ffin.kz

Қазақстан ауасы ең лас 20 елдің қатарында

Қазақстан ауасы ең лас 20 елдің қатарында Сурет: 24.kz

Мұндай мәлімет швейцариялық IQAir мониторингтік тобы жүргізген рейтингте көрсетілді. Компанияның былтырғы есебінде еліміз ауа ластануының әлемдік көрсеткіші жағынан 23-орында орналасқаны белгілі болды.


Бірінші орында - Бангладеш, екінші орында - Чад, үшінші орында - Пәкістан. Алғашқы ондыққа Тәжікстан, Үндістан, Оман, Қырғызстан, Бахрейн, Ирак және Непал кірді. Сарапшылардың айтуынша, ауа сапасының тазалығы жағынан Жаңа Каледония аралы, сондай-ақ Виргин аралдары және Пуэрто-Рико алда келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz басылымының сайтына сілтеме жасап. 


Ал ауа тазалығы төмен астаналар рей­тин­гісінде Нұр-Сұлтан 35-ші орында. Бұл тізім­де көшті Нью-Дели (Үндістан), Дакка (Бан­гладеш) және Нджамена (Чад) бастап тұр. Көршілес Ресей 80-ші орында, ал оның бас шаһары Мәскеу 73-ші орында жайғасып отыр.


Мамандардың сөзіне сүйенсек, Азия мен Африкадағы елдің барлығы бірдей толыққанды мониторинг деректерін бере алмаған. Рейтингте барлығы 117 мемлекет қамтылған.


Бұл орайда Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі экологиялық проблемаларға ерекше назар аударуды тапсырғанын айта кеткен орынды. Осыған байланысты 17 жол картасы бекітіліп, 485 арнайы шараны орындау көзделген. Оның ішінде атмосфералық ауаның жай-күйін жақсарту және стихиялық үйінділерді жою жөніндегі жұмыстар қамтылған.


Экологиялық мониторинг нәтижелеріне сәйкес, 10 қалада атмосфералық ауаның лас­тануы ең жоғары деңгейде. Олардың қа­­тарында Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақ­­төбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Бал­қаш, Жезқазған және Шымкент қалалары бар.


«Сондықтан орта мерзімді перспективада ауасы лас 10 қаланы газдандырып, балама энергия көздеріне көшіру, сондай-ақ көлік секторына экологияландыруды жүргізу қажет», - деген еді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.


Осы арқылы жоғарыда аталған өңірлерде экологиялық қауіпсіздікті қамтуға бай­ланыс­ты тиісті шешімдер қабылданады. Атап айтқанда, Алматы қаласында 2-3 ЖЭО-ны жаңғыртып, газға ауыстыру көзделіп отыр. Бұл зиянды заттарды 83%-ға (37 мың тоннадан 6 мыңға дейін) қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар дизель отынымен жүретін жолаушылар көлігін сатып алуға тыйым салынды.


Елордада 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды. Осының нәтижесінде атмосфераның ластану индексі 25 %-ға (4,95 бірліктен 3,8 бірлікке дейін) төмендейді. Сонымен бірге газдандыру атмосфераға ластаушы заттардың көлемін жылына 40 мың тоннаға (175-тен 135 мың тоннаға дейін) азайтуға жол ашады.


Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» өндірісті жаңғыртып, сондай-ақ жаңа тазарту құрылыстарын орнатуды көздейтін даму стратегиясын әзірледі. Осы себепті комитет эмиссияға 2022 жылға ғана рұқсат беріп, жаңа рұқсат беру нұсқаулығына сәйкес жоғарыда көрсетілген стратегияны іске асыру ескерілетін болады.


Ақтөбе қаласында «Қазхром» кәсіпорны электр сүзгілерін жаңғыртып, бұл ластаушы заттарды 30%-ға азайтуға септігін тигізеді. Ферроқорытпа зауытында цехтарды қайта құру бойынша жобаны іске асыру басталды. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңына қарай шығарынды көлемі 30%-ға төмендейді.


Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында мұнай шламдарын сусыздандыру қон­дырғысы орнатылды. Қаланың сол жаға­лауындағы КТҚ-ны жаңғырту аяқталды. Былтыр­дан бастап АМӨЗ-дағы булану тоға­нын рекультивациялай отырып, «Тазалық» жобасы іске асырыла бастады. Зауытқа 300 млн теңге бөлінгенін айта кеткен жөн.


Бұдан басқа «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша республиканың 16 ірі өнеркәсіптік объектісі эмиссияларды 20-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелер алды. Осы мақсатта озық қолжетімді технологиялар енгізіледі. Қазір 4 кәсіпорынға Ұлттық жоспарға сәйкес норматив бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берілді. Мысалы, «Қазақмыс» компаниясы кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау есебінен зиянды заттарды азайтуды жоспарлап отыр. Ал Балқаш мыс қорыту зауыты күкірт қышқылы цехының екінші желісін салуды көздеп, бұл күкірт диоксидінің көлемін 2,3 есеге, 61 мың тоннадан 26 тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.


Енді қатты тұрмыстық қалдықты жинап, шығарумен, сондай-ақ кәдеге жаратып, қайта өңдеумен және көмумен лицензиясы бар ұйымдар ғана айналысады. Бүгінде 80-нен астам лицензия берілді. Шарттардың бірі – жүк көліктеріне GPS қозғалыс сенсорларын орнату.


«Бұл қоқыс шығаруды бақылауға және заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының алдын алуға көмектеседі», - деді комитет төрағасы.


Ғарыш мониторингі арқылы елімізде 7 300-ден астам заңсыз қоқыс орындары анықталып, олардың 90%-ы жойылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04