Миссия мүшелері Алматыдағы сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру және дауыстарды санау барысын қадағалады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық миссиясы Қазақстандағы Құрылтай сайлауының ұлттық заңнама мен халықаралық талаптарға сай, бірқалыпты жағдайда өткенін мәлімдеді. Миссия мүшелері Алматыдағы сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру және дауыстарды санау барысын қадағалады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына қандай жағдай жасалғанына назар аударды. Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркия өкілдері сапар қорытындысын Алматыда өткен баспасөз мәслихатында жариялады.
ТүркПА-ның Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы, Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешинің депутаты Ұлықбек Қарыбек уулу халықаралық байқаушылардың сайлау учаскелерін еркін аралап, ондағы жұмыс барысымен танысуына барлық мүмкіндік жасалғанын айтты.
«Жұмысымызға мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай кедергі болған жоқ. Сайлау учаскелеріне еркін кіріп, бізді қызықтырған барлық жағдаятты өз көзімізбен көріп, бақыладық. Кешкісін дауыс санау барысына да куә болдық. Дауыс беру ашық өтті. Ұлттық заңнама мен халықаралық талаптарға қайшы әрекеттерді байқамадық», – деді Ұлықбек Қарыбек уулу.
ТМПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч халықаралық миссияның байқау нәтижелеріне тоқталды.
«Біз барған учаскелерде дауыс беру бірқалыпты әрі асқан ұйымшылдықпен өтті. Сайлаушылар еркін келіп, таңдауын еш кедергісіз жасады. Дауыс беру құпиясы сақталып, заңда белгіленген тәртіп талаптары орындалды. Байқау нәтижесінде Алматыдағы топ Құрылтай сайлауы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық сайлау талаптарына сай өтті деген тұжырымға келді», – деді Филиз Кылыч.
ТүркПА-ның Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясының мүшесі, Әзірбайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов миссия мүшелерінің алты сайлау учаскесін аралағанын айтты. Ол Қазақстанның жаңа заң шығарушы органына «Құрылтай» аталуына да ерекше мән берді.
«Құрылтай – тамыры терең көне түркі сөзі. Бабаларымыз елдік маңызы бар мәселелерді ақылдасып, ортақ шешімге келу үшін құрылтайға жиналған. Бүгінде осы міндетті Парламент атқарады. Ал «Құрылтай» атауы халықтың еркін, елдік мәселелерді шешуге атсалысуын білдіреді. Қазақстанның жоғары заң шығарушы органына осындай тарихи атау берілгеніне шын жүректен қуаныштымын», – деп Хикмет Мамедов өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Халықаралық байқаушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына жасалған жағдайға да назар аударды. Сайлау учаскелері пандустармен жабдықталып, Брайль қарпіндегі арнайы үлгілер мен өзге де көмекші құралдар қарастырылған. Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық материалдары мен отырыстары да ымдау тіліне аударылған.
Миссия мүшелері әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық талаптарға да тоқталды. Заң бойынша аталған үш санаттың партиялық тізімдегі жалпы үлесі кемінде 30 пайыз болуы керек. Бұл талап депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де қолданылады.
ТүркПА Бас хатшысы орынбасарының міндетін атқарушы, Қырғыз Республикасы парламентінің өкілі Бектұр Базакечов миссия жұмысының тәуелсіздік пен бейтараптық қағидаттарына негізделгенін айтты.
«Сайлау барысына араласпау және оның қатысушыларына саяси тұрғыдан баға бермеу Халықаралық байқаушының басты ұстанымы. Біздің міндетіміз – сайлаудың ел заңнамасы мен мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне қаншалықты сай өткеніне әділ баға беру. Осы жұмыс барысында біз бейтараптықты, дербестікті, жариялылықты және сайлау барысына араласпау қағидатын ұстандық. Бұл сайлау Қазақстанның саяси институттарын одан әрі дамыту жолындағы маңызды кезең болды», – деді Бектұр Базакечов.
ТүркПА өкілдері халықаралық бақылаушылардың жұмысына ыңғайлы жағдай жасағаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдіріп, ел азаматтарын тұңғыш бір палаталы Құрылтайдың құрылуымен құттықтады.