2025 жыл аяқталып келеді, жыл қорытындысын шығаратын уақыт та жетті. Қазақстандық регбишілер регби-7 бойынша еліміздің жоғары лига командалары арасындағы ішкі чемпионатты да сәтті аяқтады.
Ерлер командалары арасындағы жүлделі орындар келесідей бөлінді:
- ОФ «Азияспорт-Динамо» (Алматы қ.)
- ПРК «Олимп» (Талдықорған қ.)
- «Каспий» (Ақтау қ.)

Әйелдер командалары арасында:
- ОФ «Азияспорт-Динамо» (Алматы қ.)
- СДЮШОР № 1 (Талдықорған қ.)
- «Олимп» (Талдықорған қ.)

Регби-7 бойынша ерлер және әйелдер ұлттық құрамаларының ойындарында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Оңтүстік Африка Республикасынан келген белгілі мамандармен бірлесе жаттықтыру басталғалы бері екі құраманың да ойын деңгейі едәуір өсіп отыр. Әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы – Фабиан Джурис, ал ерлер құрамасының жаттықтырушылары – Ludwiche Hermanuss пен Johannes Zariascharias.
Ерлер құрамасының капитаны Расулмагомед Магомедовтың айтуынша, биыл тамыз айында Оңтүстік Африка Республикасында ерлер және әйелдер құрамалары үшін өткен үш апталық оқу-жаттығу жиындарының маңызы ерекше болды. Жаттығу жиындарын Қазақстан регби федерациясы ұйымдастырды. Біздің спортшылар регби №1 спорт түрі болып саналатын елде болып қайтты. Мұнда балалар регбимен 5 жастан бастап шұғылданады, ал ОАР ұлттық құрамасы әр жылдары әлем чемпионы атанған. Жиын барысында Қазақстан командалары ауқымды жұмыс атқарып, жергілікті мықты ұжымдармен жолдастық кездесулер өткізіп, баға жетпес тәжірибе жинады.
Қазан айының орта тұсында әйелдер ұлттық құрамасы Шри-Ланкада өткен, Азия чемпионатына теңестірілген Азия сериясының кезеңіне қатысты. Жарыста 12 әйелдер командасы бақ сынады, ал Қазақстан құрамасы бесінші орынға ие болды. Дайындықтың қазіргі деңгейін ескерсек, бұл – сөзсіз үлкен жетістік.

25–26 қазанда Оман елінде өткен “Asia Rugby Emirates Men’s Seven Trophy 2025” халықаралық турнирінде Қазақстанның ерлер құрамасы алтын медаль жеңіп алды. Азияның 16 командасы қатысқан додада қазақстандық регбишілер бес матчтың бәрінде жеңіске жетті. Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Катар, Ауғанстан, Үндістан командаларын сенімді түрде ұтып, айқын басымдық көрсетті. Бұл жеңіс Қазақстанның Азия регби-7 лигасының жоғары дивизионына қайта оралуына жол ашты.
Қараша айының соңында ерлер және әйелдер құрамалары “Emirates Dubai 7s” турниріне қатысты. Ерлер командасы «International Open Men» дивизионында өнер көрсетті. Мұнда Азия құрлығының ұлттық және клубтық командалары сайысқа түсті. Қазақстан құрамасы 14 команданың ішінде 5-орынға ие болып, тұрақты ойын өрнегін және жеңіске деген жоғары жігерін көрсетті.
Әйелдер құрамасы шақырылған командалар мен екінші құрамалар ойнаған II дивизионда сынға түсті. Олардың қатарында Бразилия, Австралия, Қытай және Бельгия командалары болды. Қазақстандық регбиші қыздар 9-орын алып, маңызды халықаралық тәжірибе жинады және командалық рухты күшейтті.

Сондай-ақ Dubai 7s турнирінде Қазақстан атынан өнер көрсеткен ардагерлер командасының қатысуы да назар аударарлық жайт. Олар 10-орын иеленді. Бұл да Қазақстанда регбидің барлық деңгейде белсенді дамып, мықты спорттық дәстүрлер қалыптастырып келе жатқанын көрсетеді.
«Біз биыл барлық командаларымыздың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Әр ойын, әр матч спортшылардың жеке дамуы мен халықаралық аренада қазақстандық регбидің беделін нығайту жолындағы маңызды кезең болды», – деп атап өтті Қазақстан регби федерациясы.
Жиналған тәжірибе 2026 жылға арналған дайындықтың берік іргетасы болмақ. Командалардың жоспарына жаңа халықаралық турнирлерге қатысу, ойыншылардың біліктілігін арттыру және жас спортшыларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде дамыту кіреді.
Федерация Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне және бас серіктесі – SportyQory-ға ерекше алғысын білдіреді. Дәл осы қолдау командаларға өз спорттық мақсаттарына қол жеткізуге және әлемдік регбиде Қазақстанның позициясын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Серіктестермен бірлескен жүйелі жұмыс тұрақты өсуге және халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетуге қолайлы жағдай жасайды.