Президент халыққа Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берді. Ол тұрақты даму үшін көлік жүйесін жаңартып, жолдар мен теміржол желілерін салу қажет екенін атап өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Президент Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуы тиіс екенін айтты. Сарапшылар инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бастама елдің экономикалық дамуына тың серпін беретінін айтады. Олар экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамдарына сүйене отырып, елдің қазіргі даму қарқыны алдағы жылдары қуатты инфрақұрылым қалыптастыруды талап ететінін жеткізді. Бұл ретте автомобиль жолдары мен теміржол желілерін дамытуға ерекше мән берілуі тиіс.
«Қазақстанның қазіргі даму қарқынын сақтау үшін 2040 жылға қарай инфрақұрылым саласына шамамен 290 миллиард доллар қажет болады. Бұл жұмысты неғұрлым кешіктірсек, бұл бағытқа жұмсалатын қаражат көлемі де соғұрлым арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Президент қабылдаған шешімдер кезінде жасалған қадам деп есептеймін. Алдағы уақытта бүкіл халық ауқымды құрылыс жұмысының куәсі болады», – деді саясаттанушы Риззат Тасым.
Қаражатты тиімді пайдалану мәселесі
Депутат Юлия Кучинскаяның айтуынша, ауқымды құрылыс жұмыстарының тиімді болуы бөлінген қаражаттың қалай игерілетініне де байланысты. Ол «инвестицияның басым бөлігі ел экономикасында қалып, отандық өндірістің дамуына бағытталуы керек» деп отыр. Сонымен қатар құрылыс қарқыны бәсеңдегеннен кейін де қалыптасқан өндірістік әлеует пен ресурстарды тиімді пайдалану мәселесін алдын ала ойластыру қажет.
«Біздің міндетіміз – жай ғана ауқымды құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру емес. Ең бастысы, бұл іске жүйелі түрде кірісіп, қандай ресурстар мен күш қажет екенін нақты айқындау. Қазір бізден не талап етіледі, екі-үш жылдан кейін қандай міндеттер туындайды және ұзақ мерзімді перспективада қандай жұмыстар атқарылуы керек? Осының бәрін алдын ала жоспарлауымыз қажет», – деді ҚР Құрылтай депутаты Юлия Кучинская.
Жолдаудағы ауқымды құрылыс бастамасы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да септігін тигізбек. Депутат Нұрайнаш Камалованың айтуынша, жаңа жобалардың жүзеге асуы қосымша жұмыс орындарын ашуға, тұрғын үй мәселесін шешуге және әлеуметтік нысандардың санын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, халыққа қажетті медициналық және оңалту орталықтарының салынуы маңызды. Бұл бастама құрылыс саласымен қатар, азаматтардың тұрмыс сапасына да оң әсер етуі мүмкін.
«Азаматтар жұмыс орындарының ашылатынына қуанса, екіншіден, халқымыздың әлеуметтік мәселелері де шешілмек. Нысан көбейіп, сонымен қатар тұрғын үй салу – ел азаматтары үшін басты қажеттіліктердің бірі», – деді ҚР Құрылтай депутаты Нұрайнаш Камалова.
Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Келер жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.