Елімізде коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты жаңа ережелер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл шаралардың басты мақсаты – борышкерлердің құқықтарын қорғау және коллекторлардың қызметін тиімді реттеу, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Жаңа ережелер бойынша, агенттіктер борышкерлерге қарыздың сатып алынғаны туралы 30 күн ішінде хабарлап, олардың өтініштерін тіркеуге, әрі қарастыру нәтижелерін құжаттауға міндетті. Бұл өзгерістер жариялылықты арттыру және қаржылық саланың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету
26 ақпанда бекітілген қаулыға сәйкес, коллекторлық агенттіктер борышкерлердің өтініштерін міндетті түрде тіркеп, оларды заң аясында қарастыруға тиіс. Мұндай жаңалықтар борышкерлердің шағымдары елеусіз қалмай, олардың мәселелері заңды жолмен шешілуіне мүмкіндік береді. Бұрындары, борышкерлер өздерінің берешегінің басқа ұйымға өткенін білмей қалатын еді. Енді бұл жағдайды болдырмау үшін агенттіктер қарызды сатып алған сәттен бастап 30 күн ішінде борышкерге хабарлауға міндетті.
Коллекторлар мен банк арасындағы айырмашылық
Заңгер Виталий Кимнің айтуынша, ең басты жаңалықтардың бірі – бұрынғы ережелерде коллекторлық агенттіктер қарыздың сатып алынғаны туралы хабарлауға міндетті уақыт көрсетілмеген болатын. Осы себептен көптеген борышкер қарыздың коллекторлар қолына өткенін біле алмай қалатын. Қазір осы өзгерістердің арқасында борышкер қарызды коллекторлық агенттікке бергенін және одан әрі мәселелерді тек солар арқылы шешуге болатынын нақты біледі. Егер борышкердің қарызды өтеуге мүмкіндігі болмаса, ол коллекторлық агенттікпен қарыз мөлшерін азайту туралы келіссөз жүргізе алады.
30 күн ішінде өтініш беру мүмкіндігі
Коллекторлық агенттіктердің 30 күн ішінде борышкерге хабарлама жіберуі маңызды қадам болды. Осы уақыт ішінде борышкер коллекторлық агенттікке жазбаша өтініш жолдай алады. Бұл өтініште борышкердің қаржылық жағдайы, отбасылық жағдайы, табыстары мен шығыстары туралы толық мәліметтер болуы керек. Егер борышкер қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін көрсетсе, коллекторлық агенттікпен қарыз мөлшерін азайтуға келіссөз жүргізуі мүмкін.
Коллекторлар қарызды азайтуға дайын ба?
Коллекторлық агенттіктердің қарызды азайтуға дайын болатыны әр агенттіктің саясатына байланысты. Кейбір агенттіктер борышкерге жеңілдік жасауға дайын. Әсіресе, олар банк сыйақыларын және айыппұлдарды алып тастай отырып, тек негізгі қарызды төлеуді талап етуі мүмкін. Бұл коллекторлар үшін тиімді болуы мүмкін, өйткені олар банктен қарызды оның жарты бағасына сатып алады. Мысалы, 6 млн теңге қарызды 3 млн теңгеге сатып алады.
Егер коллекторлар қарызды азайтуға бас тартса, борышкер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) немесе сотқа шағымдануға құқылы. Бұл жағдайда борышкерге коллектордың бас тарту себептері мен мәселені шешу жолдарын көрсету талап етіледі.
Жаңа ережелер коллекторлық агенттіктердің жұмысына ашықтық пен әділдік әкелуі тиіс. Борышкерлердің өз құқықтарын білуі және оларды қорғау мүмкіндіктері артады. Сонымен қатар, коллекторлар мен борышкерлер арасындағы қарым-қатынасты реттеу жүйесі жақсарып, қаржылық жағдайды жеңілдету үшін жаңа тәсілдер мен автоматтандыру енгізілмек.