ffin.kz

Қазақ–Француз қатынасы жаңа кезеңге аяқ басты

Қазақ–Француз қатынасы жаңа кезеңге аяқ басты almaty-akshamy.kz

Ертең, 1 қараша күні Франция президенті Эммануэль Макрон елімізге ресми сапармен келеді. Екі ел басшыларының кездесуінде ҚазақстанФранция арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетика саласындағы ынтымақтастық тақырыбы сөз болады. Француз президентінің бұл сапары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен жүзеге аспақ. Президент Макрон Қазақстанға жасағалы отырған сапарын «тарихи» деп бағалады. Олай деуіне де өзіндік қисын-себебі түгел. Ең алдымен, бұл оның Франция президенті ретінде Қазақ жеріне, тіпті Орта Азияға алғаш қадам басуы. Енді бір жағынан бұл сапары қазіргідей күрделі халықаралық жағдайға қарамастан қазақфранцуз қарым-қатынасының жаңа бір сатыға көтерілгеніне дәлел болғалы отыр.

 

 

 

Сәлем хат дипломатиясы

 

Франция президентінің Қазақстанға жоспарлаған сапар уақыты жақындағанда елімізде қайғылы оқиға болды. Қарағандыдағы Костенко шахтасында апаттан 46 шахтер көз жұмды. Осыған орай президент Макрон қазақ тілінде көңіл айту хатын жолдады. Ол азаматтарынан айырылып, көңілі қаралы, жүрегі жаралы отырған елімізге қайғыра көңіл айтатынын білдірген.

 


Хатының нақты мазмұны мынадай: «Барша қазақстандықтарға деген достық пейілімді жеткізу мақсатындағы Қазақстанға тарихи сапарыма бірнеше күн қалғанда елдің шахталарының бірінде болған қайғылы хабарды терең мұңмен қабылдадым. Барлық қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын».

 

Бұл хат, әрине, қайғылы жағдайға жіберілген көңіл айту хаты болғанымен,  француз дипломатиясының үкілі үмтін де алып жетті. Өзі сапарлағалы отырған елдегі қайғылы оқиғаның әрине оның кезекті сапарына сыртқы тұрғыдан әсері болатыны да белгілі. Франция тарапы мұны ескермей отырған жоқ.

 

Жалпы, Франция басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тығыз қарым-қатынастағы шетелдік лидерлердің бірі. Бұдан тура бір жыл бұрын өткен кездесулері де аса жоғары деңгейде болған еді. Қазақстан Президенті ретінде Франциядағы алғашқы сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев мейманды қарсы алудың  жоғары ілтимпатына бөленген. Сол кездесуде ол әріптесі Макронмен екі сағаттан астам уақыт бетпе-бет әңгімелесіп, көптеген мәселелерде пікір алмасқан болатын. Турасын айтқанда, Франция президентінің Қазақстанға ресми сапармен келуіне де осы кездесу түрткі болғаны анық. Сол кездегі ресми мәліметтерде тараптар екі ел қарым-қатынасынан тыс, халықаралық жағдайларға қатысты да емен-жарқын пікір алмасқаны айтылған еді.

 


Ал осы жылдың көктемінде Франция президентінің арнаулы өкілі Изабель Дюмон ханым президент Макронның жылы лебізді сәлем хатын алып Астанаға келген. Қабылдау кезінде Мемлекет басшысы қазақ–француз қарым-қатынасының даму қарқынына ризашылығын білдірген. Дюмон ханым сәлем хатпен бірге президент Макронның ауызекі сәлемін де жеткізіп, Париж бен Астана ортасында стратегиялық серіктестікті дамытуға мүдделі екендіктерін баса белгілеп қайтқан. Міне, осылайша қазақ–француз қарым-қатынасының жаңа қарқын алуына «сәлем хат дипломатиясының» да өз әсері бар.

