Биылғы жарысқа 19 елдің атынан 100-ден астам спортшы қатысады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
1–6 қыркүйек аралығында Алматыда жүлде қоры 100 000 АҚШ доллары болатын WTT Contender Almaty 2026 халықаралық үстел теннисі турнирі өтеді.
Биылғы жарысқа 19 елдің атынан 100-ден астам спортшы қатысады. Олар Германия, Үндістан, Испания, Италия, Йемен, Қытай Тайбэйі, Люксембург, Мексика, Нидерланд, Пуэрто-Рико, Ресей, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Франция, Швеция, Эквадор, Оңтүстік Корея, Жапония және Қазақстанның намысын қорғайды.
Жанкүйерлер әлемдік үстел теннисінің жұлдыздарының өнерін тамашалай алады. Олардың қатарында:
жекелей сында Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Димитрий Овчаров (Германия);
жұптық сында әлем чемпионы Шунсукэ Тогами (Жапония);
командалық сында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Хина Хаята (Жапония);
VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы Кирилл Герасименко (Қазақстан) бар.
Турнир жүлделері ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей, жұптық және аралас жұптық сындарда сарапқа салынады.
WTT Contender Almaty 2026 Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) қолдауымен құрылған World Table Tennis (WTT) ұйымы өткізетін кәсіби турнирлердің халықаралық сериясына кіреді. Жарыс ресми әлемдік рейтинг күнтізбесінің бір бөлігі болып табылады және оның нәтижелері спортшылардың әлемдік рейтингтегі орындарына тікелей әсер етеді.
Турнир өткізіліп келе жатқалы әлемнің әртүрлі елдері мен құрлықтарынан келген мықты ойыншылардың басын қосатын әлемдік үстел теннисінің жетекші алаңдарының біріне айналды. Жыл сайын Алматы спортшылар, жаттықтырушылар мен жанкүйерлер бас қосатын орталыққа айналып, халықаралық спорттық байланысты нығайтуға және үстел теннисін кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Турнирдің Қазақстанда өткізілуі отандық спорттың дамуына серпін беріп, еліміздің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар қазақстандық жанкүйерлерге әлемдік деңгейдегі кездесулерді тікелей тамашалауға мүмкіндік береді.
Жарыстың тікелей көрсетілімдері Qazsport телеарнасынан және World Table Tennis (WTT) ұйымының ресми YouTube-арнасынан көрсетіледі.
Турнирдің жергілікті ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясы. Жарыс Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Халықаралық турнир «ADD Ustel Tennis Ortalygy» үстел теннисі орталығында (Нұркент шағынауданы, 14Б) өтеді.
Көрермендерге кіру тегін.