Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу жаңа деңгейге көтеріледі

Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу жаңа деңгейге көтеріледі Алматы қаласы әкімдігі

Қазақстан 2029 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды  Aqshamnews.kz

Министрдің айтуынша, бүгінде осы мақсатта жалпы құны 345 млрд теңгеге бағаланатын 67 жоба әзірленіп жатыр. Оның ішінде 14 жобаға 52 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл бастамалар қатты қалдықтарды тиімді басқаруға, қоршаған ортаға зиянды азайтуға және еліміздің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жобалардың 41-і тікелей қайта өңдеу саласына арналса, басты назар қағаз, пластик және әйнек қалдықтарына бөлініп отыр. Себебі, елімізде осы үш материал қалдықтарының көлемі өте жоғары. Қазіргі уақытта елімізде қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 25,8% шамасында. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті кемінде 40%-ға дейін арттыру жоспарда бар.

Жобалар аясында жаңа өңдеу кәсіпорындарын іске қосу, бар инфрақұрылымды жаңарту және қалдықтарды жинау мен сұрыптау жүйесін жетілдіру көзделуде. Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін барлық 67 жоба жүзеге асырыла бастайды.

Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан текстиль қалдықтарын қайта өңдеу мәселесі де көтерілді. Министр Ерлан Нысанбаев қазіргі таңда бұл бағытқа қатысты жобалар Экологиялық кодекстің 388-бабы шеңберінде мемлекеттік қолдауға жатпайтынын атап өтті. Себебі, текстиль қалдықтарының жалпы көлемі әлі де аз деңгейде.

Алайда, бұл мәселе де болашақта назардан тыс қалмайды. Мысалы, Алматы қаласында жылына 100 тонна текстиль қалдығын өңдейтін ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Халықтың тұтыну деңгейі артқан сайын текстиль қалдықтарының көлемі де ұлғайып келеді. Сондықтан бұл бағытта жүйелі саясат пен ұзақмерзімді шешімдер қажет болатыны сөзсіз.

Министрлік қазіргі уақытта қалдықтарды басқару стратегиясын әзірлеп жатыр. Құжат тамыз айының соңына дейін әзірленіп, қоғам өкілдерімен талқылауға ұсынылады деп жоспарланып отыр. Бұл – ашықтықты қамтамасыз ету және сарапшылар мен азаматтық қоғамның ұсыныстарын ескере отырып, экологиялық саясатты тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның қалдықтарды басқару стратегиясы нақты жоспарлармен және ауқымды жобалармен бекіп отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолға алып жатқан 67 жобаның толық іске асуы елімізді экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму жолына бастайды. Қалдықтарды қайта өңдеу үлесінің 40%-ға жетуі – тек экология үшін емес, экономиканың жаңа секторын дамыту үшін де маңызды қадам болмақ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:08

18:55

18:01

17:41

17:31

17:09

16:55

16:22

16:06

15:30

15:04

15:01

14:23

13:34

12:47

12:35

12:31

12:02

11:42

11:32

11:11

10:31

10:23

10:15

10:09