ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ДДҰ-ның ҚР-дағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыламен және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Мелитта Якабпен кездесу өткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кездесу барысында тараптар жаһандық және өңірлік деңгейлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру ниетін растады.
ҚР ДСМ басшысы ДДҰ өкілдерін бастапқы буын қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Біз бастапқы буынды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік, бұл нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: халықты МСАК-пен қамту 80%-ға дейін өсті, ал жалпы практика дәрігерлері консультацияларының қолжетімділігі 3,5 есе өсті. Біз көпбейінді командаларды сәтті енгізіп, орта медицина қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейттік, бұл медициналық көмекті барынша жедел және пациентке бағдарланған етті», - деп атап өтті А. Әлназарова.
Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан МСАК бойынша елдердің жаһандық коалициясын құруды жақтады, оған ДДҰ-ға мүше 18 мемлекет қосылды.
Тараптар 2016 жылдан бастап Қазақстанның сараптамалық тәжірибесін жаһандық деңгейде таратудың тиімді құралы болып табылатын Алматыдағы МСАК бойынша ДДҰ географиялық қашықтағы офистің (ГҚО) қызметіне ерекше назар аударды.
ДДҰ-ның Еңбекшіқазақ ауданындағы демонстрациялық алаңының базасында соңғы екі жылда әлемнің 10 елінен 100-ден астам маман оқытылды.
Қазақстандық тарап стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту үшін ДДҰ ГҚО қызметін 2026-2035 жылдардың жаңа кезеңіне ұзартуға дайын екендігін білдірді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының Женевадағы алдағы 79-шы сессиясы барысында жаһандық коалиция тұжырымдамасын, сондай-ақ бірлескен жұмыстың 10 жылдық нәтижелерін талдауды егжей-тегжейлі таныстыру жоспарлануда.