ffin.kz

Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты Сурет: Akorda.kz

Жиын қорытындысы бойынша 20 құжат қабылданды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) биылғы қорытынды отырысы бейнебайланыс режимінде өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.


Жиын барысында Жоғары кеңестің Құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және ЖЕЭК-ке бақылаушы мемлекеттердің басшылары ретінде Куба Президенті Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович  сөз сөйледі.


Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашып, оған модератор болды. Мемлекет басшысы сыртқы факторлар мен карантиндік шектеулерге қарамастан, Одақ аясындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің өсім қарқынына көңілі толатынын атап өтті.



«Биылғы 9 айдың ішіндегі өзара сауда-саттық көлемі 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 16,5 пайызға жоғары. Одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі ұлғайды. Мысалы, Қазақстан экспортының өсім көлемі 39 пайыз болды. Салыстырмалы түрде алғанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдердегі экспорт көлемі артқан», – деді Мемлекет басшысы.



Президент Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.   


Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлер жағдайында назар аударуды қажет ететін бірқатар ұсыныс айтты.


Атап айтқанда, Президент цифрлық өнім мен электронды қызмет көрсетуге деген сұраныстың зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазірдің өзінде әлемдік машина жасау нарығында микрочиптер мен компьютерлік құралдардың тапшылығына қатысты жүйенің жиі істен шығу деректері байқалады.   



«Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады», – деді Қазақстан Президенті.



Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақтағы тасымал мәселесін дамытуды, «жүрдек» трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіруді және олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді өзекті санайды. Осы ретте Президент Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өткізу желісін құруға қатысты елдеріміздің бастамаларына назар аударды.



«Қазақстан кейінгі екі жыл бойы Көтерме-тарату орталықтарының ұлттық желісін құру жұмыстарын жүргізіп келеді. Біз Одаққа мүше елдердің тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға және интеграциялауға белсенді атсалысуға дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Мемлекет басшысы кедергілерді, шектеулер мен алып қоюларды дәйекті түрде қысқартудың маңызды екенін айтты. Биылғы ақпан айында өткен Алқа отырысында Кедергілерді бөлудің әдістемесі бекітілді. Енді кедергілерді қарастырып, жүйелеу үдерісі, яғни олардың түрі мен қолданылу мерзімі бизнеске тиімді болу үшін регламенттелді. Президент шағын және орта кәсіпорындарды еуразиялық интеграция және кедергісіз сауда үдерісіне тарту ісін жалғастыруға шақырды.


Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының тиімділігіне және оның Одаққа мүше мемлекеттермен өзара ықпалдастығына арнайы тоқталды. Президент бес елдің мүддесін ескере отырып, бірыңғай әрі тұтас экономикалық саясатты қалыптастырудың көп еңбекті талап ететін күрделі жұмыс екенін атап өтті.



«Біз биылдан бастап Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыруға кірістік. Стратегияның ережелерін қатаң сақтап, Одақтың қазіргі құқығы аясынан шықпау керек деп есептеймін. Біздің жұмысымыз бен Одақтың қызметі жалпы сыртқы серіктес елдердің зор қызығушылығын туғызып отырғанын ескеру маңызды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді», – деді Мемлекет басшысы.



Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, өзара құрмет пен конструктивті диалогты сақтауға бейілді болу Одақ аясындағы ұзақ мерзімді әрі берік ынтымақтастықтың негізі екенін атап өтті.  


2022 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына Қырғыз Республикасы төрағалық етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровты құттықтап, алға қойған мақсатқа сәтті қол жеткізуіне тілектестік білдірді.


Кеңейтілген форматта өткен шара соңында Еуразиялық одаққа мүше елдердің басшылары талқылауды шағын құрамда жалғастырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04