Форум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Өмір-өзен / Қадыр Мырза ӘЛІ: Еңбек – адамның автопортреті

Қадыр Мырза ӘЛІ: Еңбек – адамның автопортреті

Өмір-өзен 25.10.2023, 05:46 2,045
Қадыр Мырза ӘЛІ: Еңбек – адамның автопортреті
almaty-akshamy.kz


 


***


Оңайға түскен табыс ойран салады,


Еңбекпен келген еңбектеп шығады.


***


Қазақ пен қазақтың арасын туыс,


Күн мен күннің арасын жұмыс жалғайды.


***


Қысылмай-ақ айтар едім баршаға,


Жақсы дер ем еңбекпенен шаршаған.


***


Мереке – мейрам көбейіп кеткен кезде


Жұмыс күндерін сағынасың.


***


Еңбеккер азамат өлгенде оның артында


Жаңа ғана басталған бір шаруа қалады...


***


Жалқаулық адамның қадірін түсіреді,


Бірақ еңбектің бағасын көтереді.


***


Еңбек – сау адамның шипасы.


***


Жұмыс ұрмай-соқпай тәрбиелейді.


***


Баянсыз дақпырттан


Баянды еңбек артық.


***


Қауіп елші емес,


Тыныштық – елші.


Тәуіп емші емес,


Еңбек – емші.


***


Өрнексіз текемет болса да,


Еңбексіз керемет болмайды.


***


Кімнің кім екені еңбеккерлігімен есептеледі.


***


Еңбекпен тіл табысқан талант,


Жалынан сипатпайды.


***


Қамау тері алынбаған жүйрік


жарысқа жарамайды.


Таланттың қамау терін жұмыс алады.


***


Таланттың бас бапкері – Еңбек,


Бірақ ел одан қашып жүреді.


***


Көп адам ойды жұмыс деп есептемейді,


Ал ол қара жұмыстан да ауыр.


***


Жалғыздықтың уытын


Жұмыс қана қайырады.


***


Еңбекпен келген ақша еңіреп шығады.


***


Еңбекпен байлық құралмайды.


Бірақ байлықты ұстап тұруға Еңбек керек.


***


Қажудың емі – тыныс,


Қайғының емі – жұмыс.


***


Өз еңбегімен күн көргендер – маймылдар ғана.


Өзгенің еңбегімен күн көргенді қалайтындар – адамдар.


***


Еңбекпен өткен уақыт екі есе қайтады.


***


Бәрі де еңбекпен келмек,


Ұстаздың ұстазы – Еңбек.


***


Ақыл мен Еңбек


Бәрін де жеңбек.


***


Түк тындырмайтын әкімнің


Орынбасары көп болады.


***


Жұмысбасты адамның


Жамандық жасауға уақыты жоқ.


***


Жетімдік – Еңбекке,


Еңбек – кісілікке тәрбиелейді.


***


Еңбеккер адамға сөз тимейді


Көз тиеді.


***


Еңбекті күнкөріс деп қарамай,


Өмірдің өзі деп түсінген жөн.


***


Адам еңбегімен көгереді.


***


Бір-біріне жататұғын жалғасып,


Еңбек деген тіршіліктің дұғасы.


***


Жұмыс қайғыңды ұмыттырады,


Алдыңда үміт тұрады.


***


Бір күн жұмыс істемесең,


Бір күн өмір сүрмедім деп түсін.


***


Еңбектің қадірін ең бірінші білген – мешін.


Кейбіреулер еңбектен ала алмай жүр өшін.


***


Адамды күйіндіретін,


Тіпті киіндіретін де еңбек емес,


Сүйіндіретін Еңбек.


***


Бір тонна еңбек –


Бір мысқал бедел.


***


Еңбексіз келген дәулет есіртеді.


***


Қарыз сұрағанға сұрағанын бер,


Ақыл берме!


***


Пенденің жауы – пенделік,


Сендегі және мендегі.


Байлық та емес, Билік те,


Адамның бағы – Еңбегі.


***


Еңбек! Еңбек! Еңбек!


Еңбеккер саған ғана сенбек.


***


Жұмыс – ауызбен емес,


Қолмен оқылатын дұға.


***


Жұмыс – тер төгу,


Демалу – ойлану.


***


Ащы термен жуылған ақша


Алтынмен бағаланады.


***


Күрек ал да қар күре,


Соның өзі ғанибет!


***


Ақ аязда ағаш жарсаң,


Қыстың өзі жылынып жүре береді.


***


Адам жатудан да жалығады.


Жалықтырмайтын –


Сүйікті жұмысың ғана!


***


Еңбек етуді қойған маймыл


Адам болмайды.


***


Еңбек еткісі келмеген адамның


Ішуден басқа жұмысы жоқ.


***


Ұсақ-түйекпен


Өзі ұсақ адамдар шұғылданады.


***


Шашырама!


Шашырама!


Тұрсаң бір орныңда тұр!


Ұрсаң бір нүктеге ұр!


***


Еңбеккер – қыранның қанаты,


Тұлпардың тұяғы.


Жолбарыстың жүрегі,


Адамның абыройы.


***


Еңбек – жан-жақты,


Сегіз қырлы, бір сырлы емші.


Ең дәмді жеміс, ең қымбат жеміс –


Еңбектің жемісі.


***


Өзін-өзі өлтірудің оңай нұсқасы – Жалқаулық.


***


Көп жеуге болмайды,


Көп ішуге болмайды.


Көп ұйықтауға болмайды,


Көп еңбек етуге болады.


***


Таланттың түбіне


Ойын-сауық жетеді.


***


Ақымақтармен тілдескенше,


Еңбеккермен шүйіркелес.


***


Жұмыстың ең жаманы –


Жұмыс істемеу.


***


Шаруасын тындырған адам


Шалқып сөйлейді.


***


Еңбектің Ері –


Маңдайдың тері.


Қара жұмыс қан таратады.


***


Еңбекақысыз еңбек еткеннен


Адам боп кеткен маймыл ғана.


***


Ең ауыр жұмыс істеген өгіздер


Қамшыдан бас көтермеген.


***


Ісі ұсақтың өзі ұсақ.


***


Жалқаулықпен түңілдірме,


Екі қолға тыным берме.


***


Еңбек әдетке


Ойлану салтқа айналуға тиіс.


***


Ұқыптылық деген ол заң,


Еңбек деген – бальзам.


***


Еңбекпен ғана өмір құлпырады.


Еңбеккердің көзінде нұр тұрады.


***


Еңбек етпеген пенде


Бәрінен де кенде.


***


Ергежейлінің өкшесі биік,


Еңбеккердің еңсесі биік.


***


Қиындықтың қамалын зеңбірекпен алмайды,


Еңбекпен алады.


***


Еңбекпен келген дүниең – өз дүниең.


Өзге желмен келген дүние – өзгенікі.


***


Жер аударған күректің жүзі жайнап тұрады.


***


Еңбек – адамның автопортреті.


***


Адам өзі үшін еңбек етеді,


Елі үшін ерлік жасайды.


***


Құдай көмектескен күннің өзінде


Өзің тер төгуге тиіссің.


***


Абыройға сен қанша еңбек сіңірсең,


Ол да сонша қызмет етеді.


***


Жаратқанның өзі жұмыскер жанды жаратады.


***


Ақылыңа табын,


Екі қолыңа жалбарын,


Құдай береді қалғанын.


***


Шаршаудың өзі рахат, жұмысың бітсе.


Жұмысың бітсе, жұмыстың жемісін күтсең.


***


Байлық баянсыз,


Бақыт баянсыз,


Еңбек қана баянды.


***


Ертеңге сенбе,


Еңбегіңе сен!


***


Жесір мен жетімнің арқа сүйері –


Жұмыс қана!


***


Түсіне қарап түңілме,


Ісіне қарап үміттен!

Телеграм арнаға жазылыңыз
#қадыр #афоризм #еңбек
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматының Бас жоспары аумақтарды кешенді түрде жаңғыртуды көздейді – қала әкімінің орынбасары

Бүгін 12:39

Қазақстан су тапшылығын ЖИ-мен еңсермек: Алматыда DeepBAS жобасы таныстырылды

Бүгін 12:36

Алматы хайуанаттар бағында үш кенгуру төлі дүниеге келді

Бүгін 12:29

Ақ халатты абзал жандарға алғыс: №7 қалалық аурухана дәрігерлері науқас өміріне араша түсті

Бүгін 12:14

Павлодар облысында той үшін қарызға батқан әйел сотқа жүгінді

Бүгін 12:00
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика