Халқымыздың ұлы суретшісі, «қазақ бейнелеу өнерінің атасы» Әбілхан Қастеев 1904 жылы 1 қаңтарда қазіргі Алматы облысы, Панфилов ауданы, Шежін ауылында, дихандықты кәсіп еткен қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінен үш жасында айрылған ол тұрмыс тауқыметін ерте тартып, бала жасынан еңбекке араласқан.
Танымалдылыққа дейінгі азапты да ауыр жол
Таң атқаннан күн батқанға дейін малдың соңында тау-таста жүретін бала Әбілханның мұңдасы да, сырласы да шежірелі Шежінінің көркем табиғаты болды. Туған жерінің көк тіреген тәкаппар таулары мен толқындарын жағаға лақтырып, ентелей аққан ерке өзенінен өзгеше сыр аңдаған ол, сол сұлулықтың бәрін көзіне, көкірегіне тұндыра берді. Табиғаттың сан түрлі бояуын санасына сіңіріп, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемінің аты мен затын, түр-түсін, тіршілігін терең сезініп, түсініп өскен Әбілханның суретшілік дарынының ұштала түсуіне анасы Қалипаның да әсері көп болды. Тоқыған кестесі мен ойған оюына ауыл-аймақ тегіс таңдай қаққан Қалипа он саусағынан өнер тамған шебер адам болған. Тумысынан зерек, өнерлі Әбілхан анасына көмектесе жүріп, сырмаққа, текеметке арнап, оюдың түр-түрін оя білген. Әсемдікке жаны құмар ол, сонымен бірге тау өзенінің аңғар-аңғарынан небір асыл тастарды теріп алып, олардан әдемі моншақ, түйме, ұршық, қуыршақ жасап, ауылдағы апалары мен қарындастарын қуантуды да әдетке айналдырды.
Зергерлікпен әуестенуі кейде алдындағы малдан көз жазып қалуға да себепкер болып, талай рет байдың соққысына да жығылған. Бойына талант тұнған өжет бала бәрібір алған бетінен қайтпаған. Зергерлік өнері бара-бара мүсіншілікке ұласып, Әбілхан енді тастан түрлі бейнелер жасауға көшкен. Көзін ашқалы бері көріп келе жатқан қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе, тау-тас бейнелерімен қатар, өзіне қысастық жасап, тізесін батырып жүрген қиянатшыл байдың да ұсқынын айнытпай келтірген. Оны біліп қойған бай баланы аямай тілдеп, дүреге жыққан. Сондай-ақ шаласауатты молдалар да: «Адамның суретін салу, бейнесін жасау – үлкен күнә. Бұлай істеген адам о дүниеде тозақ отына жанады», – деп, өзін жазалағандарымен қоймай, оның өнеріне сүйсініп, талабына тілеулес болып жүрген қарапайым жұрттың да үрейін ұшырған.
