ffin.kz

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық  университетінің баспасөз қызметі

Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Университетте «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында Халықаралық форум өтті. Мерейтой аясында еліміздің білім және ғылым саласына еңбегі сіңген тұлғалар, университет түлектері және профессорлық-оқытушылық құрамы марапатталды. 

Халықаралық форумға Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Өксікбаев Омархан Нұртайұлы, ҚР Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы,Ұлттық инженерлік академия Президенті Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Абден Қарақат Жақсылыққызы, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Аягүл Төреқызы Миразова, Экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының Президенті Алшанов Рахман Алшанұлы, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Құрманәлиев Кәрімбек Арыстанбекұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Смирнова Ирина Владимировна қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

 

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы Директорлар кеңесінің Төрағасына алғысын білдіріп, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін медаль табыс етті.

«Мерейтой аясында бір жыл бойы көптеген конференциялар, ғылыми жобалар жүзеге асырылды, орталықтар ашылды, профессорлар дәріс оқыды. Бірақ бүгінгі күн ерекше, себебі университетіміздің басты жетістігі, қоғамға берген жақсылығы сіздердің алдарыңызда отыр. Университетіміздің өркендеп, өсуіне үлес қосып жүрген ел ағаларына алғыс айтамын. Омархан Нұртайұлы университетімізге көлемді инвестиция алып келді. Қыздардың білім алуына қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан Алматының орталығынан ғимарат берілуіне, зертханалардың ашылуына септігін тигізді», – деді ректор.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Төреқызы Миразова ұжымды құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.

 «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығы – ­ барша Қазақстанның қуанышы десем, артық айтқаным емес. Озық ойлы ұлтты тәрбиелеуде ана мен ұстаздың алар орыны ерекше. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы жолда аянбай еңбек етуде. Небір тұлғалар осы университеттен түлеп ұшты. Тарихы өте терең университетіміз өркендей берсін. Білікті ұстаздарымыз, елді әлемге танытатын түлектеріміз көп болғай», – деді Аягүл Төреқызы.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Смирнова Ирина Владимировна өз сөзінде қыз баланың тәрбиесінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Тәрбиелі, ізгі қасиеттерге ие қыздар болашақта ұлттың ар-намысын сақтайтын, қоғамға үлгі болатын ұрпақты қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.

Форумда QyzPU ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы еліміздің білім және ғылым, мәдениет салаларын дамытуға үлес қосқан түлектерге алғыс айтып, мерейтойлық төсбелгі табыстады.

 Университеттің белді түлектері белгілі ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, Ұлағатты ұстаз,  мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы, Танымал қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Парасат» және 2 дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері Асылы Әлиқызы Осман құттықтау сөз сөйледі.

 Мерейтой аясында университет тарихындағы айтулы оқиға – QyzPU жаңа оқу ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Жаңа корпустың лентасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Орынша Қарабалина, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев кесті.

 Сонымен қатар университетте Пәнаралық ғылыми зертхананың ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхамедқали Матаев және Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев қатысып, лентасын қиды.

 «Университет жас мамандарды тәрбиелеп қана қоймай, ғылым саласын дамытуға да ден қойып отыр. Үлкен ғылыми ордаға айналуына көңіл бөліп, зертханалар ашып жатырмыз. Республикада жоқ құрылғылар алдынды. Зертханадағы оқудың 30%-ы оқу-әдістемелік болса, 70%-ы ғылыми тәжірибе жинақтауға бағытталған. Ғалымдардың осы зертханалардағы тәжірибесінің арқасында елімізде ғылыми жаңалықтар болады сенімдемін. Сондықтан бұл университет тек мұғалім даярлауға ғана емес, ғылымды дамытуға да үлес қосады», – деді Омархан Өксікбаев.

 

 Зертханалық орталық «химия-биология-физика» бағытындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге негізделген, болашақта басқа да бағыттарды қамтиды деп жоспарлануда.

