Қазақстанда білім беру жүйесі мен педагогика ғылымы қатар қаралатын маңызды салалардың бірі. Педагогика ғылымының негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру. Сондықтан бұл екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі әлемдегі өзгерістер де, жаңа технологиялардың дамуы да осы салаға тікелей әсер етіп жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
AI ҒЫЛЫМ бағдарламасында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының зерттеушісі, доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Абай Дүйсенбаев осы тақырып төңірегінде пікір білдірді.
Қазақстанның білім беру сапасы қандай?
Асқарбек Құсайыновтың айтуынша, Қазақстан халықаралық білім сапасын анықтайтын зерттеулерге 2009 жылдан бері қатысып келеді. Сол зерттеулердің нәтижесі бойынша еліміздің білім деңгейі көшбасшы мемлекеттерден әлдеқайда төмен. Мемлекет тарапынан түрлі реформалар жүргізіліп, шешімдер қабылданып жатқанымен, білім дәрежесі әлі де айтарлықтай көтерілмей отыр.
Ол білім сапасын арттыру оңай мәселе емес екенін айтты. Қазақстанда миллиондаған оқушы бар, әр баланың сапалы білім алуы үлкен ғылыми мәселе. Бір сыныптағы жиырма бес балаға, бір мектептегі мыңнан аса оқушыға сапалы білім беру үшін жүйелі ғылыми негіз керек. Асқарбек Құсайыновтың пікірінше, білім сапасын ғылыми мәселе ретінде қарап, оны ғылыми негізде шешкен елдер ғана нәтижеге жетіп жатыр.
Бағдарлама барысында мұғалімдердің тестілеуден өте алмауы туралы мәселе де көтерілді. Бұл сұраққа жауап берген Абай Дүйсенбаев мәселені бірден мұғалімдердің білімсіздігімен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, мұғалімдердің кәсіби деңгейін бағалайтын механизмдер әлі де жетілдіруді қажет етеді. Жиырма жыл еңбек өтілі бар ұстаздарды қайта-қайта тексеру тиімсіз.
Ол тест жүйесінің мазмұнын қайта қарау қажет екенін жеткізді. Себебі барлық мұғалімге бірдей талап қою дұрыс емес. Ауыл мен қала мектептерінің жағдайы да әртүрлі. Қазақстан мектептерінің басым бөлігі шағын ауыл мектептері. Сондықтан олардың материалдық-техникалық базасы мен мүмкіндігін ескеру керек.
Абай Дүйсенбаев қазіргі жоғары оқу орындарынан мықты жас педагогтер шығып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жетілдіріп, ауылға баратын мамандарға қосымша қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар ол қазіргі мектепте еңбек етіп жүрген мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын айтты.
Асқарбек Құсайынов педагог мәртебесінің бұрын өте төмен болғанын еске алды. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұғалімдердің жалақысы аз болды. Соның салдарынан мектепті жақсы бітірген оқушылар педагогика мамандығына бармады. Керісінше, орташа оқушылар педагогикалық оқу орындарына түсті.
Профессор бұл жағдайдың салдары әлі күнге дейін байқалатынын айтты. Оның зерттеуі бойынша, Түркістан мен Шымкент өңірлеріндегі мұғалімдердің басым бөлігі жекеменшік оқу орындарын сырттай оқып бітірген. Нәтижесінде мектепте терең білім бере алмайтын кадрлар қалыптасты. Ол мұны «тұйық шеңбер» деп сипаттады.
«Дегенмен, қазір педагогтердің жалақысы өсіп, мамандыққа қойылатын талап күшейе бастады. Педагогикаға түсетін талапкерлердің ҰБТ-да жинау керек шекті балы жоғарылады, енді бұл салаға білімді жастар келе бастады. Бірақ олардың мектепке толыққанды маман болып баруына әлі бірнеше жыл уақыт бар», – деді Асқарбек Құсайынов.
Ол бүгінгі мектептердегі мұғалімдердің кәсіби құзыреті әлі де төмен екенін ашық айтты. Оның пікірінше, кадр мәселесі білім сапасын көтерудегі ең маңызды түйін. Осыған байланысты ол Түркістан облысында арнайы эксперимент жүргізіп, мұғалімдердің деңгейін зерттегенін айтты. Сол кезде мектептегі педагогтердің кәсіби құзыретін көтеру ең үлкен мәселе екенін анық байқаған.
Дамыған елдер мұғалімді қалай дайындайды?
Асқарбек Құсайынов дамыған елдердің тәжірибесіне де тоқталды. Оның айтуынша, әлемдегі дамыған мемлекеттерде мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтерудің төрт негізгі жолы бар. Соның ішіндегі ең тиімдісі –ұстаздардың бір-бірінен үйренуі. Мысалы, жас мұғалімдер тәжірибелі әдіскерлермен бірге сабақ дайындайды. Әдіскер олардың сабағына қатысып, бірнеше жыл бойы бағыт береді. Тек содан кейін ғана мұғалім өз бетінше жұмыс істеуге рұқсат алады.