Қалай дегенмен де, ауыл халқының арасында баланың талантын танып-біліп: «Бұлай жүре берме, өнер-білім ізде», – деп ақыл-кеңес берген, ақ жол тілеген жанашыр адамдар аз болмаған. Бірақ та қыстың қақаған аязына, жаздың шыжыған аптабына қарамастан, 15 жылға жуық мал соңында жүрсе де бір жылы сөз естімеген жалшы жігіттің жас күнінде білім қуатындай жағдайы болмайды. Әркімнен әрнәрсені үйреніп жүріп, қара таниды, шала-шарпы сауат ашады. Сөйтіп, 22-23 жасында қойшының таяғын біржола тастап, аудан орталығы Жаркентке келеді. Бір татарға жалданып, соның ауласын сыпырады, қорасын тазалайды. Ара-арасында бұлақтан бөшкелеп су тасып сатады. Өстіп жүріп маңдай терімен тапқан азын-аулақ тиын-тебеніне қағаз бен бояу сатып алады. Күндіз қара жұмыстан босай алмайтындықтан, сығырайған шамның жарығымен кейде таң атқанша сурет салып шығатын кездері де болады. Табысы күндік тамағынан, қағазы мен бояуынан артылмағанымен, Жаркентке келу арқылы Әбілхан үлкен ортаға, озық өркениетке бір табан болса да жақындай түседі. Қала тіршілігімен танысып, қайнаған өмір ағымына бой үйрете бастайды. Жаркентке келуінің тағы бір пайдасы, С.Саламатов деген фотографпен танысады. Салған суреттеріне қарап Әбілханның талантын таныған С.Саламатов үлкен азаматтық жасап, оның жұмыстарын қазақ елінің сол кездегі астанасы Қызылордадағы тиісті мекемелерге жолдайды. Ал Әбілхан болса, тура сол кезде әйгілі Түрксібтің Сарыөзек маңындағы Айнабұлақ елді мекеніндегі жол құрылысына жұмысқа кіреді. Онда да ерен еңбекқорлығымен, табандылығымен озат жұмысшы ретінде таныла тұра, Әбілхан өзінің сүйікті кәсібі – суретшілікті бір сәт те тастамайды. Шойын жолдың бойындағы үлкен жартасқа Лениннің суретін арба доңғалағының майымен салып, маңайындағы жұмысшыларды таң-тамаша етеді. Сол екі аралықта С.Саламатовтың жолдаған суреттері арқылы Қастеев талантына тәнті болған үлкен жердегі басшылар ел ішінде елеусіз жүрген біртуар дарынға іздеу сала бастайды. Ақырында көзге түскен бойда қол-аяғын жерге тигізбей іліп әкетеді және әрі қарай Әбілхан Қастеевтің өзгеше мазмұндағы мүлде жаңа өмірі басталады.
Қылқаламмен жазылған жылнама
Түрксібтен Алматыға жол тартқан Әбілхан Қастеевтің одан әргі тағдыры қысқаша айтқанда былайша өрілді: республикалық Халық ағарту комиссариаты 1929 жылы оны Н.Хлудовтың көркемсурет студиясына жібереді. Жұмыстарымен танысып шыққаннан кейін Қастеевке қатты риза болғаны соншалық, 78 жастағы қарт суретші: «Осыншама жасқа келгенде қазақтан шыққан мұндай талантты суретшіні көргенім үшін бақыттымын», – деп қолын қысқан деседі. Сөйтіп, Әбілхан Қастеев біраз уақыт Н.Хлудовтан дәріс алады, акварельмен жұмыс істеуге үйренеді.
Осы арада айтар кетер бір жайт, Ә.Қастеевтің Н.Хлудовтан сабақ алған-алмағанына байланысты әркім әртүрлі пікірде. Біреулер: «Одан оқымаған, Н.Хлудов Қастеевке тек акварель мен қағаз сыйлаған», – десе, енді біреулер: «Тікелей сол кісіден оқып-үйрену арқылы кәсіби деңгейге көтерілді», – дегенді айтады. Негізі, қастеевтануға қатысты бұдан басқа да екіұшты пікірлер мен дүдәмал ойлардың көптігі және солардың ақ-қарасын анықтауға тырыспаушылық біздің Әбілхан Қастеевтей ұлы суретшіні танып-білу, зерттеп-зерделеу ісіне әлі де немқұрайды қарап отырғанымыздың белгісі демеске лаж жоқ.