 

 

 

Тарихи сапар: тасадағы тартыстар

 

Франция – Еуропалық Одақ ішіндегі локомотив елдердің бірі. Әрі әлем экономикасы мен халықаралық қатынастардағы ықпалды ел саналады. Ядролық держава екенін айтпаған күннің өзінде, Франция Шығыс пен Батыс арасындағы қызу нүктелерге әсер ететін күш ретінде де бағаланады. Оның Қазақстанмен немесе Орта Азиямен қарым-қатынасы сырт көздің қаперінен тыс қалмасы анық. Сондықтан да Макронның кезекті сапарының жай-жапсарын, арқау-астарын сан-саққа жүгіртіп жатқандар да жоқ емес. Ең әуелі бұны аймақтағы Ресейдің дәстүрлі ықпалына қарсы жаңа әрекет ретінде бағалап шығатындар да бар. Ірі державалардың бәсекесі қызып тұрған шақта, бұндай көзқарастардың айтылуы да таңқаларлық жайт емес.

 


Президент Макрон Астанадан шығып, сапарының екінші аялдамасы ретінде Ташкентке ат басын бұрмақ. Бұл ресми Париждің Қазақстанды қамтыған геосаяси аймаққа салмақты бір қадам жасап отырғанын көрсетіп тұр. Табиғи ресурстарға, мол шикізатқа ие, әсіресе уранға бай Орта Азия елдерімен экономикалық байланысты тереңдету Франция президентінің кезекті сапарының тағы бір мәні.

 

Орта Азия сапарының мақсаты жайында Макрон өз еліндегі ақпарат құралдарына да пікір бөліскен. Ол Қазақстан мен Өзбекстанға осы елдердегі «реформалар мен модернизациялау күш-жігеріне» көмек көрсетіп,  «Еуропамен байланыстарын нығайтуға» деген ұмтылысын қолдау танытуды мақсат етіп бара жатқанын айтқан.

 


Әрине, ресми сөздер осылай болғанымен, Франция басшысын Қазақстан мен Өзбекстанның бай уран қоры көбірек қызықтырады. Елінде 56 ядролық реакторы бар Франция электр қуатының үштен екі бөлігін АЭС-тен алады. Бұған дейін де әлемде уран өндіруде көшбасшы болып келген Қазақстан Францияны шикізатпен қамтушы негізгі ел болған. Нигердегі төңкерістерден кейін Франция тіпті де орта-азиялық уран қорына зәру бола түсті.

 

Еруліге қарулы дегендей, біздің де ішкі-сыртқы саяси һәм экономикалық мүддеміз тұрғысынан француздың қолдау-көмегі немесе нарығы қызықты.

 

Міне, осындай тең екіжақтылы мүдделілік тараптардың арасын жақындатып келеді. Әсіресе, біз үшін францздардың АЭС салудағы, оны пайдаланудағы мол тәжірибесі аса маңызды. Тіпті, Тоқаев – Макрон келіссөздерінде бұл мәселе де талқылануы мүмкін деген болжамдар да бар. Уранға бай Қазақстанның АЭС арқылы энергия тапшылығынан құтылуы болашақтың еншісінде ғана тұр. Бірақ ел ішінде АЭС-ке және оны қай елге салдыруға қатысты дау-шар ауық-ауық туып келеді. Мұндай тұста Франция сынды елдің жоғары жетекшілерімен болған кездесу еліміздің болашағына, энергетикалық тәуелсіздігіне қатысты мәселені талқылап жатса тіпті де қуанарлық жайт.

 


Дегенмен, Франциялық басылымдар Макрон сапарының Мәскеуге қатысты  әсер-ықпалын да сөз етуде. Бұдан тыс Орта Азиядағы адам құқығы, сөз бостандығы және демократияның даму деңгейіне қатысты мәселелерді көтеріп, Франция президентіне ықпал еткісі келіп жатқан тараптар да бар. Қазақ–француз қарым-қатынасы міне осындай аумалы-төкпелі әрі талас- тартысты кезеңде өзінің жаңа бағыт-бағдарын айқындағалы отыр.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32