Деректі фильм ел тарихына «Алматы трагедиясы» деген атпен енген қаралы күндер хронологиясын ұсынады.
«Almaty TV» телеарнасының журналистері 2022 жылдың алғашқы күндері қаламызға да, жалпы елімізге де қайғы мен қасірет әкелген сол бір сын сәттерде оқ пен оттың ортасында жүрді. Жаңалықтар қызметі 4 қаңтардың түнінен бастап бүкіл республика үшін тікелей эфирде хабар таратып, қаладағы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтып, қала тұрғындарын лаңкестер мен содырлардың арандатушылық әрекеттеріне бой алдырмауға шақырды.
ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА
Бүкіл ел көлемінде төтенше жағдай режимі енгізіліп, терроризмге қарсы операция жүріп жатқандығына қарамастан, бұл күндері БАҚ өкілдері бастарын бәйгеге тігіп, жұмыс орнынан табылды. Шындыққа сәйкес келетін ресми дереккөздерге сүйене отырып, ақпараттық материалдар дайындауды өздерінің кәсіби және азаматтық парызы деп санады. Қаңтардың сол бір сұрапыл күндері кез келген жаңалық таза ауамен тыныстағандай құнды және қажет нәрсеге айналды. Ақпарат кешіктірілген жағдайда оны кез келген түрде бұрмалау және дұрыс түсіндірмеу қаупі туындады, ал көптің емес, өз мүддесін күйттеген жекелеген адамдар қиын жағдайды пайдаланып, азаматтардың санасын сапырылыстырып, қоғамда шиеленіс пен араздық отын одан әрі өршітуге тырысты. Осы аралықта «Almaty TV» телеарнасының редакциясына оқиғаларға куәгер болған, не нәрсеге де бейжай қарай алмайтын қала тұрғындарынан, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен көптеген бейнематериалдар келіп түскен екен.
ҚАЛА ТАҒДЫРЫНЫҢ ШЫНАЙЫ КӨРІНІСІ
«Алаңдағы» арпалыста журналистер әрдайым оқиға орнынан алдыңғы лекте жүрді. Олар арнайы операциядан эксклюзивті кадрлар түсіріп, Қаңтар оқиғасын көзбен көрген куәгерлермен сұхбаттар жасады. Бейнематериалдарға жаппай тәртіпсіздік, талап-тонау және зардап шеккендерді құтқару, сондай-ақ лаңкестіктер мен қиратып-бүлдіру оқиғалары арқау болды. Бұл күндері NO COMMENTS жанрындағы роликтер сериясы беріліп, қасіретті оқиғалар жайлы екі жоба дайындалды. Содырлардың қаланы басып алу әрекеті, террористерге қарсы іс-қимылдар және Ел Президентінің Үндеулері мен «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі мәлімдемесі хақында «Қаңтар қасіреті» және «Алматинская траге- дия» деректі фильмдерін жасау қолға алынды. Онда 4–12 қаңтар аралығындағы оқиғалардың бейбіт митингілер мен наразылықтардан бастап, тәртіпсіздіктерге, тонау мен террористік шабуылдарға дейінгі толық хронологиясы берілген. Қазақ және орыс тілдерінде дайындалған фильмдер нақты фактілер мен ресми мәлімдемелерді келтіре отырып, сондай-ақ қаланың, адамдардың тағдыры арқылы шынайы көріністі көз алдыңызға әкеледі: жақындарынан айырылған қарапайым адамдардың жанайқайын, қаланы, тұрғындарды қорғау жолында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бастан кешкендерін көрсетеді.
АНТҚА АДАЛДЫҚ
Фильмнің кейіпкерлері – өмір мен өлімнің арасында жатқан жаралыларды аман алып қалуды парызы деп білген «жедел жәрдем» медбикесі Ғалия Алмабаева, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының фельдшері Серғазы Аблаев қаланың ең аласапыран жерлеріне медициналық көмек көрсету үшін барған дәрігерлер туралы әңгімелейді. Фельдшердің айтуынша, бандиттер "жедел жәрдем" бригадаларына бірнеше рет шабуыл жасаған, бірақ дәрігерлер тайсалмастан, өздерін көмекке шақырған жандарды алып шығуға ұмтылып, батылдықтарымен, «Гиппократ» антына адалдығымен көзге түскен. Сондай-ақ, жапа шеккен өрт сөндірушілер тап болған жағдайлар да анықталып, кадрға ілікті. Лаңкестік кезінде 18 арнаулы техника бүлініп, 6-ауы қолға түсіп, 5 көлік түгі қалмастан өртелген. Шабуыл барысында Төтенше жағдай департаменті бастығының қызмет көлігі және оның жүргізушісі Серікбол Жүсіп бораған оқтың астында қалғанын айта кеткен жөн.
