Жуырда Президент Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Соған қатысты үн қосқандардың бірінің пікірін Almaty-akshamy.kz Assembly.kz-ке сілтеме жасап ұсынады.
1 қыркүйек «Білім күні» мерекесімен қатар еліміздің тарихында, жаңа бір саяси ахуал орын алып отырғаны баршамызға аян. Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел президентінің жолдауы 2020-2021 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі, әрбір азаматының ерекше назарын аударды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Сондай-ақ әлем пандемияны толық жеңуі үшін кем дегенде 2 жыл мерзім уақыт керек екенін, ал қазіргі таңдағы пандемия алып келген экономикалық-әлеуметтік дағдарысты қалыпқа түсіруге 5 жыл уақыт кететіні де айтылды. Бүгінгі ел Президентінің жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей.
Ел Президенті өз жолдауында, қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласындағы еңбек етіп жүрген ғалымдардың, қала берді мемлекеттік басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті. Әсіресе соңғы уақыт көлемінде денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбегінің бағалануы керектін, әлеуметтік көмектің тағайындалуын тапсырды. Себебі пандемия уақытында алдыңғы шепте ауыр дертпен күрескен ақ халатты абзал жандар екені баршамызға белгілі. Қандай заман, қай қоғам болмасын білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Қазіргі қоғам білімді жастардың қоғамы. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен білім саласында болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтар менің жаныма жақын. Ел дамуындағы барлық маңызды деген мәселелерді атап айтып, шешу жолдарын ұсына келе, ел президенті өз жолдауындағы бесінші мәселе ретінде білім беру саласына тоқталып өтті. Әлем елдеріндегі пандемиялық жағдайларды ескере, еліміздегі карантиндік жағдайды қатаң сақтай отырып, білім беру саласының қашықтықтан ұйымдастырылып отырғанын, сондай-ақ қашықтықтан білім беру жүйесінің әдеттегі дәстүрлі сабаққа жетпейтініне тоқталды. Дәстүрлі жүйе бойынша білім алуға барша жағдай жасауды тапсырып отыр. Әрбір оқушы мен ұстаздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолын ескере отырып, дәстүрлі жүйеде білім беруге дайындық жұмыстарын жүргізуді де атап айтты. Қашықтықтан білім беру жүйесінде де барынша дамытылған онлайн білім беру платформаның дайындалу керек екенін тілге тиек етті. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды.
Сонымен қатар Президентіміз жылдағы жолдауында атап айтатын тағы бір мәселе ұстаздардың еңбекақысы жайлы болды. Алдағы қаңтар айында ел ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Мен еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш жігерімізді сала отырып, еңбек ету біздің басты парызымыз санаймын. Ел президенті өз жолдауының түйіні ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген даналық сөзімен бекітті. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетіні ашық жеткізді. Ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.