Қазақстанда 11 жасар қыздарға адам папилломавирусына қарсы вакцина егу қолға алынбақшы.
Вакцинаны ата-ананың жазбаша келісімімен жаңа оқу жылының басында, 2024 жылдың күзінде, Қазақстан Республикасының мектептерінде толығымен тегін алуға болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жоғары онкогенді қауіпті адам папилломавирусы жатыр мойны обырының дамуының негізгі этиологиялық факторы. Жатыр мойны обырының 97%-ы осы вируспен байланысты. Созылмалы вирус тасымалдау белгілі бір жағдайда жатыр мойны обырының дамуына әкелуі мүмкін.
Бүгінде жатыр мойны обыры дамушы елдердегі әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісіктің бірі.
Тек Алматының өзінде 2023 жылы жатыр мойны обырына шалдыққан 223 жағдай жаңадан анықталса, Алматы онкологиялық орталығында барлығы 2522 әйел осы аурумен есепте тұр.
Жатыр мойны қатерлі ісігі еш симптомсыз өтуі немесе жыныс жолдарынан кез келген қалыпты емес бөлініс, іштің төменгі бөлігіндегі және бел аймағындағы ауырсыну орын алуы мүмкін.
Алматы онкологиялық орталығы онкология бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Болатбекова жатыр мойны обыры бірден-бір толық алдын алуға болатын ісік екенін атап өтті.
Сондықтан онколог адам папилломавирусына қарсы вакцинаны алуды ұсынады:
«Жаппай екпе алатын тұрғындардың негізгі бөлігі 9-13 жас аралығындағы жасөспірім қыздар. Бұл кезең қыздарды жыныстық белсенділіктің басталуына дейін жаппай егу мақсатында таңдалды, өйткені жыныстық белсенділік 10 жаста басталған жағдай орын алған. АҚШ-та жүргізілген зерттеулер 10 жастағы жасөспірімдердің 2%-ы жыныстық өмірді 10-11 жаста бастағанын көрсетті. Ең дұрысы, әйел жыныстық белсенділікке кіріспес бұрын вакцинаны алуы керек. ДДСҰ вакцинаны 26 жасқа дейін алуды ұсынса, АҚШ-та вакцинаны 45 жасқа дейін алуды ұсынады. Бұл жыныстық белсенді әйелдер үшін АПВ вакцинасы пайдалы екенін білдіреді, бірақ вакцинаның әсері жыныстық белсенді болғанға дейінгіге қарағанда азырақ болады. Себебі олар АПВ вирусының бір немесе бірнеше түріне ұшыраған болуы мүмкін. Дегенмен, жыныстық белсенді әйелдер вакцина арқылы алдын алуға болатын АПВ түрлерін жұқтырған, сондықтан әйелдердің көпшілігі вакцина алу арқылы қорғана алады», - дейді маман.
Зерттеулер көрсеткендей, вакцинаның қорғау мерзімі ұзаққа созылады. Жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, екпенің иммуногенділігі вакцина енгізілгеннен кейін 10 жыл ішінде төмендемеген.
ДДСҰ бұл вакцинаны қауіпсіз және тиімді деп бекітті. Вакцинаны бүкіл әлем бойынша мыңдаған адам зерттеді және осы зерттеулердің нәтижесінде ешқандай елеулі жанама әсер табылмады. Ең жиі кездесетін жанама әсер ретінде тек инъекция орнында қызару, температураның жоғарылауы, бас айналу және жүрек айнуы болды.
Жатыр мойны обырының тұрақты скринингі (ПАП, АПВ тестілері) және бақылау жатыр мойны обырының көптеген жағдайының алдын алатыны анық. Дамыған елдердегі табысты скринингтік бағдарламалар жатыр мойны обырынан болатын сырқаттанушылық пен өлімді екі еседен астамға азайтты.
Қазақстан Республикасында жатыр мойны обырын ерте анықтау бойынша Ұлттық скринингтік бағдарлама жүргізіліп жатыр. 30-70 жас аралығындағы әрбір әйел өз емханасында жатыр мойны обырына тегін скринингтен өте алады.
Қаңтар - жатыр мойны обыры туралы хабардар ету айы. Жатыр мойны обыры туралы хабардар ету айлығы аясында Қазақстанның барлық онкологиялық орталықтарында 2024 жылдың 27 қаңтарында ашық есік күні өтеді.
Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын 27 қаңтарда сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін Алматы онкологиялық орталығына онкогинекологтың тегін кеңесіне шақырамыз.