Дәрігерге ерте жүгініп, емді уақтылы бастаған кезде жекелеген жағдайларда ұрпақ өрбіту қабілетін сақтап, болашақта ана атану мүмкіндігі бар, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкологтары үш әйелге эндометрий обырын емдегеннен кейін ана атану мүмкіндігін сақтап қалуға көмектесті. Жеке таңдалған ем мен медициналық бақылаудың нәтижесінде пациенттер дені сау балаларды дүниеге әкелді.
Жас әйел үшін «эндометрий обыры» диагнозы күрделі емнің қажеттігін ғана емес, бала сүю мүмкіндігінен айырылу қаупін де білдіруі мүмкін. Алайда онкологиялық көмектің заманауи әдістері жекелеген жағдайларда ұрпақ өрбіту қабілетін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ем алған үш пациенттің тарихы емдеуге жеке көзқарастың әйелдердің ана болу арманын жүзеге асыруға қалай көмектесетінін көрсетеді.
Құпиялылықты сақтау мақсатында материалдағы пациенттердің есімдері өзгертілген.
Осындай пациенттердің бірі — Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Камила В. 2021 жылы жас әйелге эндометрийдің эндометриоидты аденокарциномасы диагнозы қойылған. Диагноз анықталғаннан кейін оған жатырды алып тастау ұсынылған. Алайда Камила ана болуды армандап, ұрпақ өрбіту қабілетін сақтауға бағытталған ем мүмкіндігін пайдалануға шешім қабылдаған.
Тексеруден өтіп, жеке емдеу тактикасы айқындалғаннан кейін оған левоноргестрел бөлетін жатырішілік жүйені қолдану арқылы гормондық терапия тағайындалды. Ем мамандардың бақылауымен жүргізілді.
2022 жылғы 5 қыркүйекте Камила дені сау қыз баланы дүниеге әкелді. Қазір ол ұзақ мерзімді ремиссияда және жұбайымен бірге көптен күткен қызын тәрбиелеп отыр.
Маңғыстау облысының тұрғыны Сания З. да осындай жолдан өтті. Оған да эндометрийдің эндометриоидты аденокарциномасы диагнозы қойылған. Дәрігерлер гормондық терапияны қолдана отырып, ағзаны сақтауға бағытталған ем жүргізді.
Емнен кейін Сания жүкті болды. 2023 жылғы 15 қаңтарда жүктіліктің 38-аптасында кесарь тілігі арқылы салмағы 3200 грамм дені сау ұл баланы дүниеге әкелді. Қазір пациент ұзақ мерзімді ремиссияда және ұлын тәрбиелеп отыр.
Үшінші пациент — Валерия М.-ның тарихы екі елдің мамандарын біріктірді. Эндометрий обыры анықталғаннан кейін жас әйел Қазақстанда ем ала бастады. Жүктілік кезінде ол отбасымен бірге Оңтүстік Кореяға көшті.
Арақашықтыққа қарамастан, қазақстандық және оңтүстіккореялық дәрігерлердің өзара іс-қимылының арқасында медициналық сүйемелдеу жалғасты. Мамандар байланыста болып, соның ішінде телемедициналық консультациялар өткізді. Нәтижесінде Валерия аман-есен босанып, дені сау баланы дүниеге әкелді.
«Жас әйелдер үшін онкологиялық диагноз көбіне ана болу мүмкіндігінен айырылып қалу қорқынышымен қатар жүреді. Қазіргі медицина жекелеген жағдайларда эндометрийдің қатерлі ісіктері кезінде де ұрпақ өрбіту қабілетін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте шешім аурудың сатысы, ісіктің морфологиялық сипаттамалары және тексеру нәтижелері ескеріле отырып, әр пациент үшін жеке қабылданады. Басты басымдық әрдайым пациенттің онкологиялық қауіпсіздігі болып қала береді», — деді онкогинекология орталығының дәрігер-онкогинекологы Даурен Калдыбеков.
ҚазОжРҒЗИ-да емдеу тактикасын таңдаған кезде NCCN (АҚШ-тың Ұлттық кешенді онкологиялық желісі) және ESGO (Еуропалық гинекологиялық онкология қоғамы) халықаралық клиникалық ұсынымдары ескеріледі.
Ұрпақ өрбіту қабілетін сақтау мәселелері онкогинекологтар, дәрілік терапия дәрігерлері және репродуктологтар кіретін мультидисциплинарлық мамандар тобының қатысуымен қаралады.
Ағзаны сақтауға бағытталған терапия пациенттерді мұқият іріктеуді, тұрақты тексеруді және емнің тиімділігін бақылауды талап етеді. Бұл әдіс эндометрий обырына шалдыққан барлық әйелге бірдей жарамайды және тек тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда қолданылады.
«Бүгінде онкологтардың міндеті қатерлі ісікті емдеумен ғана шектелмейді. Пациенттердің өмір сапасын мүмкіндігінше сақтау да маңызды. Бұл әйелдердің тарихы ерте диагностиканың, жеке тәсілдің және мамандар арасындағы өзара іс-қимылдың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бала сүюді армандайтын пациенттер үшін ұрпақ өрбіту қабілетін сақтау мүмкіндігінің мәні зор», — деп атап өтті ҚазОжРҒЗИ онкогинекология орталығының жетекшісі Ерлан Кукубасов.
Камила, Сания және Валерияның тарихы отандық онкологиядағы дербестендірілген емдеу тәсілінің мүмкіндіктерін көрсетеді. Дәрігерлердің кәсібилігі, әр пациентке жеке көзқарас, заманауи емдеу әдістері және жүйелі медициналық бақылау әйелдерге дертпен күрестің күрделі жолынан өтіп қана қоймай, ана болу арманын жүзеге асыруға көмектесті.
Денсаулығыңызға қамқор болып, профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіңіз және дәрігерге жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Есіңізде болсын: эндометрий обыры — ауыр диагноз. Алайда дәрігерге ерте жүгініп, емді уақтылы бастаған кезде жекелеген жағдайларда ұрпақ өрбіту қабілетін сақтап, болашақта ана атану мүмкіндігі бар.