Қауіпсіздік пен тарихи мұра тепе-теңдігі: Алмалы ауданы әкімдігі ғимараты қалай түрленбек?

Қауіпсіздік пен тарихи мұра тепе-теңдігі: Алмалы ауданы әкімдігі ғимараты қалай түрленбек? Cурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Almaty телеарнасы урбанистика, қолайлы қалалық орта қалыптастыру және Алматының сәулеттік мұрасын сақтау мәселесіне арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» бағдарламасының екінші шығарылымын ұсынады, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.

Сарапшылар мен сәулетшілер қаланы жаңғырту жұмыстарының қалай жүзеге асатынын, мамандар қандай сынға ұшырап жататынын және қала тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндайды.

Алматыдағы тарихи ғимараттарды қайта жаңарту мәселесі әрдайым қоғамда екіұдай пікір тудырып жатады. Бірі қаланың келбеті бұзылады деп алаңдаса, енді бірі жаңарту жұмысы жүргізілмесе, ол нысандардың қауіп көзіне айналатынын алға тартады. «Архитектор» жобасы сырт көзге әдемі көрінетін ғимараттардың артында күрделі инженерлік түйткіл тұруы мүмкін екенін көрсетеді.

Бағдарламаның екінші шығарылымында авторлар қауіпсіздік, тарихи келбетті сақтау және тұрғындардың мүддесі арасында тепе-теңдік табуға ерекше назар аударды.

Бағдарламаның негізгі тақырыптарының бірі - Алмалы ауданы әкімдігі ғимаратының қайта жаңғыртылуы. Бұл тарихи нысан 1976 жылы салынған және шамамен 50 жыл бойы бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Қазіргі таңда ғимарат толық реконструкциядан өтіп жатыр: сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп, адамға қауіп төндіретін барлық элемент ауыстырылып, ескірген инженерлік желілер жаңартылуда.

«Құрылымдарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде - ағаш элементтер жеңілдетілген сәндік баламаларымен ауыстырылып жатыр, сонымен қатар ғимараттың тарихи келбеті де сақталып қалады. Бұрын құлау қаупі бар қасбеттік сәндік элементтер түпнұсқасымен дәлме-дәл қайта қалпына келтіріледі», - дейді авторлық қадағалау бөлімінің басшысы Талғат Тәжібаев.

Алматы қаласы Құрылыс басқармасының бас маманы Айтбек Бекболұлы бұл ғимарат қорғалатын тарихи нысандар тізіміне кірмесе де, оның сәулеттік келбеті сақталатынын атап өтті.

Жаңа шығарылымда журналистер Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының жаңғырту жұмыстарының барысын да көрсетті. Мамандардың айтуынша, сырт көзге жақсы күйде көрінгенімен, ғимараттың техникалық жағдайы өте күрделі болған.

Жобаның бас инженері Алма Кенжалина жүргізілген тексеру барысында құрылымдар мен инженерлік жүйелердің қатты тозғаны анықталғанын айтты.

«Зерттеу нәтижелері ғимараттың қанағаттанарлықсыз күйде екенін және жай жөндеуді емес, терең реконструкцияны қажет ететінін көрсетті», - деді ол.

Оның айтуынша, ең үлкен қауіп қасбетте болған: мәрмәр және қаптау элементтері бұзылып, адамдар көп жиналатын аумақта құлау қаупін тудырған.

Сонымен қатар Алматы қаласы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Еламанов театрдың негізгі сәулеттік белгілері сақталып, қалпына келтірілетінін жеткізді.

Оның айтуынша, мәрмәр қаптамалар, гранит жабындары мен люстралар ауыстырылмай, қайта қалпына келтірілмек. Сонымен қатар балалар мен жастар жобаларына арналған кеңістігі және заманға сай сахнасы бар қосымша корпус салу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, бағдарламаның бір бөлімі қаланың Бас жоспарын түзету мәселесіне арналып отыр. «Алматыбасжоспар» ҒЗИ басшысы Асхат Сәдуов қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының барлық өтініші мен ұсынысы ескерілетінін жеткізді.

[Almaty телеарнасындағы «Архитектор» бағдарламасының екінші шығарылымына сілтеме]

https://www.youtube.com/watch?v=8OIA2pT-WxU

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:05

15:50

15:41

15:20

15:10

14:55

14:43

14:31

14:27

14:17

12:47

12:34

12:18

11:55

11:25

11:10

11:01

10:50

10:40

10:22

10:15

09:52

09:35

09:17

09:04