Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғарғы жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды.
Басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері.
Спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдірілді. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді.
Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа: жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарттары» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай даярлау стандарты әзірленеді.
Уәкілетті органға допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттілігі беріледі.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.