Алматыда Жеңістің 79 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған бір топ зиялы қауым майдангер жазушылардың отбасына арнайы барып, Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Алдымен Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов 28 панфиловшылар паркіне барып, ел басына күн туған сәтте керзі етігімен су кешіп, Отан үшін жанын пида еткен қарт майдангерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сонан кейін, Жұбан Молдағалиев тұрған үйге бет бұрды. Мұнда қаламгердің асыл жары София апай күтіп алды. Тіл-көзден сақтасын, 94-ке келсе де София апа тың. Өткен күндерге шегініс жасап, естеліктерімен бөлісті.
«Біз жас кезімізде заман қиындау болды. Ол кезде нан қат еді. Өкімет алты жүз грамм нан береді. Оны біз көк базарға барып, жүгеріге ауыстырып аламыз. Сөйтіп содан жасалған тағамды талқажау етуші едік. Басымыздан қиын кездер өтті ғой. Қазір бейбітшілік заман ғой. Шүкір Аллаға! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Бірнеше уақыттан үзілген дәстүрді қайта қолға алып, біздерді елеп ескеріп жатқандарыңызға алғыс білдіремін», - деп ағынан жарылды.
Мұнан кейін, «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармалардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, партизан-жазушы Әди Шәріповтың үйіне барды. Мұнда да жазушының асыл жары Клара апай арнайы келген қонақтарды тік тұрып қарсы алды. Осынау мерекеде арнайы атбасын тіреген Жазушылар одағының соны бастамасына өзінің дән риза екендігін жеткізді. Ақ батасын беріп, шығарып салды.
Осыдан кейін қазақ елінің мақтанышы, білікті қолбасшы болған Бауыржан Момышұлының отбасына кіріп, батырдың келіні Зейнеп апаны арнайы құттықтады.
-Менің істеп жүргенім аманатқа адалдық таныту. Атам - шежіре адам еді. Маған көп әңгіме айтты. «Мен саған айтсам, құлағы бар деп айтамын. Сен балаңа айтасың. Балаң ары қарай жалғайды. Осылайша қазақтың бір шаңырағы сақталады»,-дейтін. Міне, қазір атаның айтқандарын елге айтып, тәрбиеге керек болар тұстарын сөз етіп жүрміз. Өсіріп жатқан бала-шағаларыңыз тәрбиелі, ұлт үшін жанын берер азамат болсын! – деді батырдың келіні ағынан жарылып.
Батырдың үйінен арқаланып шыққан жазушылар ат басын тоқсанға келгенше қаламы қолынан түспей, іргелі дүниелер жазып кеткен Әбу Сәрсенбаевтың үйіне бұрды. Айту керек, қаламгер тек жазумен ғана шұғылданып қоймай, Атырау облысымен шектесетін Ресейдің Астрахан облысын аралап шыққан. Онда қазақтар көп екенін, олардың қарыны тоқ, көйлегі көк болғанымен, ұлттық мектептері жоқ екенін айтып, баспасөзде циклді мақалалар жазып, мәселені дер кезінде көтеріп, сол жақтан қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болған. Қазақстаннан кітап, оқулықтар жіберткізіп, Астрахан телеарнасынан қазақша хабарлар беруге ықпал еткен. Міне, нағыз қайраткер, елжанды адамның шаңырағының түтіні түзу шығуға үлес қосқан асыл жары Райхан апай кішкене сыр бере бастағандай көрінді. Десекте, құрмет көрсетіп келген қонақтарға алғысын білдірген келіні Салима келер жылы жазушының 120 жылдығын өз деңгейінде атап өтуді өтінді. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бұл жайында хабардар екенін жеткізді. Және, мерейтойға дайындық жұмыстары бастау алғанын да айтты.
- Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде Жеңіс мерекесі тиісті деңгейде атап өтіп жатыр. Енді қалам мен қаруды қатар ұстаған жазушыларымыздың көп емес. Солардың үйіндегі жарларына кіріп, арнайы құттықтап шығудың өзі үлкен тәрбие. Кешегі қаламгерлердің түтінін түзу шығарып отырған апаларымызды арнайы құттықтап, көңілдерін көтердік. Қазақ көңіл көңілден су ішеді демей ме? Ендеше бір-бірімізге демеу беру, қалын сұрау бабалардан келе жатқан дәстүр, деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.