ұлттық стандарты әзірленгенімен, негізгі ұсыныс әлі толық іске аспапты.
«Негізгі бастаманың бірі — мемлекеттік риелторлар тізілімін құру болды. Сонда кез келген адам маманның ресми түрде жұмыс істейтінін, кәсіби ұйымға мүшелігі мен қызмет көрсету құқығын тексере алар еді. Әзірге мұндай механизм жоқ, сондықтан нарық бақылаусыз кетті», — деді сарапшы.
Лукьяненко риелторлардың жасаған алаяқтығына байланысты түскен шағымға да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір дау клиенттің өзі келісімшартты оқымай, ресми түрде рәсімдемегеннен болып жатады екен.
«Көп жағдайда адамдар келісімшартқа қол қояды да, оның шартын оқымайды. Мысалы, құжатта клиент пәтерді өз бетінше сататын болса, алдын ала риелторды хабардар етіп, келісімді бұзуы тиіс екені көрсетілуі мүмкін. Бірақ адам мұны орындамайды да, кейін сот талаптары мен комиссия төлеу туралы дауға тап болады», — деді ол.
Сарапшы риелторлық қызметтің — азаматтық-құқықтық қатынастармен реттелетін кәдімгі кәсіпкерлік қызмет екенін атап өтті. Сондықтан барлық шарты жазбаша түрде бекітілуі тиіс.
«Риелторлық қызмет — қымбат қызмет, сондықтан міндетті түрде азаматтық-құқықтық келісімшарт жасалуы керек. Келісімшарт — тараптардың келісімі. Оны оқуға, талқылауға, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Сонда ғана клиенттер мен агенттер арасындағы алаяқтық та, дау да азаяр еді», — деп түйіндеді сөзін Нина Лукьяненко.