Өткен жылы Наурызбай ауданында алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын Ala Estate паркі ашылды. Қазір мұнда жиһаз, кондитерлік және галантереялық, кеңсе тауарларын, бетперделер мен тамақ орамаларын шығаратын 9 зауыт жұмыс істейді.
Жұмыс сапары кезінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік, инженерлік нысандар мен жолдардың салыну барысын, сондай-ақ Наурызбай ауданындағы қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуын тексерді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жаңа Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Тау самалы мен Ақжар шағынаудандарында 120 орындық балабақшалардың құрылысы аяқталды. Қазір жиһаздар мен жабдықтарды орнату жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылысшылардың жұмыс нәтижелерімен танысып, Ақжар шағынауданындағы балабақшаға инженерлік коммуникацияларды қосуды 10 шілдеге дейін аяқтауды тапсырды.
Кәсіпкерлер білім беру инфрақұрылымының дамуына да өз үлестерін қосуда. Бақытжан Сағынтаев Ақжар ықшамауданда салынып жатқан Upstream Zerek school жеке мектебінде болды. Оқу орны заманауи стандарттарға сай салынып жатыр және 140 бастауыш сынып оқушыларына арналған.
Мегаполис әкімі №15 мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткізу жоспарларымен танысты. Б.Сағынтаев іргелес аумақты абаттандыру және 4 га алаңға сквер жасау жобасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Тастыбұлақ шағын ауданында аумағы 3,1 га болатын бос жер учаскесін игеру бойынша жоба әзірленеді. Мұнда денешынықтыру-сауықтыру орталығын, заманауи кітапхана салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жоспарлануда. Осылайша, қараусыз қалған аумақ өзгеріп, Наурызбай ауданы тұрғындары демалатын жаңа тартымды нүктеге айналады.
Қала әкімі Nur Otan партиясы аудандық филиалы ғимаратының құрылыс алаңында болды және бұрынғы қан орталығының аумағын аралады. Оның тапсырмасы бойынша мұнда психологиялық дамуы төмен балаларға арналған коррекциялық орталық пен әлеуметтік музыкалық мектеп салу жобалары әзірленеді.
Тастыбұлақ шағын ауданында жол салуға дайындық жүруде. Бұрындары мұнда 32,6 шақырым инженерлік және 10,4 шақырым су бұру желілері тартылған болатын. 12,8 шақырым көшеге асфальт төсеу жоспарлануда. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу барысында жергілікті белсенді тұрғындар төрт көшеге тартылған инженерлік желілердегі жұмыс сапасын тексеруге ниет білдірді.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Алматы су» мамандары тұрғындармен бірге қосымша тексерулер жүргізеді. Осыдан кейін мердігер жолдарды қалпына келтіруге кіріседі. Асфальт төсеуді күзге дейін аяқтау міндеті қойылды.
Almaty Business-2025 бағдарламасына сәйкес шағын өндірістік парктердегі қолжетімді өндіріс алаңдарын ұсыну арқылы ШОБ қолдау көрсетілуде. Өткен жылы Наурызбай ауданында алаңы 4 мың шаршы метрді құрайтын Ala Estate паркі ашылды. Қазір мұнда жиһаз, кондитерлік және галантереялық, кеңсе тауарларын, бетперделер мен тамақ орамаларын шығаратын 9 зауыт жұмыс істейді. 120 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Кәсіпкерлер Бақытжан Сағынтаевқа алаңдарды жалға алу шарттарының қолжетімді екенін және оның қысқа мерзімде сұранысқа ие өнімдер шығаруға мүмкіндік беретінін айтты. Аlmaty Finance және «MФО Almaty» ЖШС жылдық мөлшерлемесі 2%-дық қолжетімді несиелер алу арқылы өндірісті кеңейтуге болады. Өткен жылы Ala Estate шағын өндірістік паркіне қатысушылар 120 млн тг өнімін шығарды.
Алматы әкімі шетелдік инвесторлар мен технологияларды тарта отырып, 300 жұмыс орнын құру жоспарланған тоқыма фабрикасы құрылысының жобасымен танысты.
Бақытжан Сағынтаев Қарағайлы шағын ауданындағы Тәжиев көшесінің бойындағы жаңа көпірді және «Қарғалы» су тазарту стансасының құрылыс барысын тексерді. Қала әкімі нысанды жобада көрсетілген мерзімде тапсыруды тапсырды.
Жұмыс сапары кезінде мегаполис әкімі қазіргі кезде Жандосов көшесінің бойында құрылысы басталған жаңа жаяу жүргіншілер аймағындағы шағын архитектуралық пішіндерді мен жарық шамдарын да көрді. Бақытжан Сағынтаев жайлы орындықтар мен заманауи жарық құрылғыларын орнатуды тапсырды. Бұдан өзге, Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша аудан әкімдігінің алдында 4,5 га аумақта заманауи демалыс саябағы жасалатын болады.
Ауданда қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мақсатында «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 50 жоба жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылы балалар мен спорт алаңдарын, тротуарларды, серуендеу аймақтарын, көшелер мен саябақтарды, сондай-ақ Тастыбұлақ және Қалқаман шағын аудандарындағы арық желілері мен өзен арналарын жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.