 Ол әртүрлі салаларда зерттеулер жүргізуге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Орталықта түрлі бағыттағы зертханалар бар: спектрлік талдау зертханасы, рентгендік фазалық талдау зертханасы, жаңа материалдарды синтездеу зертханасы, кванттық магнитометриялық зерттеулер зертханасы, электрондық құрылымдық зерттеулер зертханасы, табиғи қосылыстар химиясы зертханасы, креативті идеялар және ынтымақтастық зертханасы, биомедициналық зерттеулермен айналысатын биомедициналық зерттеулер зертханасы және жаңа биологиялық өнімдер мен технологияларды жасау үшін биотехнология және гендік инженерия бойынша зерттеулер жүргізілетін биотехнологиялық зерттеулер жасайтын зертхана.

 Мерейтой аясында өткен маңызды шаралардың бірі – университетте «Mazmundama» баспасымен бірлесе жаңа идеялар мен креативті бастамаларға арналған «QyzPU Unispace» коворкинг орталығының салтанатты ашылуы өтті. Орталықтың ресми ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Асылы Әлиқызы Осман, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Абден Қарақат Жақсылыққызы қатысты. Ашылу салтанатында «Mazmundama» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан жобаны көпшілікке таныстырып, орталықтың маңыздылығы мен болашағы жайлы өз пікірін бөлісті. Бұл – университеттің шығармашыл әрі ізденімпаз жастарға қолдау көрсетудегі кезекті маңызды қадамы.

 Мерейтой аясында жаңадан ашылған жаңа ғимаратта QyzPU Michigan State University-мен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. QyzPU мен Sussex University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар QyzPU, Education University of Hong Kong және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында ұстаздар біліктілігін арттыру академиясын құру туралы шартқа қол қойылды. Еліміздің білім саласы үшін маңызды тағы бір жаңалық – Education University of Hong Kong пен Қазақстанның жоғары оқу орындарының ректорлары арасында Альянс құру туралы шартқа қол қойылуы. Аталған келісім Қазақстанда білім беру мен ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп күтілуде.

Michigan State University Білім колледжінің халықаралық зерттеулер жөніндегі Вице-деканы, профессор Амита Чудгар келісімнің маңыздылығын атап өтіп, екі тараптың өзара ынтымақтастығы білім беру жүйесін жетілдіріп, ғылыми ізденістер мен инновациялық шешімдерді жүзеге асыруға зор үлес қосатынын білдірді. Sussex University Білім және әлеуметтік ғылымдар мектебінің жетекшісі, Вице-Президенті профессор Саймон Томпсон QyzPU-мен екі жылдан бері серіктестік орнатып келе жатқанын, осы уақытқа дейін оқытушылардың ғылыми зерттеу потенциалын көтеру бойынша бірлескен жұмыстар атқарғанын айтты. Профессор бұл келісімнің негізгі мақсаты мұғалім даярлауды ғана емес, білім берудегі зерттеулерді дамыту бойынша да бірлескен жобаларды жүзеге асыру екенін атап өтті. Гонконг білім беру университеті Вице-президенті профессор Ло Синг Кай университетпен бірлесе мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған кәсіби оқыту бағдарламаларын әзірлеуге дайын екенін жеткізді.

80 жылдық мерейтойдың қорытынды іс-шарасы Балуан Шолақ мәдениет және спорт сарайында өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамын Ғылымға қосқан үлесі үшін марапаттады.

«80 жыл бұрын сол кездегі басшылар ең қиын кезеңде, әлемдік соғыстың төртінші жылында университет ашу туралы үлкен шешім қабылдады. Ежелгі Грекияда бір жақсы нақыл сөз бар. «Қоғам қашан үлкен болады? Сол қоғамдағы адамдардың үлкендері көлеңкесіне отыра алмайтынын біле тұра ағаш еккен». 1944 жылы үлкен ағаш егілді, сол ағаштың көлеңкесінде қазір біз отырмыз. Сол ағаштың жемісін 12 мыңнан аса студентті қазір біз көріп отырмыз. Біріншіден, ұстаздарға, профессорлық-оқытушылық құрамға, университет басшылығына айтарым, ағаштарды еге беріңіздер, шамшығарымыз сөнбесін. Қыздар университеті тек білім беру ордасы емес, ұлттық құнылықтарды дәріптеуші және тікелей қоғамға жеткізуші білім ордасы», – деді министр.

Салтанатты кеште қонақтар концерттік бағдарлама тамашалап, Университет түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Орынша Қарабалина 1 курс білім алушысына Студенттік билет табыстады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05