Оркестр әртістері танымал музыкалық шығармаларды жаңа өңдеуде орындап, халық аспаптарының жанрлық мүмкіндіктерін кеңінен танытты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 93-концерттік маусымы аясында «Qurmangazy: next cover concert» атты жаңа музыкалық жобасын ұсынды. Ерекше форматтағы концертте ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи орындаушылық бағыт тоғысып, көпшілікке жақсы таныс шығармалар халық аспаптарының үнімен жаңаша орындалды.
Жоба Қазақстандағы ұлттық аспаптарға негізделген кәсіби оркестрлер арасында алғаш рет осындай форматта жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты – дәстүрлі оркестрлік орындау мүмкіндіктерін заманауи музыкалық шешімдермен ұштастырып, ұлттық аспаптардың бүгінгі музыкалық кеңістіктегі әлеуетін көрсету болды.

Концерт барысында оркестр әртістері танымал музыкалық шығармаларды жаңа өңдеуде орындап, халық аспаптарының жанрлық мүмкіндіктерін кеңінен танытты. Дәстүрлі тембрлер мен заманауи музыкалық ырғақтардың үйлесімі көрерменге өзгеше әсер сыйлап, ұлттық аспаптардың тек дәстүрлі шығармаларды орындаумен шектелмейтінін көрсетті.
Музыкалық кешке Қазақстан эстрадасының танымал орындаушылары да қатысты. Атап айтқанда, ұлттық оркестрмен бірге Дана Сәбит, Нұрғалым Аманбай, Диана Исмаил, Абик Жексен, Аружан Данышпан, Асқар Рысбек, Әбіл Жұма, Гүлнар Кошенова және Ғабит Бибасұлы өнер көрсетті.
Концертте халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Нарын Қажғали мен Әділбек Мақсұт дирижерлік етті.
«Жаңа маусым – жаңа тыныс!» шығармашылық идеясымен ұйымдастырылған жоба тың интерпретациялар мен ерекше орындаушылық шешімдерге негізделді. Оркестр ұжымы ұлттық музыкалық мұраны сақтай отырып, оны заманауи көрерменнің талғамына сай жаңа форматта ұсынуға болатынын көрсетті.
«Qurmangazy: next cover concert» жобасы ұлттық аспаптардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтіп, дәстүрлі музыканы жаңа буын тыңдарманына жақындатуға бағытталған бастама ретінде ерекшеленді.
Дана САДЫРҚАН