Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концертінде Ахмет Жұбанов, Сыдық Мұхамеджанов, Айтқали Жайымов сынды танымал композиторлардың туындылары орындалады, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Шараның бірінші бөлімінде Айтқали Жайымовтың оркестрге арнайы жазған жаңа туындысы - «Увертюра» тыңдарман қауымның назарына ұсынылмақ. Бұл – Ахмет Жұбанов пен Құрманғазының шығармаларынан аралас, импровизаторлық жаңа туынды. Бұл туралы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, «Құрмет» орденінің иегері Абылай Тілепберген ОКҚ алаңында хабарлады.
Оның айтуынша, екінші бөлімде «Оркестр түні» жобасының жаңа бағдарламасы ұсынылады. Өнер сүйер қауым әлемдік хиттер, мәселен, Уитни Хюстон, Стинг сынды белгілі әртістердің әндері мен кино саундтректерінің элементтерін тамашалай алады.
«Концертте жеке орындаушылар да өнер көрсетеді. Оркестріміздің бас концертмейстрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаевтың жеке орындауында күй тыңдаймыз, қобызшылар тобының концертмейстері Әсел Рахымжанның орындауында шығарма тыңдаймыз. Өзімізбен бірге алып келіп отырған жеке солистеріміз бар. Олардың бірі – жас опера әншісі Аяжан Қуаншалиева. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев пен Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Расул Жармағамбетов, солист Евгений Чайников сынды өнерпаздар жеке ән айтып, жеке аспаптарда шығарма орындап, өнерлерін көрсетеді», – деді спикер.