Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналғанын айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның пікірінше, бұл бағыттағы өзара ынтымақтастықты күшейту түркі елдерінің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Президенттің айтуынша, ұйымға мүше елдер цифрландыру үдерісіне белсенді кірісіп, жаңа технологияларды дамытуға басымдық беріп отыр. Қазақстан да цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етіп, осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізуде.
Мемлекет басшысы елімізде биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын атап өтті. Сондай-ақ осы салада қолға алынған бірқатар жобаны атады.
«Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГигаВатт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұған дейін де түркі елдері арасында цифрлық даму мен жасанды интеллект мәселелері талқыланғанын еске салды. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен кездесуде көтерілген бірқатар маңызды бастама қазір жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылған. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық саладағы бірлескен жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру бастамаларын жүзеге асыруды тездету керегін айтты.
Президенттің пайымынша, бұл жобалар түркі елдерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.