"Қайрат" пен "Селтик" үшін шешуші сәт: сарапшы сенсацияға сенеді

  • 15:56, 25 тамыз 2025
"Қайрат" пен "Селтик" үшін шешуші сәт: сарапшы сенсацияға сенеді "Қайрат" ФК

2025 жылғы 26 тамызда Алматыда барша қазақстандық күткен тарихи матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Қайрат" пен "Селтик" қайта кездеседі. Алғашқы ойында қос команда тең тарқасып, бұл қарымта кездесуге деген қызығушылықты бұрынғыдан да арттырды. "Қайрат" үшін мұндай деңгейдегі ойын бұрын-соңды болмағандықтан, жанкүйерлер де ерекше үмітпен күтіп отыр. Осы орайда Аqshamnews.kz тілшісі сарапшы Айнат Қабидулладан алдағы ойынға қатысты пікірін сұрап, "Қайраттың" мүмкіндіктері жайлы ақпар алды.

"Тосын нәтиже, күтпеген сенсация"

Сарапшының айтуынша, көпшілік "Қайраттан" мұндай жетістік күтпеген.

"Бұл - "Қайрат" үшін тарихи маңызды ойын. Клуб тарихында дәл осындай деңгейдегі шешуші матчтер бұрын болмаған. Көпшілік жанкүйер "Қайратты" ары кетсе Конференция лигасында ойнайды деп болжаған еді. Алайда Уразбахтиннің шәкірттері "Слованды" жеңіп, күтпеген сенсация жасады. Енді "Селтикке" қарсы екі ойында да фаворит шотландтықтар екені анық. Бірақ "сары-қаралар" Глазгода еш қорықпай ойнап, шабуылға шығып, нағыз мінез көрсетті. Тіпті офсайдтан болса да гол соғып үлгердік", - деді Айнат Қабидулла. 

"Алматыда "Селтикке" оңай болмайды"

Сарапшы матчтің Алматыдағы ахуалы қонақтарға ыңғайсыз болатынын ерекше атады.

"Алматыдағы матч қонақтар үшін оңай болмайды. "Селтик" бұған дейін қазақстандық клубтарға қарсы сырт алаңда жеңіске жетіп көрмеген. Ал "Қайрат" биылғы еурокубок маусымында өз алаңында әлі жеңілген жоқ. Бұл - күллі Еуропаны таңғалдырып отырған жетістік. Оның үстіне, Алматыға келген әрбір ойыншыға жергілікті таулы аймақтың ауа райына бейімделу оңай емес, мұнда қысым өзгеше, стадиондағы алаң сапасы да Еуропадағыдай мінсіз емес. Сондықтан "Селтиктің" біздің алаңда қиналып қалуы әбден мүмкін", - дейді ол.

"Негізгі қиындық – басты ойыншылардың жоғы"

Дегенмен сарапшы "Қайраттың" өз қиындықтары да барын жасырмады.

"Қайрат" үшін басты қиындықтардың бірі - Дастан Сәтпаевтың болмауы. Шабуыл шебінде оның орнын басатын ойыншылар бар болғанымен, команданы Дастансыз елестету қиын. Тағы бір үлкен шығын - Александр Заруцкийдің жарақаты. Ол тек осы ойында ғана емес, маусымның соңына дейін командаға көмектесе алмайды. Оның орнын басатын Темірлан Анарбеков премьер-лигада сенімді ойнап жүр, бірақ оның деңгейі Чемпиондар лигасының қарқынына сәйкес келе ме? белгісіз. Дегенмен бар үмітіміз Темірланда."

"Барлығы алғашқы минуттарда шешілуі мүмкін"

Сарапшы "Қайраттың" ойыны матч басында шешілуі ықтимал деп санайды.

""Қайраттың" чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнауға толыққанды мүмкіншілігі бар. Меніңше "Қайрат" барлық шаруаны алғашқы 15 минутта шешуге тырысады. Алғашқы минуттарда гол соғып, қарсылас команданы қорғаныстан өткізбей, пенальти сериясына жеткізбей, жеңуі қажет. Эдмилсон гол авторы атануы мүмкін және бұрыштамадан бойының ұзындығын пайдаланып Егор Сорокин де соғып кетуі мүмкін деген болжамым бар."

"Қайрат" үшін бұл матч - тек плей-офф емес, тұтас қазақстандық футболдың тарихын қайта жазатын мүмкіндік. Шотландиялық алпауытпен тең дәрежеде күресу - үлкен жетістік, ал топтық кезеңге өту - жаңа дәуірдің бастауы болмақ.

Өткен ойында не есте қалды?

18 жастағы Шерхан Қалмұрза "жұлдыз" атанды.

"Селтик Парктегі" тартысты сәтте негізгі қақпашы Заруцкий жарақат алды, ал оның орнына түскен Анарбеков те ауыр соққы алды. Сол кезде телекамералар скамейкадағы жас қақпашы Шерхан Қалмұрзаны көрсетіп, ол әлеуметтік желілерде бірден талқыланды. Көпшілік оны "әлі алаңға шықпай жатып халық жұлдызына айналды" деп бағалады.

Көрермен рекорды тіркелді.

Матчті стадионда 56 мың жанкүйер тамашалады. Бұл - Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіш әрі қазақстандық клубтар қатысқан ойындар тарихындағы рекорд. Бұған дейінгі ең үлкен аудитория да дәл осы "Селтик Паркте" тіркелген болатын.

Дастан Сәтпаевтың сары қағазы.

Ойынның ең соңғы минутында жас шабуылшы Дастан Сәтпаев қарсыластың пасын бөгеп, сары қағаз алды. Бұл оның үшінші ескертуі болып, ереже бойынша келесі матчке қатыса алмайтын болды. Осы сәт жанкүйерлердің есінде ерекше қалды, өйткені "Қайрат" алдағы шешуші ойында негізгі ойыншысыз қалады.

Айта кетейік, 26 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда "Қайрат" пен шотландиялық "Селтик" тағы да кездеседі. Билеттер 19 және 25 тамызда ашылғанымен, лезде сатылып кетті.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:54

18:49

18:23

17:58

17:41

17:20

17:16

17:10

16:51

16:35

16:21

16:03

15:56

15:28

15:25

15:07

15:04

14:48

14:19

14:07

13:02

12:37

12:36

12:21

12:11