Биыл ұлттық музыкалық өнер тарихында өзіндік орынға ие Қазақстан композиторы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың (1924-1991) 100 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған байланысты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Музыкатану ғылымындағы белгілі тұлғалар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, «Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығы: уақыт еншісіндегі ғасырлар үні» атты жинақты жарыққа шығарып, тұсаукесер рәсімін өткізді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Алқалы жиынды М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов басқарды.
Дөңгелек үстелге Қазақстанның Еңбек ері, Жамбыл Жабаев және Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері, Қазақстан Республикасы мен Қырғызстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, композитор, өнертанушы, суретші Ілия Жақанов, Халық жазушысы, драматург, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Софы Қалыбекұлы Сматай, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры, доцент, Құрманғазы оркестрінің ардагері Өтепберген Хамзин, Философия, саясаттану және дінтану институтының «Қазақ философиясы» секторының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Гаухар Барлыбаева, Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айдын Базилов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі, өнертану докторы, профессор Дана Жүнісбекқызы Жұмабекова, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты Тойжан Жылқайдарқызы Егінбаева және М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Музыкатану бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанова қатысты.
Сондай-ақ, жиынға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушы өкілдері де келді.
Қалың оқырманға жол тартқан еңбекте С.Мұхамеджановтың қаламынан туған мақалаларымен бірге, композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар көрініс тапқан.
Кітаптың алғашқы бөлімінде С.Мұхамеджановтың мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары жинақталып, алғаш рет оқырмандарға ұсынылды. Екінші бөлімге композитордың шығармашылық ізденістері, жетістіктері, сондай-ақ, аға буын композиторлар мен музыкалық қоғам туралы пікірлері, тілшілерге берген сұхбаттары енді.
Үшінші бөлімде С.Мұхамеджановтың өмірі мен шығармашылық жолына, жеке туындыларының көркемдік құндылығына қызығушылық танытқан жазушылар (М.Әлімбаев, С.Сматай, І.Жақанов), музыкатанушылар (М.Ахметова, Ж.Рсалдин, А.Кельберг және т.б.) және композиторлардың (Л.Хамиди, Е.Рахмадиев және т.б.) мақалалары берілген.
Сонымен қатар, кейінгі буын зерттеушілердің де еңбектері жинаққа енгізіліп, жаңаша зерттеулердің нәтижелері баяндалған.
Кітапта Сыдық Мұхамеджановтың музыкалық шығармаларынан үлгілер және мұрағаттық фотосуреттер берілген. Мерейтойлық басылым полиграфиялық сапасы жағынан да жоғары деңгейде орындалған.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Гүлнар Шаханқызы Жидилованың сүйемелдеуімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының жас солистері С.М.Мұхамеджановтың әндері мен операсынан үзінділер орындады.
Бұл еңбек өнер, мәдениет, тарих саласының мамандарына, оқу орындарының білім алушыларына және жалпы жұртшылыққа арналған. Композитор Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылығына арналған тұңғыш еңбектің оқырмандары көп болады деп сенеміз.