Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі азаматтардың нақты жағдайына қарай пысықталады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанда әлеуметтік саясатты қайта қарау және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев баяндады.
Министрдің сөзінше негізгі міндет – шын мұқтаж адамдарға мемлекеттік көмекті көрсету. Бүгінгі күні Премьер-министрдің орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс жүргізуде. Оның жұмысына Президент Әкімшілігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ басқа да орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
«Нормативтік құқықтық актілерге сараптама жүргізілді. Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесі пысықталды. Қазіргі кезде отбасылардың материалдық жағдайын ескере отырып, тиісті түзетулер енгізілуде. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіру бойынша ревизия жүргізілуде. Өңірлердің әкімдері өңірлік штабтар құрды. Әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақы алушылардың материалдық жағдайын верификациялау жұмыстары жүзеге асырылуда. Барлық іс-шара бойынша жұмыстар белгіленген мерзімде қамтамасыз етіледі», — деп атап өтті министр.
Осы жылғы қарашада мұқтаждық принциптерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңмен енгізу механизмдерін жетілдіру жұмыстары аяқталатын болады. Биыл желтоқсанда Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейдегі банктердің жүйесімен интеграциялау қамтамасыз етілетін болады. Халық арасында реформаның мақсаттары және оны енгізу тәртібі туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде.
«Жалпы, Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі азаматтардың нақты жағдайына қарай пысықталады. Атап айтқанда, адамдардың табыстарын және кредиттік міндеттемені, оның ішінде ипотекалық қарызды бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобиль мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және жағдайы ескерілді. Отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды, кредиттердің болғанын, сондай-ақ отбасындағы жалғыз асыраушы мен жалғыз тұрғын үйдің болғанын есепке алу көзделіп отыр», — деп атап өтті министр.
Мұқтаждық принциптерін енгізудің пилоттық жобасын 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асыру ұсынылады, ол:
табысы жоғары деңгейдегі азаматтар бойынша – қаңтар-ақпан айларында;
ауқатты азаматтар бойынша – ақпан-сәуір айларында жүзеге асырылады.
Министрдің мәліметінше Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, пилоттық жобаны мұқият тексерістен өткізудің бірінші кезеңінде әлеуметтік көмекті оңтайландырудың тиімділігі қаралатын болады. Нәтижесіне қарай бұл жұмыс кең ауқымда қолданылатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған жұмыс өңірлердің әкімдіктермен және салалық министрліктермен бірлесіп жалғасатын болады.