Әбілхан Қастеевтің талғамы мен талабы зор кәсіби ортада алғаш рет Қазақстан көркемөнершілерінің 1934 жылы өткен тұңғыш слеті кезінде бағаланғаны анық. Сол слет барысындағы байқауда Әбілханның Абай тақырыбына салынған суреті мен Ленин портреті жүлде алады. Өмір бойы өз бетімен ізденіп, өзінше тырбанумен келе жатқан Әбілхан содан кейін-ақ Мәскеуге бет түзейді. Ондағы көркемөнер студиясының кешкі бөліміне екі жылдай қатысып, сурет өнерінің қыр-сырын үйренеді, сонымен қатар Мәскеудегі үлкен галереялар мен көрмелерге үзбей барып, орыстың, шетелдің атақты суретшілерінің жұмыстарымен танысады, әрқайсысынан өзінше сыр аңдап, ой түйеді. Орысша жарытып тіл білмесе де, ара-арасында әртүрлі жұмыстарды кәсіп етіп, афишалар мен мұражайларды безендіру, тіпті студенттер жатақханасының еденін жуу арқылы да қаражат тауып, үлкен қалада таза еңбегімен күнелтеді. Сөйтіп, екі жылдың ішінде Алматыға білімі әжептәуір молайып, таланты толысып оралады, Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады, ел ішінде және сырт мемлекеттерде ұйымдастырылған көрмелерге үздіксіз қатыса бастайды. Ізденісін арттыра отырып, қазақ бейнелеу өнерін жанрлық жағынан байытуға көп күш жұмсайды. Туған жерінің қадір-қасиеті мен елінің ерлігін дәріптеуге, төл тарихын қылқалам арқылы сөйлетуге құлшына кіріседі. Сол себепті де, жердің шалғайлығына қарамастан, ердің ері – Амангелдінің, жігіттің төресі – Біржан салдың мүлде сақталмаған, қағаз бетіне түспеген бейнелерін тірілту үшін ел ішіне аттанады. Туған тарихын терең білетіндіктен және қастерлейтіндіктен де, жұрт атын ауызға алуға да бата алмай жүрген уақытта қазақтың соңғы ханы, кемеңгер Кенесарының портретін жасады. Бейнесі көкірегінде сайрап тұратын жер жәннаты – Жетісудың, туып-өскен өлкесі – жазиралы Жаркенті мен шежірелі Шежінінің, қала берді, күллі қазақ даласының тамылжыған табиғатын қылқаламмен сөйлетті. Өзі айтпақшы, ол қолы қалт еткен әрбір сәтте ел арасында болуға тырысты, тіпті айлап, жылдап, ел-елді, жер-жерді, жаңа өндіріс ошақтарын, құрылыс нысандарын аралады. Сол арқылы туған халқының өткен-кеткен тарихының, жаңа дәуірдегі бай шежіресінің жарқын дауысты жыршысы, жаршысы болды.
Озық талантымен дараланған біртуар суретші ғылыми тәсіл дегенге бас қатырмай-ақ әр туындысынан өзіндік өрнегін, қолтаңбасын байқатқан. Оның басты артықшылығы – табандылығы, мақсатына жету жолындағы жанкештілігі болған. Мысалы, бір топ суретшілер Астраханьнан Бакуге кемемен сапар шеккенде теңізде алты баллдық дауыл тұрады. Өзге әріптестері дүлей күштен бой тасалап іште жатқанда жалғыз Әбілхан аға ғана ештеңеге қарамастан, кеменің жоғарғы жағында жүреді және ол сәтте өзі куә болған құбылыстардың бәрін артынша қағаз бетіне түсіреді. Сол жұмыстары Бакуде ұйымдастырылған көрмеде жоғары бағаға ие болады. Ұлы державалық шовинизм дертіне шалдыққандар Қастеевті қанша жерден төмендетуге, кеудесінен итеруге тырысқанымен, көзге ұрып тұрған және әлем жұртшылығын тәнті еткен талантын мойындауға мәжбүр болған. Түкпірдегі бір ауылда туып-өсіп, даңқы төрткүл дүниеге жайылған сол қарапайым Қастеев, өмірлік серігі Сақыш апай айтпақшы, «аз-кем сауатымен әлемге, Одаққа әйгілі Қазақстан суретшілерінің қадірменді бастығы боп, талай жыл қызмет атқарды. Екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, ел құрметіне бөленді». «Қазақстанның Халық суретшісі» деген құрметті атақ алды.
Өкінішке қарай, бала күнінен бейнетті өмір кешкен осынау аяулы жан сол ауыртпалықтың бәрі артта қалып, нағыз зейнетін көретін уақытта, 1973 жылы 3-қарашада дүниеден озды. Балаларының айтуынша, өмірінің соңына қарай Әбілхан ағаның жүрегі қатты ауырып жүрген. Алайда соңғы демі біткенше қылқаламын қолынан тастамаған. Сөйтіп, аулада сурет салып отырған жерінен жүрек талмасы ұстап, балаларының көз алдында жүріп кеткен. Ол кезде ұлы суретші небәрі 69 жаста ғана болатын...
