"Қазақша сөйлеу сән бе, міндет пе?" Мамандар Мемлекеттік тілдің әлеуеті туралы айтты

  • 11:03, 05 қыркүйек 2025
"Қазақша сөйлеу сән бе, міндет пе?" Мамандар Мемлекеттік тілдің әлеуеті туралы айтты aikyn.kz

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. 2017 жылғы күзде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі бүгін - ұлт ұстазы, әдебиет зерттеуші ғалым, публицист - Ахмет Байтұрсынұының дүниеге келген күні. "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл" деген Ахаңның сөзі осы мерекенің мәнін айқындайды. Атаулы датаға орай Аqshamnews.kz тілшісі қазақ тілінің қоғамдағы рөлі мен әлеуеті жайлы филолог мамандардың ойын білді. 

Айгүл Әмірбекова

А.Байтұрсынұлы атындағы ТБИ Лексикология бөлімінің меңгерушісі, профессор

"Тіл қолданылмаса алдымен ұмытыла бастайды, сосын өледі"

Профессор Айгүл Әмірбекова қазақ тілінің қазіргі қоғамдағы қолданысына баға беріп, қай тұста даму барын, қай жерде ағаттық кетіп жатқанын талдап берді. Оның айтуынша, тіл ұмытылса, тілде сақталған ұлттық мұраның бәрі жойылады. 

"Егер тіл қолданылмаса алдымен ұмытыла бастайды, сосын өледі. Яғни тіл -  ұлтты сақтап тұратын басты тетік! Салыстырайық, Пәкістан мемлекетінің қазіргі қолданыстағы тілі - ағылшын тілі. Урду (ұлттық) тілінде сөйлеушілер азая бастады. Якут елінің тұрғындары да орыс тілінде сөйлеушілер. Саха тілін тұтынатындар азайды. Бұл - тілде сақталған ұлттық мұраның бәрі жойылды деген сөз", - дейді ол. 

Десе де, маман қоғамның қазақы сөзсаптамы түзеліп келе жатқанын айтты. 

"Қазіргі қоғам қазақша сөйлемейді деп айтуға болмас! Қазақша сөйлейді. Мәселен ауруханада “қан қысымыңыз көтеріңкі, ағзада заталмасу реті бұзылған, өт толған, қанда түйін бар, қан сұйылтатын дәрі-дәрмек жазып берейін" деп сөйлеу қалыптасты. Рас, ертеректе былай сөйленетін: "давление көтерілген, организмде обмен веществ бұзылған, өтте застой бар, тромб бар, антитромб препараттар жазамын” деген қолданыстар болған. Қазір қазақы сөзсаптам түзеліп келеді!" - дейді профессор. 

"Краш"-ты - керемет, "ухты"-ды - пай-пай-ға алмастырсақ..."

Айгүл Әмірбекова жастар тіліне таңғалатынын жасырмады. Ол кейінгі буынның сөйлеу стилі бөтен сөзбен былғанып, сән қуып кеткеніне көңілі толмайтынын айтты. 

"Жастар тіліне келер болсақ, таңғаламын! Оларда сән қуған сөзқолданыс. “Краш-краш”-ты- керемеееет деп сезімін созыңқырақ қазақ тілінде айтса жарасымды ғой. Тіпті зың-зың” деген қазақша жастар сөзімен сөйлесе де құптар едім. "Сушняк, хавать" деген түрме жаргондары екенін, жасырын тілбайласу сөзі екенін білмегеннен қолданады-ау деп ойлаймын. "Ух ты" дегенді екінің бірінен естиміз. Оның "пай-пай", "мәссаған" деген баламасы ауызға дер кезінде түспей қала ма екен. Өзіне қазақша сөйлеймін деп серт берген әрбір адам қоспасыз таза қазақша сөйлей алады. Оған ұлттық рух керек" дейді ол.

Ерлан Сламбекұлы

Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры м.а., филология ғылымдарының кандидаты

Қазақша сөйлеу трендке айналып жатыр ма?

Филолог Ерлан Сламбекұлы да жастардың сөйлеу тілі тақырыбын жалғады. Ол қазіргі жастардың қазақша сөйлеуді "модаға" айналдыруы үшін әуелі басшылардың, үлкен буынның дұрыс бағыт-бағдар беруінің маңызды екенін атап өтті. 

"Күні кеше орысша тілдесіп тұрған шәкіртімнің үстіндегі киімінен "қазақша сөйлеу модада" деген латын қарпімен жазылған жазуды оқыдым. "Қазақша сөйлеу мода емес. Қазақша білу – міндетің" дедім. Шәкіртім қысылып қалды. Бұл жазу әлбетте, мен қазақша білемін деген ишара ғана. Әрбір білім мекемесі: "балабақша – мектеп – колледж – университет" – қазақ тілі іргетасының берік қаланып, дамуына ықпал ететін жауапты орындар. Қандай бір шәкірт болмасын өз басшысының (директор, ректор, т.б.) қазақ тілінде көсіле сөйлегенін теріс көрмейді. Бұл – оларға нақты бағдар. Кейде өз тілінде еркін сөйлей алмай, өзге тілде көлгірситін ұлты қазақ басшыларға жаным ашиды. Сондықтан қай ортада, қай жерде болмасын өз тілімізде қарым-қатынас жасауымыз аса маңызды. Бізге жетіспейтін негізгі тетік – осы", - дейді ол.  

Қазақ тілінің толық дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі 4 фактор

Филолог қазақ тілінің дамуына қандай фактор әсер етіп отырғанын болжап көрді. Оның айтуынша, қоғам бұл төрт кедергіден арылмаса 10 жыл өтсе де осы деңгейде қала береді. 

"Қазақ тілін меңгеру деңгейі әртүрлі болғанымен, көпшілік ойды дұрыс жеткізе алмау қорқынышымен орысша сөйлейді. Бұл жағдайға біріншіден, білім беру жүйесінде қазақ тілін талаппен оқытпау, екіншіден, отбасындағы өзге тілдің басымдығы, үшіншіден балабақшадағы шет тілдің үстемдігі және мекеме басшыларының немқұрайлылығы себеп. Егер нақты жоспарлы жұмыс жүргізілмесе, тілдің қолдану аясы он жылдан кейін де өзгермейді. Тілдің дамуы азаматтардың қазақша сөйлесуіне байланысты. Ал ғалымдар ұлттық танымға сай жаңа сөздер мен терминдерді қалыптастыруға үлес қосуға тиіс", -дейді Ерлан Сламбекұлы.

Айта кетейік, 1989 жылғы 22 қыркүйекте "Тілдер туралы" заң қабылданды. Ал тілдер мерекесі 1998 жылдан бастап тойланады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. Алайда жиырма жылдан соң атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Өйткені 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сол себептен 2018 жылдан бастап атаулы датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте мерекелене бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:46

11:21

11:16

11:10

11:09

11:03

11:02

10:52

10:52

10:38

10:25

10:25

10:13

09:47

09:38

09:35

18:43

18:37

17:57

17:54

17:46

17:40

17:39

17:23

16:32