ffin.kz

Қазақ тойының қандай проблемалары бар?

Қазақ тойының қандай проблемалары бар? Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда өткен Қазақ билер алқасының құрылтайына құрметті қонақ ретінде қатысудың реті түсті. Ұйымдастырушылар қатарында Алғадай Әбілғазыұлы, Кәмнұр Тәлімұлы, Құл-Керім Елемес және Табиғат Әлібек қатарлы жігіттер жүр. Жиында қоғамдық бірлестіктің Жарғысы таныстырылып, жиырмашақты тақырыпта баяндамалар жасалды. Демократиялық жолмен өткен сайлауда Ерман Албан деген азамат ұйымның жаңа төрағасы болып сайланды.  


Форумда маған да сөз тиіп, ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі болып табылатын Той мәдениеті, оның көкейтесті проблемалары туралы  ой қозғадық. Сол ойларымды қағазға түсіріп оқырмандарыма ұсынып отырмын. Қазақстанда облыс, аудан орталықтарын қосып алғанда шамамен 20 мыңдай мейрамхана, кафе, асхана, қоғамдық тамақтандыру орындары бар. Жұма, сенбі, жексенбі күндері солардың бос болатыны кемде кем. Елімізде той-томалақтарды жүргізетін асабалардың өзі шамамен 15 мыңнан асады. Өкінішке қарай оларды кәсіби дайындайтын оқу орындары жоқ. Өздерінің көргені бар, басқалардан үйренгендері бар, азды-көпті өнерге жақын біраз жігіттер нәпақасын сол тойлардан тауып жүр.


Асаба мәдениеті, той иесімен алдын ала келіссөздер тәртібі, той жүргізу мәдениеті, сөйлеу мәнері, дикция, музыка дозасы, т.б. тақырыптарда ұзақ жылдардан бері қалам тербеп айтып келеміз. Өз басым үшін той – қазақтың тәрбие мектебі. Асаба – той мінберінің иесі. Менің ойымша Қазақ билер алқасының қолынан келетін бір шаруа – осы той мәдениетін қалыпқа түсіру болса керек.  


Бүгін қазақ тойының қандай проблемалары бар? Қазақ билер алқасы Той мәдениетін ыңғайлы жүйеге, ұлттық  арнаға бұруға жәрдемдессе деп ойлаймын.


Ең алдымен уақыт ысырабынан арылуға тетік жасаса ұтымды болар еді. Жұртты кәдімгі садақа, нәзір астағыдай тойды тура шақыру билетінде көрсетілген уақытта бастауға дағдыландыруымыз керек.


Екінші  – дастархан ысырабынан арылту. Дастарханға бәрін толтырып қоятын ашаршылық синдромынан арылып, дастарханға тек жейтін ғана тамақ қойылуы керек. Біртіндеп ас  мәзірін той қонақтары алдын ала өз қалауы бойынша тапсырыс беріп, орындатуға жеткізу аса бір оңды шаруа болар еді.


Үшінші, кеңестік кезеңнен қалған арақ-шараптан құтылу. Дастарханға  алкогольді мүлде жолатпау. Асабалар «алып қойыңыздар», «тартып жіберіңіздер» деген тәрізді арақ ішілуіне үндейтін тіркестерден бас тарту.  


Төртінші, толассыз тост тасқынынан арылу. Ол үшін той иелері тойхана алдында тұрып, келген қонақтарды құрметпен қарсы алғаны құп болады. Меймандар құттықтауларын сол жерде айтып, сыйлықтарын сол жерде тапсырады. Содан кейін жұрт алдында қайта сөйлеудің қажеті болмай қалады.  


Бесінші, қазақ тойларын  мәдени «қоқыстардан» тазарту қажет.  Ол қандай қоқыстар?  Бұл ең алдымен тілдік қоқыстар! Қазақтың тойы мүмкіндігінше тек қазақ тілінде өтуі керек! Сондықтан асабалар той басында  «тойдың қазақ тілінде өтетінін, тілек білдіретін адамдардың тек қазақша сөйлеу керектігін ескерту қажет.


 Алтыншы – музыкалық қоқыстар. Тойханалардағы дыбыс күші заңға сәйкес, санитарлық норма бойынша күндізгі кезде 60 децибелден, кешкі кезде 50 децибелден аспау керек. Ал іс жүзінде 100 децибелден асып кетеді.    


 Жетінші – Қазақ тойынан шетелдік оның ішінде орыс әндері мен билерін, еуропалық әндер мен билерді, өзбек билерін, үнді билерін өте таяу арада ығыстырып шығаруымыз керек. Би билеуге ыңғайлы қазақ музыкасының хронометражы мамандардың айтуына қарағанда 160 сағатқа жетеді екен. Той қонақтары үздіксіз бес тәулік  билесе де қазақ музыкасы жетеді!  Қазақтар өз қуаныш салтанаттарында ұлттық әуеннен ажырамауға, басқаларға еліктеп еріп кетпеуге тиіс.  


Сегізінші, үйлену салтанатында атқарылатын маңызды екі шаруа болады. Бірі дереу некесін қидырту, екінші беташар рәсімін өткізу. Үйде беташар тойында беташар айтылған болса онда кейін мейрамханада өтетін салтанатта қайталап беташар айтудың қажеті жоқ. Беташар 15-20 минуттан аспауы керек. Келін алдағы уақытта өзі үнемі сәлем салатын туыстарға ғана сәлем салады. Беташарды 30, 40 минутқа, бір сағатқа созу әбестік, көргенсіздк болды. Беташардың бизнестік транформациясына яғни беташар айтушының көрімдікке құмартып, көргенсіздіктерге жол беруіне болмайды.  


Тоғызыншы, үйлену, қыз ұзату, мерейтойлық салтанаттарда, кішкентайлардың туған күндерінде  ортаға әкелінетін торттардың үстіндегі шырақтарды үрлеп өшіруге болмайды. Бұл қазақ үшін отың өшсін деген жаман ырым.


Оныншы, қазақ тойларын «жұлдыздар» шақырып концертке айналдырмай, тойға келген қонақтардың өзінің ішкі потенциалы пайдаланылса құба құп болмақ.  


Түйіндей келгенде бұл сала қараусыз қалмауы керек. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы жанынан асабалар дайындайтын факультет ашылса да оңды қадам болмақ. Таяу жылдарда «Той туралы» заң қабылданса да той мәдениетін бір ізге түсірер еді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32