16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana LRT жұмысын іске қост, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы қоғамдық көлікке, соның ішінде LRT жүйесіне мониторинг жүргізіп, жұмысын реттейтін Бірыңғай диспетчерлік орталықтың қызметімен танысты.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, LRT жүйесін іске қосу аясында жеңіл рельсті көліктің арнаулы диспетчерлік қызметі жасақталған.
Қаладағы қоғамдық көлікке мониторинг жүргізу және оның қызметін реттеумен 21 маман айналысады.
LRT жүйесінің әр құрамы 600-ден астам жолаушы тасымалдауға арналған. Ұзындығы 22,4 шақырым болатын желі арқылы 15 құрам жүргізушісіз жүреді (4 құрам резервте).
Басқару, жылдамдықты арттыру және тежеу, есікті ашу үдерістері, сондай-ақ, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер толығымен автоматтандырылған. Қосымша бақылау үшін қолмен басқару және диспетчермен байланысқа шығу мүмкіндігі қарастырылған.
LRT инфрақұрылымында 18 станция мен заманауи депо бар. Бағыт бойынша жолдың ұзақтығы - шамамен 40 минут. Құрамдар сағатына 50-60 шақырым орташа жылдамдықпен 5-6 минут сайын жүреді.
Мемлекет басшысы жеңіл рельсті көліктің пайдалануға берілуі Астана мен еліміз үшін ерекше маңызды оқиға екенін атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев елорда келешекте Еуразияның көлік хабына айналуға тиіс екенін айтты.
Қоғамдық көлікті одан әрі дамыту мақсатында LRT жобасының екінші кезегі іске асырыла бастады.
Атап айтқанда, "Астана-1" вокзалы, "Жағалау" шағынауданы, Қосшы қаласы бағыты бойынша жаңа желінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. 20 станциядан тұратын екінші кезеңнің жалпы ұзындығы 26,5 шақырым болмақ.
Ақорданың баспасөз қызметі ұсынған сурет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын жүргізіп жатқан қытайлық компания өкілдері мен CTS Transportation, Astana LRT жұмысшыларына сәттілік тілеп, жобаны одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Ақорданың баспасөз қызметі ұсынған сурет
Астана LRT-ның іске қосылуы
CTS компаниясы бұған дейін журналистерге жеңіл рельсті көлік жүйесінің алғашқы жолаушылары осы аптада, яғни 16–17 мамырда пайдалана алатынын хабарлаған.
Жалпы Astana LRT желісінде 18 станция болады. Бағыттар қаланың негізгі орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтеді. Кейбір станциялардың атауы пайда болған. Сондай-ақ, пойыздардың қозғалыс сызбасы да жарияланды.
Астана LRT қозғалыс схемасы