Алматыда белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры Сыдық Дәулетовтің «Нар жолы» атты ғұмырбаяндық эссе кітабының таныстырылымы өтті.

7 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен шараға ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, автордың туған-туыстары, кітапханашылар мен студенттер қатысты.
«Нар жолы» – автордың өмір белестерін тізбектеп баяндаумен шектелмейтін, еңбек, кәсіп, жауапкершілік пен елге қызмет ету ұғымдарын алға шығаратын ғұмырбаяндық еңбек. Кітап атауындағы «нар» ұғымы да символдық мәнге ие. Қазақ танымында нар – төзімнің, күштің, ауыр жүкке мойымайтын қайсарлықтың бейнесі. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма атауы автордың ұзақ жылдар бойғы еңбек жолын, кәсіпкерлік жолындағы тәуекелдері мен өмір сынақтарын астарлап жеткізеді.

Кітаптың өзегінде жеке адамның тағдыры арқылы еңбек пен күрестің мәнін көрсету идеясы жатыр. Автордың қалыптасу жолы, кәсіпке келуі, ауыл шаруашылығындағы тәжірибесі мен түрлі кезеңдердегі сынақтарды еңсеруі бір арнаға тоғысады. Осы жағынан «Нар жолын» тек естелік емес, өмірлік тәжірибеге негізделген тағылымды еңбек деуге болады.
Ақын Қасымхан Бегманов та кітаптың осы қырына назар аударған.
«Бәрекелді, өнегелі кітап екен. Күрес. Аяқтан тұру жолындағы күрес жайлы сүбелі еңбек. Халық бұл кітапты жаппай оқу керек», – деп жазды Қасымхан Бегманов.
Сыдық Дәулетов Қазақстанда түйе шаруашылығын дамытуға және ұлттық өнім өндірісін өркендетуге үлес қосқан кәсіпкерлердің бірі. Ол 2001 жылы түйе өсіру ісін бастап, Алматы облысы Іле ауданының Ақши ауылында «Дәулет-Бекет» шаруашылығын қалыптастырды.

Шаруашылықта түйе сүтін өңдеу жолға қойылып, шұбат пен құрғақ түйе сүтін өндіруге заманауи технологиялар енгізілді. Осылайша дәстүрлі мал шаруашылығын заманауи өндіріс талаптарымен ұштастыруға басымдық берілді.
Кітаптың тағы бір маңызды қыры – кәсіпкерлікті тек табыс көзі ретінде емес, қоғам алдындағы жауапкершілікпен сабақтастыра көрсетуі. Автордың ауылды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ұлттық өнім өндірісін жолға қою және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы тәжірибесі осы ойды айқындай түседі.
Кәсіпкер ауылдағы әлеуметтік мәселелерге де тұрақты көңіл бөліп келеді. Оның қайырымдылық бастамаларының қатарында Ақши ауылындағы аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға баспана салып беру ісі бар.
Сыдық Дәулетов – «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы.

«Нар жолы» – бір адамның ғұмырнамасы ғана емес, еңбекті өмірлік ұстанымға айналдырған адамның күреске толы жолын баяндайтын еңбек. Кітап оқырманға жетістікке апаратын жолдың артында табандылық, төзім, тәуекел мен қайта аяқтан тұра білу қасиеті жататынын көрсетеді.
Таныстырылымның мақсаты – жаңа еңбекті оқырман қауымға таныстыру, адал еңбек пен кәсіпкерліктің маңызын дәріптеу және аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу.
Дастан Қастай