БҮЛІК ЭПИЦЕНТРІНДЕ
«Almaty TV» телеарнасының журналистері, операторлары мен жүргізушілері 10 күн бойы бүлік эпицентрінде: өртке оранған кеңістіктерде, оқ пен отың ортасында жүрді. Әсіресе, қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні телеарнаның жаңалықтар қызметі сағат сайын эфирге шығып отырды. Қалған күндері ақпараттық бағдарламалар департаментінің 20-ға жуық қызметкері жаңалықтармен қатар қазақ және орыс тілдерінде 10-нан астам арнайы шығарылым әзірледі. Қалада қалыптасқан күрделі жағдайға орай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, ел зиялыларының елді сабырға шақырған ой, пікір, толғаныстары берілді. «Қаңтар қасіреті» және «Алматинская трагедия» фильмдерінің авторлары тағдыры қыл үстінде тұрған ел тәуелсіздігін қорғауда қоғамның бірлігі мен тұтастығын, бейбіт өмір мен тұрақтылық ұғымдарының қаншалықты баға жетпес құндылық екенін көрсетуге тырысқан. Көрермендер бұл деректі фильмдерге объективті бағаларын берері сөзсіз. Осы уақыт ішінде «Almaty TV» телеарнасының эфирінде, сайтында және әлеуметтік желілерде барлығы 2000-нан астам тақырыптық материалдар, оның ішінде 563-і – жаңалықтар, сондай-ақ азаматтардың жүгінулері, жедел әрекет штабы отырыстарының жұмысы туралы ақпарат жарияланды. Сонымен қатар, қайғылы оқиға туралы түсінік берген танымал тұлғалардың қатысуымен 55 бейнеролик сериясы дайындалып, эфирге шықты. Бұған қоса, төтенше жағдай кезінде түсірілген бейнекадрлардан топтастырылған 37 бейнежазба (бейнекесінділер) әлеуметтік желілерге салынды, сайтта орналастырылды, телеарна эфирінде таратылды. Тағы бір айта кетерлік мәселе, алматылық телеоператорлар еліміздің басқа телеарналарының өтініші бойынша оқиға орнында түсірген түрлі бейнематериалдармен бөлісті. Бұл факт өте қиын жағдайлардағы серіктестік ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып саналады.
ӘРІПТЕСКЕ ТАҒЗЫМ
«Almaty TV» телеарнасының Елордадағы тілшілер қосыны мемлекеттік органдар таратқан ақпарат пен баспасөз хабарламаларын жедел жеткізіп отырды (жалпы саны – 20). Арна қызметкерлері төтенше жағдай қиындықтарына қарамастан кәсіби міндеттерін мінсіз атқарды. Өкініштісі, қасірет «Almaty TV» телеарнасын да айналып өтпеді. Оқиға орындарына журналистік сапарлардың бірінде кортеж құрамында келе жатқан түсірілім тобы лаңкестер тарапынан бораған оқтың астында қалды. Назарбаев даңғылымен төмен қарай бет алған көліктегі телеарна жүргізушісі Мұратхан Базарбаевқа оқ тиіп, қайтыс болды. Өз кәсібіне адал Мұратхан Әбдіұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. 54 жастағы әріптесіміз пандемия кезінде де адал қызмет еткен еді. Күні кеше ел басына күн туғанда да ол өзінің қызметтік борышын абыроймен атқарып, батырлықпен қаза тапты. 14 қаңтарда қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев «Almaty TV» телеарнасына барып, ұжыммен кездесті, оның кіреберісінде террористердің қолынан қаза тапқан Мұратхан Базарбаевтың отбасына көңіл айтты. Сонымен қатар, әкім жарақат алған Диаскен Бәйтібаевқа және түсіру тобын бораған оқ астынан аман-есен алып шыққан Арсен Сандыбаевтың отбасына моральдық және материалдық қолдау көрсетті. Сондай-ақ, 4 қаңтардан бастап ақпараттық майданда үздіксіз еңбек еткен арна қызметкерлерінің бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бақытжан Әбдірұлы телеарнаның техникалық-материалдық жабдықталуын одан әрі күшейтуді тапсырды. 22 жылдық тарихы бар «Almaty TV» телеарнасының ұжымы алдағы уақытта да бейбітшілік, елдің тұтастығы мен бірлігі, ұлттың жарқын болашағы үшін еңбек ете беретін болады. Еліміз үшін сын сағатта күш-жігерін аямай бастарын қатерге тіге отырып, телеарнаның жұмысын бір сәтке де тоқтатпай, кәсіби жауапкершілік пен қызметке адалдықтың үлгісін көрсеткен барша әріптесіме шын жүректен алғыс айтқым келеді. Біз үшін әрбір қызметкеріміздің орны бөлек.