ffin.kz

Қасқырдың жерік айы

Қасқырдың жерік айы twitter.com

Наурыз босағадан аттады. Енді жер көгереді, өріс кеңейеді, дала жасанады, қала жасарады


Самарқанның көк тасы еритін, бар атырап бусанып, мұз құрсанған жер төсі иіп, самал жел елдің бетінен өбіп, жұртшылық көк көже мен көп көжеге қарқ болатын, арулардың құшағы гүлге, жаны нұрға толатын жылдың басы осы кез...



Осы айдың еншісінде бірқатар саяси, діни шаралар да бар. Айдың ортасына таяу,  14 наурызда – Көрісу мерекесі. Бұл жылдың басын қарсы алудың ежелден келе жатқан дәстүрлі мейрамы. Қазақтың табиғат тамыршылары нақ осы күні ескі жыл бітіп, жаңа жыл табиғат сахнасы төрінен орын алатынын анықтаған. Айдың 19-ына  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау күні. Айдың 22-сіне – Наурыз мересі. 23-іне мұсылманның ұлық мерекелерінің бірі – қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман біткен ауыз бекітіп, ораза ұстайды.



Мына қызыққа назар аударыңыз. Осы айдың 15-іне аспанда да ауыс-түйіс орын алады екен. Жапалақтай-жапалақтай болған қыс жұлдыздарының орнын көзге көрінер-көрінбес жыпырлаған жаз жұлдыздары алмастырады...


Наурызды бірішек айы, сүрдің айы, қасқырдың жерік айы деп те атайды. Жем іздеген қасқырлар қораға шабады. Адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл айдың алғашқы амалы "Толқыма" деп аталады. Ол наурыздың 5–7 аралығында көрініс береді. Алғашқы жылымық. Осы кезде Үркер жамбасқа түседі. Мұны қазекең «Үркер шаңырақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша Үркер  жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар» деп тәмсілдеген.



Айдың екінші амалы – «Әз Наурыз» онынан бастап кіреді. Көп көже, тілеу көже деген жанама аттары бар. Ол келгенде күн жылынып, қар еріген үстіне ери түседі. Осы мезгілде малшылар қатты аяздың өткенін сүйіншілеп бір қыстаудан екіншісіне қыдырып баратын болған. Әз сөзінің жақсы, игі деген мағынасы бар. Аяздың біткенін, жақсы күннің келгенін білдіру үшін әз атауын қойса керек. Бұл амал туралы: «әз болмай, мәз болмас», «шаңқан келмей, бөз болмас, шағала келмей, жаз болмас» деген мақалдар сақталған.



Жазғытұрымғы сағымның әсерінен бүкіл табиғат тұнық болып, төңірек түгел тыныштыққа бөленеді екен. Әз дүркіреп өте шығады, әз кіргенде қой жайылмай, көкке қарап тұратын көрінеді. Әз келгенде кір жуып, тырнақ алуға болмайтыны туралы қазекеңнің тыйымы да бар...


Шығыс аймақтарының қазақтары жеті дәмнен құралған көже қайнатып, бірін-бірі шақырысып, мәз-мейрам болады. Батыстағы ағайындар «наурыз көжені» «Наурыз» мерекесін күтпей-ақ, қазір қолданып жүрген күнтізбе бойынша наурыздың 14-інен бастай берген. Оны «Көрісу» күні деп атаған. Пайым бойынша, айдың 14-іне ақ ұлпа қар жауатын болған. «Наурыздың ақша қары». Осы қарға қой құмалағы батып кетсе, күн жылы болады, көктем тез шығады деп, батпай бетінде жатып қалса, қыс созылады деп жорыған.


Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін наурыздың 2-ші жұлдызы, ай бойынша 10-ы, ал ескіше есепке жүгінсек, енді 11 күннен кейін наурыз айы келеді. Алдағы аптада (2–9 наурыз аралығында) аздап қар қылаулап, оқтын-оқтын жаңбыр жаууы, аяқасты күн салқындауы мүмкін. Бұл көрініс ұзаққа бармаса керек. Дегенмен, «Тоқсанның бір күні қалса қауіп» демекші, наурыз айының ортасы ауғанша сақтанған жөн.


 



БАБАЛАР БОЛЖАМЫ


Жан-жануардың әрекетіне қарап жасалған жорамал


*Егер қыста түйе ернін жыбырлатса, жылқы оқыранып жұтынар болса, онда кешікпей-ақ түйе мен жылқы қар суын ішеді, көктем ерте шығады.


*Егер қой тұяғымен төсін қасыса, қар қалың түседі.


*Егер қой тісін қайраса, кешікпей боран болады.


*Егер қой қорасына еркін кірсе, жыл жақсы болады.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51