Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 80-нен астам елінен өкілдер қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Парижде өткен Халықаралық гастрономиялық фестивальге екінші жыл қатарынан қатысып, француз көрерменіне ұлттық тағамдар байлығын, салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырды. Қазақстанның ұлттық павильоны фестивальге келген жұрттың айрықша қызығушылығын тудырып, келушілер көп жиналған орындардың біріне айналды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдердің ұлттық тағамдары мен мәдениетін бір арнаға тоғыстырған ауқымды халықаралық іс-шараға Қазақстан биыл да қатысты. Ұлттық павильонды Қазақстанның Франциядағы елшілігі Қызылорда облысының өкілдері, отандық аспаздар мен өнерпаздардың қолдауымен ұйымдастырды.

Фестиваль қонақтарының қазақтың дәстүрлі тағамдарына деген қызығушылығы ерекше болды. Олар қазақша ет, қуырдақ, бауырсақтан дәм татып, Қызылордадан арнайы жеткізілген қазы мен жаяны да тамашалады. Ұлттық тағамдарды елімізге белгілі аспаздар Манас Сқакқ, Рәсім Қонаев және Қарлығаш Баймұхамедова әзірледі.
Қазақ асханасымен танысу көптеген қонақ үшін тағамнан дәм татумен ғана шектелген жоқ. Аспаздар ұлттық тағамдардың тарихы мен әзірлеу ерекшеліктерін айтып, дәстүрлі асхананың қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысындағы мән-маңызына тоқталды.
Келушілердің назарын ұлттық нақышта әзірленген авторлық десерттер де аударды. Оларды Париждегі әйгілі Le Cordon Bleu аспаздық мектебінің түлегі Сабина Таңатарова дайындады. Ол заманауи гастрономиялық әдістерді қазақтың дәстүрлі дәмдерімен ұштастырып, десерттерге талқан, сүтті шай және Қазақстанға тән өзге де өнімдерді қосты.
Осылайша заманауи аспаздық өнердің мүмкіндіктері арқылы фестиваль қонақтары қазақ даласының өзіндік болмысын, ұлттық дәм мен дәстүр сабақтастығын сезіне алды.
Павильондағы мәдени бағдарлама да көрерменнің көңілінен шықты. Қызылорда облысынан келген «Сырғалым» ансамблі ән мен биден шашу шашып, ұлттық өнерімізді паш етті. Өнерпаздардың дәстүрлі киімдері павильонға айрықша сән беріп, мерекелік көңіл күйді айшықтай түсті.
X Халықаралық гастрономиялық фестивальге әлемнің 80-нен астам елінен өкілдер қатысты. Мерейтойлық шара Француз Республикасының Президенті қамқорлығымен өтті. Ал 2026 жылғы фестивальдің патроны ретінде әлемге әйгілі француз аспазы Ален Дюкасс танылды.