Өміршең мұрасын ұлықтау – парыз
Көзкөргендер Әбілхан Қастеевтің тумысынан адал да ақкөңіл, мейірімді де қайырымды, ерекше бауырмал, көпшіл адам болғанын айтады. Жұбайы Сақыш та отағасының тура өзіндей қарапайым, қонақжай, кішіпейіл болған. Ынтымағы жарасқан отбасында 6 ұл, 3 қыз, барлығы 9 бала тәрбиеленген. Мұның сыртында еліміздің түкпір-түкпірінен суретші болуды аңсап келген балауса жастардың барлығы Қастеев шаңырағынан сая тапқан. Келімді-кетімді кесілердің көптігі сонша, кейде өз балаларына көрпе-жастық тимей қалады екен. Соны айтып сәл қиналыңқыраған жұбайын Әбілхан аға: «Ештеңе етпейді, мен де кезінде осылардай болғам. Жақсы кісілердің көмегінің арқасында жетілгем. Бұлар да ертең дұрыс азамат болып шығады», – деп жұбатады екен. Ол аздай, «Үйдегі балалар не ішіп-жейді?» дегенін тыңдамастан, Сақыш апайдың: «ұятты кісі келіп қалса...» деп сары майдай сақтап отырған жылы-жұмсағы мен қазы-қартасын, құрт-майын арқалап, Мәскеуде, Ленинградта оқып жатқан шәкірттеріне тартып кетіп отырған.
Әдеттегі өмірде көп сөзге жоқ, істің адамы болғанымен, Әбілхан аға бірдеңені айтса, тауып сөйлейтін, аз сөзге көп мағына сыйғызатын аса парасатты, сабырлы да салмақты жан болған. Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысу әдетінде болмаған. Тіпті «көзіне көрінгенді көшіріп сала салатын натуралист», «отбасы, ошақ қасынан аса алмаған адам» деп, өзін төмендеткісі келетіндермен де айтысып-тартысып жатпаған, үндемей жүріп-ақ, үлкен іс бітіргенді жөн көрген.
Әбілхан аға туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Бірақ қалай болғанда да, Қастеев Қастеев болып қала береді. Дегенмен, қастеевтануға қатысты көңілді қынжылтатын бірталай маңызды мәселелер бар. Мысалы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салған осынау ұлы тұлғаны, оның қайталанбас қолтаңбасы қалған өміршең мұраларын ұлықтау әлі күнге дейін шындап қолға алынған емес.
Суретшінің өмірі мен өнерін зерттеп, зерделей отырып жазылған мәнді, мағыналы монография жоққа тән. Мерейтой тұсында ғана болмаса, басқа кезде оны ұмытып та кететін сыңайлымыз. Қылқалам шеберінің ғасырлық мерейтойына орай, осыдан 20 жыл бұрын туған ауылында аудан азаматтарының демеушілігімен этнопарк ашылған және ондағы үлкен тастарға суретшінің атақты картиналары көшіріліп салынған. Алайда қоршалмаған әрі су тартылмаған бақтағы ағаштар солып, ескерткіштердің де бүгінде кетеуі кете бастаған. Ал аудан орталығы Жаркент қаласындағы «Ә. Қастеев көркемсурет галереясының» көне ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Ұлы суретшінің 1958 жылдан өмірінің соңғы сәтіне дейін тұрған және теңдессіз туындыларын өмірге әкелген қасиетті шаңырағы да араға талай жыл салып барып қана мұражайға айналды. Оның өзінің де бүгінде насихаты шамалы. Осының бәрі – көзінің тірісінде-ақ ұлт мақтанышына айналып үлгерген Әбілхан Қастеевтей ұлы тұлғаны лайықты дәрежеде дәріптей алмай отырғанымыздың айғағы.