ffin.kz

Қазақстан биылғы егін есебінен өзін астықпен толық қамтамасыз етеді

Қазақстан биылғы егін есебінен өзін астықпен толық қамтамасыз етеді Сурет: Egemen.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысы барысында жем-шөппен қамтамасыз ету және егін орағы науқанына дайындық туралы тапсырмалар берді.


Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жұмыстары аясында жем-шөп дақылдарының егіс алаңдары 448,1 мың гектарға ұлғайтылғанын хабарлады, жем-шөп сатып алуды субсидиялауға қаражат бөлінді, жем-шөп астығын сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталы ұлғайтылды, 1 қазанға дейін ҚР аумағынан бидай шығаруға квоталардың қолданысы ұзартылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz-ке сілтеме жасап.


Бұдан басқа, әрбір өңір бойынша жүйелі шараларды қамтитын Азық өндірісі саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы әзірленіп, бекітілді.


Сондай-ақ министр республиканың барлық өңірінде жаппай егін жинау басталғанын айтты. Бүгінде барлығы 2,2 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар (13,9%) жиналды, орташа өнімділік 14,6 ц/га жағдайында 3,3 млн тонна астық бастырылды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алаң 23,4 млн гектарды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 387,1 мың гектарға артық.


Ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудан күтілетін көлем республиканың ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және дәстүрлі нарықтардағы сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті.


Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл күзгі дала жұмыстарына 423,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Шілдеде 106,6 мың тонна тиелді, тамызда 148,2 мың тоннаға төленіп, 87,4 мың тонна тиелді.


Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Олардың бағалары өңірге байланысты бөлшек сауда бағасынан 15-25% төмен.


Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр жалпы биыл мал азығын дайындау жұмыстары үшін ауа райының қолайлы болып тұрғанын айтты. Дегенмен Маңғыстау және Атырау облыстары графиктен кешігіп келеді.



«Бұл өңірлер жұмыс қарқынын күшейтуі керек», —деді Әлихан Смайылов.



Премьер-Министр Үкіметтің егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағанын айтып өтті.



«Биылғы болжам бойынша, астықтың түсімі орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болуы керек. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің басты міндеті – егін орағын уақытында және сапалы өткізу», — деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ Үкімет басшысы элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз ету керектігін айтты. 



Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына өңір әкімдіктерімен бірлесіп, вагондармен қамтамасыз ету және логистика мәселесін шешу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.


Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен бірлесіп, қыс мезгіліне жем-шөп қорын уақытылы жасақтау шараларын қабылдау әрі олардың бағасының тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды.


Әлихан Смайылов дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы жұмыс аясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жанар-жағармайдың бағаларын бақылау және тапшылығына жол бермеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру тапсырылды.



«Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және әкімдіктермен бірлесіп, баға негізсіз көтерілген жағдайда тиісті ден қою шараларын қабылдауы керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, “ҚазМұнайГаз” және ҚТЖ компаниялары Мұнай өңдеу зауыттарынан мұнай өнімдерін уақытылы жіберуді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауы қажет», — деді Әлихан Смайылов. 



Сонымен қатар Цифрлық даму, иннофациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Энергетика министрліктеріне дизель отынын сатудың тәуліктік лимиттерін бақылау жөніндегі ақпараттық жүйені енгізуді жеделдету және Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін орағы кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.




Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51