Профессор Сингапур, Жапония, Корея сияқты елдерде мұғалім мамандығына ерекше талап қойылатынын айтты. Мәселен, Жапония мен Кореяда мектепті ең үздік бітірген оқушылар ғана педагогикаға түсе алады. Ал бастауыш сыныптарда тек магистр дәрежесі бар мамандар сабақ береді.
«Ұстаз болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Мұғалім тек пәнді біліп қана қоймай, жақсы сөйлеуі, өнер мен спорттан да хабары болуы керек. Себебі бастауыш сыныптағы бала ұстазын жақсы көрсе ғана сабақты қызығып оқиды. Оқи алмайтын бала болмайды. Оқыта алмайтын мұғалім болады», – деді ол.
ЖИ мұғалімді алмастыра ала ма?
Бағдарламада жасанды интеллект мәселесі де кеңінен талқыланды. Абай Дүйсенбаевтың айтуынша, ЖИ бүкіл әлемді қамтыған үдеріс және одан оқшауланып қалу мүмкін емес. Қазіргі балалар технология мүмкіндігін мұғалімдерден де жақсы пайдаланады. Мұғалімдердің көпшілігі интерактивті тақтамен, цифрлық технологиялармен жұмыс істеуді меңгеріп алған. Дегенмен, бұрын педагогикаға кездейсоқ келген кейбір мұғалімдер үшін жаңа технологияға бейімделу қиын болып отыр.
Абай Дүйсенбаев жасанды интеллекттің пайдалы тұстарымен қатар қауіптері де бар екенін айтты. Оның сөзінше, студенттер презентацияны бірнеше минутта дайындап, оқушылар үй тапсырмасын ChatGPT арқылы орындап жатыр. Егер балалар барлық тапсырманы AI арқылы орындаса, олардың қиялы, ойлау қабілеті мен талдау деңгейі төмендеп кетуі мүмкін.
Асқарбек Құсайынов та жасанды интеллектіні құрал ретінде қарастыру керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, AI-ды дұрыс пайдаланса пайдасы көп, ал теріс қолданса зиян тигізеді. Мұғалімдер оны сабақты қызықты өткізу үшін қолдана алады. Бірақ бала барлық тапсырманы жасанды интеллект арқылы орындаса, сыни ойлау қабілеті әлсірейді.
Сонымен қатар ол AI ешқашан тәрбие бере алмайтынын айтты. Ұлттық құндылық, рухани тәрбие, адамгершілік сияқты қасиеттерді тек мұғалім ғана қалыптастырады. Сондықтан ұстаздың рөлі ешқашан жойылмайды.
Абай Дүйсенбаев та мұғалімді робот немесе жасанды интеллект алмастыра алмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, технология тапсырманы талдап бергенімен, ұлттық тәрбие мен адами құндылықты түсіндіре алмайды. Ол Францияда мектептерде жасанды интеллект қолдануға шектеу қойылып жатқанын мысалға келтірді. Себебі олар болашақта логикалық және сыни ойлайтын ұрпақ тәрбиелеуді маңызды деп есептейді.
Бағдарламада ҰБТ мәселесі де қозғалды. Асқарбек Құсайынов қазіргі ҰБТ жүйесін бірнеше рет сынға алғанын айтты.
«Күрделі математикалық есепті шығару үшін кемінде он-он бес минут керек. Ал ҰБТ-дағы кей тапсырмалар екі минутқа арналған. Яғни жетінші сыныптың деңгейіндегі тапсырмалар беріледі. Үлкен жоғар оқу орнына түсетін, болашақ маман иесі боламын деген талапкер, жетінші сынып деңгейінде тапсырма орындайды », – деді профессор.
Білім жүйесіне қандай өзгеріс керек?
Абай Дүйсенбаев қазіргі білім беру жүйесі өтпелі кезеңде тұрғанын айтты. Оның пікірінше, мектеп бағдарламасындағы пән саны тым көп. Ол болашақта пәндерді қысқарту қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарды бөлек оқыту, мұғалімдердің жалақысын көтеру, педагогтердің зейнет жасын еңбек өтіліне қарай қайта қарау қажет екенін ұсынды.
Ол педагог дайындайтын жоғары оқу орындарына талап күшейту керек деп есептейді. Сонымен бірге медиа педагогика, цифрлық дидактика, жасанды интеллектке негізделген педагогика бағытындағы оқулықтарды көбейтіп, ғылыми зерттеу орталықтарын қаржыландыру қажет екенін жеткізді.
Бағдарлама соңында Асқарбек Құсайынов Қазақстанда орта білім беру сапасын көтерудің ғылыми-практикалық негізі жасалуы керек деген ұсынысын жеткізді. Оның пікірінше, білім сапасын арттыру үшін ең алдымен кадр мәселесіне, мұғалімнің кәсіби деңгейіне және тәрбие мәселесіне ерекше назар аудару қажет.
Автор: Жадыра Әділбекқызы