Форум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Психологтар күлкі туралы не дейді?

Психологтар күлкі туралы не дейді?

Мұны білген жөн Бүгін 11:23 25
Психологтар күлкі туралы не дейді?
depositphotos.com

Бүгін – Күлкі күні. Бұл – адамдарды бір сәтке болса да уайымнан арылтып, бір-біріне қуаныш сыйлайтын күн. Өйткені күлкі – жай ғана көңіл көтеру емес, ол – адам жанының күйін білдіретін, қоғамдағы өзгерістерді көрсететін терең психологиялық құбылыс. Бүгінгі таңда юмор өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Жалпы, біз неге күлеміз және күлкінің қоғамдағы рөлі қандай, ойланып көрейікші...

Қарап тұрсақ, кейінгі уақытта теледидар мен интернет кеңістігінде юморлық бағдарламалар мен әзілге құрылған бейнекөріністер, пранктар  саны күрт артты. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Қоғамда әлеуметтік, саяси немесе экономикалық қиындықтар көбейген сайын әзіл-оспақ пен әжуа, сықақ та арта түсетіні көзіқарақты жұртқа мәлім.

Психологтердің айтуынша, мұндай жағдайда күлкі – адамдар үшін дағдарысты, ішкі күйзелісті жеңілдетудің бір жолы. Яғни, қоғамдағы шиеленістер көбейген сайын, адамдар соны әзіл арқылы «жұмсартып» қабылдауға тырысады.

Күлкі – агрессияны тікелей көрсетпей, оны қауіпсіз түрде сыртқа шығарудың тәсілі. Адам бойындағы стресс пен ашу-ыза күлкі арқылы азаяды. Бір сөзбен айтқанда, адамдар күліп отырып ішкі «буын» шығарады. Осыдан кейін жеңілдік сезімі пайда болады. Сондықтан күлкінің психологиялық тұрғыда маңызы зор.

Алайда жұрттың барлығы бірдей әзілді ұната бермейді. Юморлық бағдарламалар біреулерді тіпті ашуландыруы мүмкін. Бұл көбіне әзілдің қаншалықты сәтті шыққанына, яғни деңгейіне байланысты.

Қарапайым, үстірт әзілдер (мысалы, біреудің құлап қалғанын әжуалау немесе дөрекі, тұрпайы қалжыңдар) – юмордың ең төмен деңгейі. Ал шынайы әзіл – ой еңбегінің нәтижесі. Ол өмірдегі құбылыстарды терең түсініп, оны әсерлі түрде жеткізуге байланысты. Форма мен мазмұнның үйлесімінен ғана жақсы әзіл туындайды.

Жақсы әзілдей білу – жоғары интеллект пен эмоциялық сезімталдықтың белгісі. Әзілқой адам тек күлдіріп қана қоймай, басқа адамдардың көңіл күйін дәл сезіне алады. Сондықтан тапқыр, орынды әзілдей алатындар қоғамда әрдайым жоғары бағаланады. Бірақ олар көп емес, сол себепті барлық юморлық контенттің сапасы жоғары бола бермейді.

Көптеген ситкомдарда естілетін кадр сыртындағы күлкі кейбір адамдарға ұнамсыз көрінеді. Өйткені ол көрерменге «қай жерде күлу керек» екенін нұсқап тұрғандай әсер қалдырады. Алайда оның да өз қызметі бар. Ол көрерменді эмоциялық тұрғыдан бағыттап, ортақ күлкі атмосферасын қалыптастырады. Бұл жерде арнайы механизм бар: яғни, біреу күлсе, басқалар да соған еріксіз қосылады.

Ортақ күлкі адамдарды жақындастырады. Бірге күлу арқылы адамдар өзара түсіністік табады, өзара жақындықты сезінеді. Сондықтан күлкі –адамдар арасындағы байланысты нығайтатын күш деуге болады.

Ғалымдар күлкіні мидағы «айна нейрондарының» қызметімен байланыстырады. Егер адам біреудің күлгенін көрсе, оның миы да сол әрекетті қайталауға бейім тұрады. Бұл – біздің табиғи психологиялық ерекшелігіміз.

Зерттеулер көрсеткендей, кейбір жануарларда да күлкіге ұқсас реакциялар бар. Мысалы, шимпанзелер ойын кезінде ерекше мимика жасап, оның шынайы агрессия емес екенін білдіреді. Бұл күлкінің өзара қарым-қатынаста маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Кей адамдар үшін әзіл – қоғамда өз орнын табудың құралы. Психологияда бұл «компенсация механизмі» деп аталады. Яғни, адам өзіндегі әлсіз тұсты басқа қабілеті арқылы толықтырады. Соның бірі – адамдарды күлдіре білу. Мұндай адамдар көбіне ортада тез танылып, құрметке ие болады.

Әдетте топ ішінде өзіне сенімді, беделі жоғары адамдар жиі әзілдейді. Өйткені әзіл айту – басқалардың эмоциясына әсер етуге ұмтылу. Ал кей адамдар әзілдеуге батылы жетпейді, себебі ол белгілі бір еркіндік пен сенімділікті талап етеді.

Қорыта айтқанда, күлкі – жай ғана көңіл көтеру құралы емес. Ол — адамның ішкі жан дүниесін жеңілдететін, адамдарды біріктіретін, қоғамдағы байланысты нығайтатын ерекше құбылыс. Күлкі күнінде осының бәрін еске алып, өмірге жеңіл қарап, жақындарымызбен қуанышымызды бөлісу бір ғанибет.

Ең бастысы, күлкінің сапасына мән берген абзал. Себебі шынайы, мағыналы әзіл ғана адамды рухани байытады. Ендеше, күле білгенге, бір-бірімізге жақсы көңіл күй сыйлағанға не жетсін!..

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#күлкі #психолог
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда кенеге қарсы күрес жүріп жатыр: мамандар осы жолы 2,3 мың гектар жерді дәрілеп шықпақшы

Бүгін 12:33

Қазақстанда құстың 20 жаңа түрі табылды

Бүгін 12:18

Алматы қаласының Алмалы ауданында 60 тұрғын үйдің қасбеті жаңарады

Бүгін 12:15

Марқұм Нұрай Серікбайдың ісі: күдікті психикалық емдеу орталығына жатқызылған

Бүгін 12:13

Қазақстанда кейбір кітаптарды сақтағандар жауапқа тартылмақ

Бүгін 12:02
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика